15 Сәуір, 2011

«Қазанат» қауыммен қайта қауышты

611 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астана қаласындағы ҚР Ұлт­тық академиялық кітапханасында «Қазанат» кітабының тұсаукесері өтті. Белгілі атбегі Кеңес Рақышев пен Сәдібек Түгелдің үшінші мәрте басылып шыққан бұл ең­бегі – бүгінде қазақ атбегілерінің қолынан түспейтін қымбат құнды энциклопедияға айналып үлгер­ген. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген энци­клопедия бес бөлімнен тұрады. «Табиғаттың құн жетпес асылы» атты бірінші бөлімде әлемдегі жылқылардың шығу тегі, тарихы, таралуы және өсіп-өнуі жайлы қызықты деректер қамтылса, ек­ін­ші бөлім «Көне заман күмбірі немесе жылқы жайындағы қиял-ғажайып аңыздар мен тарихи жазбалар» – деп аталады. Мұнда көшпенді қазақ халқының мінсе көлігі, адал серігі болған жылқы жайындағы аңыз-әңгімелер жи­нақ­талған. Тұлпарлардың бөлек­ше тұлғасы мен әрбір мүшесіне дейін ғылыми зерттеу жасалған келесі бөлім «Жылқының био­ло­гиялық ерекшелігі» деп аталған. Сәйгүліктердің түрі мен өңірлік ерекшелігі «Жылқы тұқымы» бө­лімінде қамтылса, ең соңғы бөлім «Қазақстандағы жылқы шаруа­шы­лығы және ат спортына» арналған. Әлемде 200-ден астам жыл­қының түрі болса, оның 20-дан астамы біздің елде өсіріледі екен. 1916 жылы 4 млн. 640 мың, тә­­у­ел­сіздік алған 1990 жылы 1 млн. 700 мың шамасындағы жыл­қы малы бүгінгі таңда шамамен 1 млн. 300 мың басқа жеткен, оның 85 па­йы­зы жекешенің үлесіне тиесілі кө­рінеді. Бір айта кететін жәйт, соң­ғы 20 жыл ішінде Сәдібек Түгел­дің басшылығымен және қаты­суы­мен республика кө­лемінде ұлттық спорт түрлерінен 2357 жарыстар мен мәдени іс-шаралар өтіпті. «Құлагер» ескерткіші де осы С.Түгелдің баста­машылығымен қа­зақ жерінде бой көтерді. Жылқы шаруашылығын ө­р­кендету, оны халық игілігіне жарату арқылы жас жеткіншектерді ерлікке, ептілікке баулуды мақсат тұтып, қазанат әлеміне саяхат жасаған бұл кітап 2006 жылы алғаш рет оқырманмен жүздессе, 2008 жылы екінші мәрте басылып шыққан болатын. Ал бұл жолы тағылымды туындыға 2500 жыл­дық тарихы бар айғырлардың суретімен қоса 323 тың фотолармен толықтырылған. Сондай-ақ, осы тұсаукесер тұ­сында осы кітаптың атымен ата­латын «Қазанат» этнографиялық-фольклорлық ансамблі де өнер көрсетті. Кеш соңында «Қазанатпен» қо­са автор Сәдібек Түгелдің бас­қа да еңбектері Ұлттық академия­лық кі­тапханаға сыйға тартылса, қонақ­тардың қоржыны да бос қайтпады. Майгүл СҰЛТАНҚЫЗЫ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4 курс студенті.