16 Сәуір, 2011

Үндістан Республикасының Премьер-министрі Манмохан СИНГХ: Қазақстан – үндістан қатынастары қарқынды дамиды деп сенемін

566 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Бұған дейін хабарланға­нын­дай, кеше елімізге өзінің алғашқы ресми сапарымен Үндістан Республикасының Премьер-министрі Манмохан Сингх келген болатын. Бүгін Қазақстан басшылығы Үн­діс­тан Үкіметі төрағасымен кез­десулер өткізіп, келіс­сөз­дер жүргізеді деп күтілуде. Әлемде өзіндік алар орны бар, соңғы жылдары эконо­ми­касы серпінді дамып келе жатқан ел біздің Ота­ны­мыз­бен ынтымақтастық қарым-қатынасты дамытуға үлкен маңыз беріп қана қоймай, зор қызығушылық танытып отыр. Мұны үнді жағының басы­лым журналисін ел астанасы – Дели қаласына шақырып, Премьер-министр Манмохан Сингхпен сұхбат алуға жағдай жасағаны, жауапты министрліктер басшыларымен бірқатар кездесулер ұйымдас­тыр­ғаны айғақтай түседі. Ал мұндай байланыстан Қазақстан жағының да тек ұтысқа шығатыны түсінікті болса керек. Демек, бұл сапарға екі жақтың да жоғары дайындықпен келгені байқалады. * * * – Премьер-министр мырза, Үнді­стан мен Қазақстан арасындағы саяси және стратегиялық ынтымақтас­тық­тың қазіргі жағдайы және келешегі қандай деп ойлайсыз? – Үндістан мен Қазақстан арасындағы қатынастардың тарихы сонау есте жоқ ескі замандардан бастау алады және қазіргі кезде татулықпен және достықпен ерекшеленеді. Сауда және мәдени бай­ла­ныстардың арқасында Ұлы Жібек жолы біздің халықтарымыздың бірлігін ны­ғайт­ты. Елдеріміз көп ұлтты және түрлі мәде­ниет өкілдерінен құралған, оларға шы­ғыс мәдениетінің құндылықтары, салт-дәс­түрлері және тіпті тағамдары ортақ. Сон­дықтан біз екі елді тамыры бір дос елдер санаймыз және ізгі ниет пен өзара сый­ласудың орасан зор қазынасынан шабыт аламыз. Үндістан Қазақстанның тәуел­сіз­дігін мойындаған және тығыз дип­ло­матиялық қатынастар орнатқан әлемдегі алғашқы елдердің бірі болды. Содан бері біздің саяси, экономикалық, сауда және жеке тұлғалар арасындағы байланыс біртіндеп тығыз стратегиялық серіктестікке ұласты. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылдың қаңтарындағы Республика күнін тойлаудың басты қонағы ретінде Үндістанға сапары барысында стратегия­лық серіктестік жөнінде ортақ декларация қабылданды және осы құжат біздің Қа­зақстанмен екі жақты ынты­мақтас­ты­ғы­мызды нығайту үшін басшылыққа алынып келеді. Президент Нұрсұлтан На­зарбаевтың сапары біздің барлық деңгей­дегі қатынастарымызға зор күш-жігер бер­ді. Ынтымақтастықты нығайтуға жағ­дай жасау үшін екі ел арасында деле­га­циялардың қарқынды алмасуы жүрді. Соң­ғы жылдар ішінде мен Президент Нұр­сұлтан Назарбаевпен түрлі іс-шара­лар кезінде екі рет кездестім, ал өткен жылы Үндістанның Сыртқы істер министрі екі ел өзара қызығушылық таныта­тын экономиканың барлық стратегиялық секторларында ынтымақтастығымызды дамыту жөнінде жоспар құру үшін Астанада болды. Қазақстан басшысымен бірге біз екі жақты ынтымақтастықтың жай-күйін бағамдап, келешекте екі жақты байланыстарды дамыту жоспарын талқы­лайтын боламыз. Біздің өңірлік және жаһандық мәселе­лерге көзқарастарымыз ұқсас және біз халықаралық форумдарда бір-біріміздің бастамаларымызға қолдау көрсетіп келеміз, сонымен бірге, көптеген халықара­лық ұйымдардың эгидасымен ынтымақ­та­сып жұмыс істеудеміз. Солардың ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, сондай-ақ Шанхай ынты­мақтастық ұйымы бар. – Сіздің ойыңызша, Үндістанның Қазақстанға экспортын көбейту үшін және екі жақты сауданы әртарап­тан­дыру үшін не істеу керек? – Үндістан мен Қазақстан эконо­ми­ка­лары тез дамып келе жатқан елдер бо­лып та­былады. Үндістанның орташа өрлеу қарқыны тіпті жа­һан­дық рецессия кезінде 8% құрады, ал Қазақстан әлем­дік экономикалық дағ­дарыс­тан табыспен шыға алды және тұрақты экономикалық өрлеу жолына аяқ басты. Біздің елдеріміздің ара­сындағы екі жақты сауда көлемі қазіргі кез­де шамамен 300 миллион долларды құ­райды, бұл біздің әлеуетті деңгейімізден әлдеқайда төмен, сондықтан оны кеңейтуге зор мүмкіндік бар. Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кез­десуім барысында біздің экономикалық ынтымақтастығымызды белсенді ете түсу­дің қажеттілігін талқылауға ниет етіп отыр­мын. Маған Қазақстанның өндірісті дамыту және инновациялар бойынша ба­ғ­дар­ламаны іске қосқаны белгілі, сон­дық­тан Үндістан екі елдің пайдасы үшін оған қатысуға және өзінің техникалық әуе­летімен бөлісуге дайын. Үндістан мен Қазақстан ортақ жобаларды іске асыру үшін өз күштерін біріктіре алады. Біз эко­но­миканың энергетика, ғарыш, ауыл ша­руа­шылығы, ақпараттық технология, ден­саулық сақтау және фармацевтика сияқты секторларында екі елдің экономикалық қатынастарын кеңейтуге зор қызығушылық танытып отырмыз. Өкінішке қарай, екі жақты сауда-саттық көлемі біз күткен деңгейге жете алмай келеді. Мұның негізгі себебі – құрлықпен тікелей қатынастың болмауы. «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі жоба­сын жүзеге асыру екі ел арасында тауарлар алмасудың тез және арзан жолдарының бірі болады. – Азиядағы дамушы елдерде қуаттың балама көздерінің және атом қуатының импортқа тәуелділігін азайту мақса­тын­да және тез өркендеп келе жатқан ел­дердің мұқтаждықтарын қанағаттан­дыру үшін маңызы зор екендігі туралы мәселелер белсенді талқылануда. Жапонияда орын алған қайғылы жағдайды ескере отырып, осы салаларды дамыту­дың келешегі қандай? Мұнай кеніштерін іздеу және әзірлеу бойынша Астана мен Дели арасындағы болашақ ынты­мақтастықтың үлгісі туралы не айтар едіңіз? – Дәстүрлі қуат көздерінің қоршаған ортаға әсері және оның мөлшерінің шектеулі болуы бізді аса қажет болып табылатын балама қуат көздерін іздеуге ынталан­дыра­ды. Үндістан әлемдегі ірі қуат тұтыну­шылардың бірі болғандықтан, балама қуат көздерін, соның ішінде күн және жел қуатын дамыту бойынша жұмыс істеуде. Біздің қуатқа деген болашақ мұқтаж­ды­ғымызды қанағаттандыру үшін атом қуаты ұлттық стратегиямыздың энергетикалық құ­рылымының маңызды бөлігі болады деп санаймыз. Біз Жапониядағы қайғылы жағ­дай­ды ескеріп, атом стансаларымыздағы қауіп­сіздікті қамтамасыз ету үшін жаса­ла­тын барлық сақтық шараларын мұқият қайта қарап шықтық. Атом қуатын бейбіт қолдану саласында Қазақстанмен ұзақ ынтымақтастық жасауға қуана келісеміз. Мұнай-газ секторы – бұл біздің ынты­мақтастығымыздағы стратегиялық маңызы зор секторлардың бірі. Президент Нұр­сұл­тан Назарбаевтың 2009 жылдың қаң­тарын­дағы Үндістанға сапары барысында «Қаз­МұнайГаз» компаниясы «Сәтбаев» мұнай­лы учаскесін игеру жобасы бойынша акцияларының 25%-ын біздің мемлекеттік мұнай компанияларымыздың бірі «ONGC Videsh Limited» компаниясына беру жөнін­дегі келісім-шартқа қол қой­ды. Осы келі­сім-шарттың қаржылық мә­се­лелерін орын­дау жөніндегі келіссөздер еш қиындықсыз өтті және біз менің Ас­танаға сапарым барысында түсіну­шілікке қол жеткіземіз деп үміттенеміз. Сонымен бірге, біз мұнай өңдеу зауыттарының құ­ры­лысы саласында, сондай-ақ мұнайды барлау, өндіру, өңдеу және мұнай өнім­дерін тасымалдау мен өткізу сияқты энергетика секторындағы басқа да жоба­ла­рды әзірлеу бо­йынша Қазақ­станмен ынты­мақтастық жаса­ғы­мыз келеді. – Премьер-министр мырза, ғылым, алдыңғы қатарлы технологиялар, нанотехнологиялар және ғарыш сияқты салаларда екі жақты ынтымақ­тас­тық­тың келешегі қандай деп ойлайсыз? – Жоғары технологиялар саласында Қазақстан мен Үнді­стан арасындағы ын­тымақтас­тықтың келешегі зор деп санауға болады. Еліміздің ғылым сала­сында жоғары білікті мамандар жеткілікті және ол биотехнологиялар, нанотехнологиялар және ғарыш сияқты алдыңғы қатарлы технологиялар саласында жетекші орынға ие. Біз коммуникация­лық жер серіктерін және алыс­тан тексеру жүргі­зе­тін жер серіктерін жасап шыға­рып, іске қосудамыз және бұл бағыттағы табысы­мыз да айтарлықтай. Үндістан мен Қа­зақ­стан осы салаларда бірлесіп жұмыс істей алады, ал біздің ел өз тәжірибесімен бөлісуге әрқашан дайын. Екі ел алдыңғы қатарлы технологиялар саласында бірлесіп зерттеу жүргізіп, осы салаларда ортақ жобаларды жүзеге асыру жолдарын іздей алар еді. Коммуникация және ақпараттық технологиялар саласында жоғары дәрежелі мәліметтерді өңдеу жүйе­лерін зерттеуде және Қазақ­стан­да маман­дар­ды алдыңғы қатарлы компьютерлік технологияларға даярлауда және оқытуда бірлесіп жұмыс істей ала­мыз. Сонымен бірге, біз Қазақстанмен бағ­дарламалық қам­тудың тұғырнама­ла­рын жасауда ынты­мақтастық жасауға қуана келісеміз. – Сіз Президент Нұрсұлтан На­зар­баевты президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтадыңыз және елге бейбітшілік пен өркендеу тіледі­ңіз. Қалай ойлайсыз, алдағы бес жыл­да Қазақстан-Үндістан қатынастары­ның даму барысы қандай болмақ? – Мен Президент Нұрсұлтан Назар­баевты президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтадым және Қазақ­стан­ның өзінің дана және көреген Пре­зи­денті­нің басқаруымен табысты дамуын жалғас­тыратындығына сенімдімін. Бұл – менің Қазақстанға Үндістанның Премьер-министрі қызметіндегі бірінші сапа­рым. Бұл сапар біздің Қазақстанмен қа­ты­­настары­мыз­дың маңыздылығын және осы қатынас­тар­дың Орталық Азияда­ғы және оның шегінен тыс аймақтардағы оң рөлін көрсетеді. Мен келесі бес жылда Қазақстан-Үндістан қатынастары қарқынды дами­ды деп сенемін. Сонымен бірге, Ас­танаға сапарым кезінде әзірлеген «Жол карта­сы» екі ел халықтарына қызмет ететін шынайы және ұзақ мерзімді серіктестік құруға мүмкіндік береді деп үміттенемін. – Әңгімеңізге рахмет. Астанаға сапарыңыз сәтті болсын. Әңгімелескен Самат МҰСА. Астана – Дели – Астана.