15 Сәуір, 2011

Қамданған қапы қалмайды

372 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан аумағында қауіпті экзогендік процестер – сел ағындары, қар көшкіндері және лай көшкіндері болу мүмкін­дік­тері бар. Олардың туындауы төтен­ше жағдайларға, яғни ай­тарлықтай материалдық, әлеу­меттік және экологиялық шығын­дарға, тіпті адам өліміне әкеледі. Сел, су тасқыны, лай және қар көшкіні секілді апатты құбылыс­тардың 27 қала мен 400 елді мекендерге, жалпы саны 6 миллионнан астам тұрғындарға бүлін­шілік әкелу қаупі бар. Өндіріс әлеуетінің де 40 пайызы осында орналасқан. Сондықтан инженерлік қорғау проблемалары мемлекеттік маңызға ие. Селден, қар және лай көш­кінінен қорғау проблемалары Қа­зақ­станның таулы және тау етегіндегі аймақтарын игерумен бір мезгілде пайда болды. Бүгінгі күні республикада 84 қорғау құ­рылысы тұрғызылып, пайда­ла­нуға берілген, олардың қатарын­да 21 селге қарсы бөгет, 59 желілік құрылғылары (тұрақтандыру арнасы, жағаны бекіту, каналдар, науалар, дамбылар, төмен қы­сым­­ды бөгеттер және Астана қа­ласын Есіл өзенінің су тасқы­нынан қорғау кешені) бар. Көшкінге қарсы 3 кешенге 2 100 қар ұстағыш  қалқан қойылды. Көшкін қаупі бар учаскелерде (негізінен «Медеу-Шымбұлақ» автожолы бойы) көшкінге қарсы ошақтық құрылғылар орна­тылды. Соңғы он жылдары «Қаз­селденқорғау» ММ Қарғалы өзенінде селге қарсы құрылғы құрылысы аяқталды. Төменгі Көлсай өзенінде автоматты су тастау құрылғысы және селді тоқтататын Талғар бөгеттері салынды. 2006-2010 жылдар аралығындағы Астана қаласын Есіл өзенінің су тасқынынан қорғау кешені салынды және пайдалануға берілді. Аталмыш  кешен Астана қаласының бола­шақтағы және қазіргі бар құ­рылысын Есіл өзенінің жоғарғы суларынан және басқа да төтенше жағдайлардан қорғауға арналған. Ұзындығы 31 километр қорғаныш дамбысы салынды. 2010 жылдың көктемінде қор­ғаныш құрылғы 30,0 млн. текше метрден астам тасқын суды жинауға мүмкіндік берді. Соңғы жылдары Сырдария өзені бассейнінде судың көбейе түсуі байқалуда. Сырдария өзені арнасы режімінің күрт өзгеруі көршілес мемле­кет­тердің эко­номикасының ирри­га­циялық режімінен энергети­калық режімге ауысуына бай­ланысты орын алды, сөйтіп, Қазақстан аума­ғымен өзен арнасы бойынша ағатын қысқы су көлемі орта есеппен 2,5 есе көбейді. Қазақстанның оңтүстік айма­ғының су тасқыны қауіпсіздігі мәселелерін шешу үшін 2008 жылдың көктемінде Мемлекет басшысы Үкіметке Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сыр­дария өзенінде Көксарай су реттегішін салуды бастау туралы тапсырма берген болатын. 2010 жылдың 18 наурызында Президент Н.Назарбаевтың қаты­суымен Оңтүстік Қазақстан облысының Сырдария өзенін­дегі су тасқынына қарсы Көк­сарай су реттегішінің бірінші іске қосқыш кешені ашылды, ол 910,0 млн. текше метрден астам тасқын суды шоғырландыруға мүмкіндік берді. Су реттегіш құрылысын ағымдағы жылдың соңына дейін толықтай аяқтау жоспар­ланып отыр. Атап өтетін жәйт, республи­каның таулы аумағындағы селге қауіпті аудандарды қар­қынды игеру, ұлттық саябақ­тарды, де­малыс орындарын салып, инфра­құрылымдарды құру та­би­ғи тәуекелдер дә­ре­жесін арттыра түсуде. Сон­дық­тан табиғи қауіпті құбылыс­тардың ықпалынан халықты, шаруа­шылық нысандарын кепілді қорғауды қамтамасыз ету мақса­тында еліміздің таулы аймақ­тарындағы селге қауіпті учаскелерде қорғаныш құры­лыс­тарын салуды жалғастыру қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі болашақта Қорғас өзе­нінде, Беделбай және Батарейка өзендерінде, Үлкен Алматы өзенінің жоғарғы, Аюсай өзе­нінің төменгі бөлігінде, Ал­маты облысындағы Есік өзені­нің шеткі учаскесінде, Шығыс Қазақстан облы­сын­да­ғы Са­рымсақты өзенінде қор­ғау құрылыстарын салу бо­йынша инвестициялық жо­ба­ларды іске асыруды жоспарлап отыр. С.АЛМАСОВ.