Бұған дейін хабарланғанындай, кеше елімізге өзінің алғашқы ресми сапарымен Үндістан Республикасының Премьер-министрі Манмохан Сингх келген болатын. Бүгін Қазақстан басшылығы Үндістан Үкіметі төрағасымен кездесулер өткізіп, келіссөздер жүргізеді деп күтілуде.
Әлемде өзіндік алар орны бар, соңғы жылдары экономикасы серпінді дамып келе жатқан ел біздің Отанымызбен ынтымақтастық қарым-қатынасты дамытуға үлкен маңыз беріп қана қоймай, зор қызығушылық танытып отыр. Мұны үнді жағының басылым журналисін ел астанасы – Дели қаласына шақырып, Премьер-министр Манмохан Сингхпен сұхбат алуға жағдай жасағаны, жауапты министрліктер басшыларымен бірқатар кездесулер ұйымдастырғаны айғақтай түседі. Ал мұндай байланыстан Қазақстан жағының да тек ұтысқа шығатыны түсінікті болса керек. Демек, бұл сапарға екі жақтың да жоғары дайындықпен келгені байқалады.
* * *
– Премьер-министр мырза, Үндістан мен Қазақстан арасындағы саяси және стратегиялық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы және келешегі қандай деп ойлайсыз?
– Үндістан мен Қазақстан арасындағы қатынастардың тарихы сонау есте жоқ ескі замандардан бастау алады және қазіргі кезде татулықпен және достықпен ерекшеленеді. Сауда және мәдени байланыстардың арқасында Ұлы Жібек жолы біздің халықтарымыздың бірлігін нығайтты. Елдеріміз көп ұлтты және түрлі мәдениет өкілдерінен құралған, оларға шығыс мәдениетінің құндылықтары, салт-дәстүрлері және тіпті тағамдары ортақ. Сондықтан біз екі елді тамыры бір дос елдер санаймыз және ізгі ниет пен өзара сыйласудың орасан зор қазынасынан шабыт аламыз. Үндістан Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған және тығыз дипломатиялық қатынастар орнатқан әлемдегі алғашқы елдердің бірі болды. Содан бері біздің саяси, экономикалық, сауда және жеке тұлғалар арасындағы байланыс біртіндеп тығыз стратегиялық серіктестікке ұласты.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылдың қаңтарындағы Республика күнін тойлаудың басты қонағы ретінде Үндістанға сапары барысында стратегиялық серіктестік жөнінде ортақ декларация қабылданды және осы құжат біздің Қазақстанмен екі жақты ынтымақтастығымызды нығайту үшін басшылыққа алынып келеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары біздің барлық деңгейдегі қатынастарымызға зор күш-жігер берді. Ынтымақтастықты нығайтуға жағдай жасау үшін екі ел арасында делегациялардың қарқынды алмасуы жүрді. Соңғы жылдар ішінде мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен түрлі іс-шаралар кезінде екі рет кездестім, ал өткен жылы Үндістанның Сыртқы істер министрі екі ел өзара қызығушылық танытатын экономиканың барлық стратегиялық секторларында ынтымақтастығымызды дамыту жөнінде жоспар құру үшін Астанада болды. Қазақстан басшысымен бірге біз екі жақты ынтымақтастықтың жай-күйін бағамдап, келешекте екі жақты байланыстарды дамыту жоспарын талқылайтын боламыз.
Біздің өңірлік және жаһандық мәселелерге көзқарастарымыз ұқсас және біз халықаралық форумдарда бір-біріміздің бастамаларымызға қолдау көрсетіп келеміз, сонымен бірге, көптеген халықаралық ұйымдардың эгидасымен ынтымақтасып жұмыс істеудеміз. Солардың ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы бар.
– Сіздің ойыңызша, Үндістанның Қазақстанға экспортын көбейту үшін және екі жақты сауданы әртараптандыру үшін не істеу керек?
– Үндістан мен Қазақстан экономикалары тез дамып келе жатқан елдер болып табылады. Үндістанның орташа өрлеу қарқыны тіпті жаһандық рецессия кезінде 8% құрады, ал Қазақстан әлемдік экономикалық дағдарыстан табыспен шыға алды және тұрақты экономикалық өрлеу жолына аяқ басты. Біздің елдеріміздің арасындағы екі жақты сауда көлемі қазіргі кезде шамамен 300 миллион долларды құрайды, бұл біздің әлеуетті деңгейімізден әлдеқайда төмен, сондықтан оны кеңейтуге зор мүмкіндік бар.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуім барысында біздің экономикалық ынтымақтастығымызды белсенді ете түсудің қажеттілігін талқылауға ниет етіп отырмын. Маған Қазақстанның өндірісті дамыту және инновациялар бойынша бағдарламаны іске қосқаны белгілі, сондықтан Үндістан екі елдің пайдасы үшін оған қатысуға және өзінің техникалық әуелетімен бөлісуге дайын. Үндістан мен Қазақстан ортақ жобаларды іске асыру үшін өз күштерін біріктіре алады. Біз экономиканың энергетика, ғарыш, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, денсаулық сақтау және фармацевтика сияқты секторларында екі елдің экономикалық қатынастарын кеңейтуге зор қызығушылық танытып отырмыз.
Өкінішке қарай, екі жақты сауда-саттық көлемі біз күткен деңгейге жете алмай келеді. Мұның негізгі себебі – құрлықпен тікелей қатынастың болмауы. «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі жобасын жүзеге асыру екі ел арасында тауарлар алмасудың тез және арзан жолдарының бірі болады.
– Азиядағы дамушы елдерде қуаттың балама көздерінің және атом қуатының импортқа тәуелділігін азайту мақсатында және тез өркендеп келе жатқан елдердің мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін маңызы зор екендігі туралы мәселелер белсенді талқылануда. Жапонияда орын алған қайғылы жағдайды ескере отырып, осы салаларды дамытудың келешегі қандай? Мұнай кеніштерін іздеу және әзірлеу бойынша Астана мен Дели арасындағы болашақ ынтымақтастықтың үлгісі туралы не айтар едіңіз?
– Дәстүрлі қуат көздерінің қоршаған ортаға әсері және оның мөлшерінің шектеулі болуы бізді аса қажет болып табылатын балама қуат көздерін іздеуге ынталандырады. Үндістан әлемдегі ірі қуат тұтынушылардың бірі болғандықтан, балама қуат көздерін, соның ішінде күн және жел қуатын дамыту бойынша жұмыс істеуде.
Біздің қуатқа деген болашақ мұқтаждығымызды қанағаттандыру үшін атом қуаты ұлттық стратегиямыздың энергетикалық құрылымының маңызды бөлігі болады деп санаймыз. Біз Жапониядағы қайғылы жағдайды ескеріп, атом стансаларымыздағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасалатын барлық сақтық шараларын мұқият қайта қарап шықтық. Атом қуатын бейбіт қолдану саласында Қазақстанмен ұзақ ынтымақтастық жасауға қуана келісеміз.
Мұнай-газ секторы – бұл біздің ынтымақтастығымыздағы стратегиялық маңызы зор секторлардың бірі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылдың қаңтарындағы Үндістанға сапары барысында «ҚазМұнайГаз» компаниясы «Сәтбаев» мұнайлы учаскесін игеру жобасы бойынша акцияларының 25%-ын біздің мемлекеттік мұнай компанияларымыздың бірі «ONGC Videsh Limited» компаниясына беру жөніндегі келісім-шартқа қол қойды. Осы келісім-шарттың қаржылық мәселелерін орындау жөніндегі келіссөздер еш қиындықсыз өтті және біз менің Астанаға сапарым барысында түсінушілікке қол жеткіземіз деп үміттенеміз. Сонымен бірге, біз мұнай өңдеу зауыттарының құрылысы саласында, сондай-ақ мұнайды барлау, өндіру, өңдеу және мұнай өнімдерін тасымалдау мен өткізу сияқты энергетика секторындағы басқа да жобаларды әзірлеу бойынша Қазақстанмен ынтымақтастық жасағымыз келеді.
– Премьер-министр мырза, ғылым, алдыңғы қатарлы технологиялар, нанотехнологиялар және ғарыш сияқты салаларда екі жақты ынтымақтастықтың келешегі қандай деп ойлайсыз?
– Жоғары технологиялар саласында Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастықтың келешегі зор деп санауға болады. Еліміздің ғылым саласында жоғары білікті мамандар жеткілікті және ол биотехнологиялар, нанотехнологиялар және ғарыш сияқты алдыңғы қатарлы технологиялар саласында жетекші орынға ие. Біз коммуникациялық жер серіктерін және алыстан тексеру жүргізетін жер серіктерін жасап шығарып, іске қосудамыз және бұл бағыттағы табысымыз да айтарлықтай. Үндістан мен Қазақстан осы салаларда бірлесіп жұмыс істей алады, ал біздің ел өз тәжірибесімен бөлісуге әрқашан дайын.
Екі ел алдыңғы қатарлы технологиялар саласында бірлесіп зерттеу жүргізіп, осы салаларда ортақ жобаларды жүзеге асыру жолдарын іздей алар еді. Коммуникация және ақпараттық технологиялар саласында жоғары дәрежелі мәліметтерді өңдеу жүйелерін зерттеуде және Қазақстанда мамандарды алдыңғы қатарлы компьютерлік технологияларға даярлауда және оқытуда бірлесіп жұмыс істей аламыз. Сонымен бірге, біз Қазақстанмен бағдарламалық қамтудың тұғырнамаларын жасауда ынтымақтастық жасауға қуана келісеміз.
– Сіз Президент Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтадыңыз және елге бейбітшілік пен өркендеу тіледіңіз. Қалай ойлайсыз, алдағы бес жылда Қазақстан-Үндістан қатынастарының даму барысы қандай болмақ?
– Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтадым және Қазақстанның өзінің дана және көреген Президентінің басқаруымен табысты дамуын жалғастыратындығына сенімдімін. Бұл – менің Қазақстанға Үндістанның Премьер-министрі қызметіндегі бірінші сапарым. Бұл сапар біздің Қазақстанмен қатынастарымыздың маңыздылығын және осы қатынастардың Орталық Азиядағы және оның шегінен тыс аймақтардағы оң рөлін көрсетеді.
Мен келесі бес жылда Қазақстан-Үндістан қатынастары қарқынды дамиды деп сенемін. Сонымен бірге, Астанаға сапарым кезінде әзірлеген «Жол картасы» екі ел халықтарына қызмет ететін шынайы және ұзақ мерзімді серіктестік құруға мүмкіндік береді деп үміттенемін.
– Әңгімеңізге рахмет. Астанаға сапарыңыз сәтті болсын.
Әңгімелескен Самат МҰСА.
Астана – Дели – Астана.