16 Сәуір, 2011

Достықтың дәнекері

566 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Лиза Қадырқызын Шымкентте білмейтіндер кемде-кем десек қателеспеспіз. Өйткені, Лиза апай қашанда оңтүстіктегі ынтымағы ұйыған көп ұлттың арасын­да­ғы қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылады. Қоғамдық жұмыстың да түр-түрі бар. Апайдың оңтүстікте «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігіне басшылық жасап, жұ­мысын жоғары деңгейде жан­дан­дырып келе жатқанына сегіз жыл болыпты. Сегіз жыл тарих үшін аз уақыт болғанымен, оң­түс­тіктегі ұлттар үшін татулық пен берекеге толы жылдар екені анық. Әр жылдың іс-жоспарын тиянақты түзіп, жұмысқа белсене араласатын ол осы уақыт ара­лығында этностар арасындағы достыққа алтын көпір салатын көп­теген мәдени іс-шаралардың ұйытқысы бола білді. Түрлі кездесулер, ғылыми-практикалық кон­ференциялар, концерттер, қайырымдылық іс-шаралары – жастарға патриоттық тәрбие беретін кештердің бәрі де Лиза апайсыз өткен емес. Оңтүстік Қазақстан облы­сын­да 20 этномәдени бірлестік бар. «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігі солардың басын біріктіру үшін жұмыс жасайды. Ор­та­лықтың жұмыс жоспары мәдени-этнографиялық даму тарихы­мыз­ға негізделген. Өңіріміздегі бар­лық ұлт өкілдері орталықтың жұ­мысына белсене араласады. Қа­ладағы мекемелермен, түрлі оқу орындарымен, саяси партиялармен, әкімдік жанындағы отбасы және әйелдер істері жөніндегі ко­миссиямен, «Қызыл Ай» қо­ғамдық, «Қорған» балалар қор­лары­мен бірлесіп, даталы күн­дерге орай мәдени іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Орталықтың мемлекеттік тілді дамытуда, мәдени мұрамызды насихаттауда атқарып келе жат­қан жұмыстары мазмұнды­лығы­мен, жастарға патриоттық тәр­бие беруде ұтқырлығымен ерекшеленеді. Қоғамдағы барлық сала достықпен тінін жалғап жат­қандықтан, «Ынтымақ» орталы­ғы­мен көпшілік ұйымдар тығыз бай­ланыс жасап отырады. «Ын­ты­мақ» орталығы соңғы жыл­да­ры ОҚО ішкі саясат департаменті өткізетін тендерлерге қатысу­да. Сонымен бірге, арнайы грант­тарды жеңіп алып, қоғамдық ма­ңызы бар жұмыстарды атқаруда. Қоғамдағы көмекке зәру жан­дарға қолұшын беру де негізгі жұмыстардың бірі. Кемтар бала­ларға санаторийлерде демалу үшін жолдама алуға, жетім бала­ларды демалыс орындарына жіберуге, көп балалы аналарға ма­те­риалдық көмек көрсетуге себепкер болып келеді. Орталық қоғамдық бірлестік болғандық­тан, іс-шараның бәрі демеу­ші­лердің көмегімен атқарылады. Тұрақты демеушілердің бірі – белгілі азамат Анарбек Орман. Достық – баға жетпес бай­лық дейміз. Іргелі достыққа жету үшін ауқымды жұмыстар атқарумен бірге, қоғаммен мә­дени байланыстар орнату қа­жет екені аян. Осыған орай, ор­талықтың жанынан құрыл­ған мәдени мұра секциясы, ақсақалдар тобы, әжелер тобы, ардагерлер тобы, «Шаңырақ» клубы, «Достық» үйірмесі, патриот жастар клубы, «Шын жүректен» қайырымдылық қоры, «Ынтымақтың» жастар қанаты, ғылыми-сараптамалық секция, «Ушу-санда» спорт клубы облыстағы өзге этнос­тар­мен тығыз байланысып жұ­мыс жүргізуде. Әр секция ар­найы іс-жоспар түзіп, достық­тың ны­ғаюына белсене атсалысуда. Халқымыздың тарихи-мәдени мұрасы бай. Әрі өнер­ге қашанда құштармыз. Дос­тық­қа құшағымызды кең жая­мыз. Қазақстанда 130-дан аса этнос өкілдері терең достық ая­сында ұлтымызбен біте қайна­сып өмір сүруде. Этностардың бірлігіне, достығына еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен ұйытқы болуда. «Ын­ты­мақ» орталығы танылмай жүрген этностардың бір-бірімен таны­сып, табысуына ықпал етіп оты­рады. Орталықтың мақсаты да Елбасымыздың берік саясатын қолдап, олардың тату-тәтті дос­тық­пен өмір сүруіне мүм­кін­дік­тер жасау болып табылады. Сөз жоқ, достыққа жол ашатын мүм­кіндіктер шексіз. Оны тынымсыз еңбектің арқасында ғана іске асыруға болады. Барлық мүм­кін­діктерге жол ашуға ұмтылып, дос­тықтың алтын көпіріне айна­лып жүрген Лиза апайға өңірде құрметпен қарайтындар көп. Алғашқыда қазақ этномәдени орталығы болып құрылған «Ын­тымақтың» атқарған жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Әйел-ананың жүрегі қашанда елдің бірлігін, ынтымағын тілеп тұрады. Татулық жолында әйел­дер көп еңбектенеді. Отбасының, елдің тыныштығына жауапкершілікпен қарайды. Ақылмен шешім қабылдайды. Айналасында­ғы­ларға күлкі, шаттық сыйла­ған­ды ұнатады. Өзгелерден жина­қы­лықты, жауапкершілікті талап етеді. Осындай ізгі қасиеттер жиынтығын Лиза Баян­құ­лова­ның бойынан табуға болады. Ол белсенді мінезімен замандас­тарына танымал болып, биік белестерден көрініп жүр. Ынты­мақты сақтауда, достықты дәріп­теуде атқарған қызметі үшін көптеген наградаларға ие болды. Ол «Достық» орденінің иегері. Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығы медалімен марапатталған. Түр­кіс­тан қаласының құрметті аза­маты. Қазақстан Респуб­ли­касының мәдениет қайраткері. Лиза апай өмірде қанша қиындықтар көрсе де ешқашан мойыған емес. Өзінің бойына ана сүтімен дарыған қасиет­те­ріне, іскерлік қабілетіне сенеді. Әйел тіршілікті жүрегі мен ақыл сүзгісінен өткізіп, жамандық атаулымен күресе білгенде ғана ана атанбақ. Елге сыйлы болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қырық бес жылдан бері елге аянбай қызмет етіп келе жатқан Лиза Қадырқызы ардақ­ты, әрі бақытты әйел. Ал «Ынтымақты» болашақта қыруар істер күтіп тұр. Достық­тың өзі де шексіз еңбекпен келетін байлық емес пе? Баға жетпес байлықты бағалап, ынтымақтың ырысын ұлықтап жүрген этно­мәдени бірлестіктердің қызме­тіне береке, өмірлеріне мереке тілейміз. Достықтың алтын көпі­ріне жол салып жүрген Лиза апай сияқтыларға ел әрқашан риза. Кең байтақ елімізде ынты­мағы жарасқан этностардың бірлігі нығайып, әлемде алдыңғы қатарлы ел болуға достығымыз дәнекер болып отырса, үлкен жетістіктің бірі осы емес пе?! Ділдәгүл НҰРМАХАНБЕТ. Оңтүстік Қазақстан облысы.