Біз – қазақстандықтармыз!
ЕРЛІКТІҢ ЕРЕНІ – ЕЛДІКТІҢ ЕРЛІГІ
3 сәуір күні Қазақстан халқы сондай ерлік танытты. Елдік ерлігі алдымен сайлаушылардың 90 пайыздан астамының дауыс беруге келуінен көрінді, одан кейін сонша сайлаушының 95 пайыздан астамының бір адамға – тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрушы, Ұлт көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беруінен көрінді.
Бүгінгі таңда әлем саясаттанушылары Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаудағы жарқын жеңісінің феномендік сипатын талдап, таразылап жатыр. Қатпары қалың осынау қазақстандық құбылыстың себептері көп. Солардың арасындағы ең бастысы – егемендіктің елең-алаңынан бері елімізде дәйім қоғамдық тұрақтылық сақталып келе жатқандығы. Ал тұрақтылықтың басты тетігі – татулық. «Бірлік – біздің қасиетті туымыз», деген болатын Президент тәуелсіздік туын жаңа тіккен тұста-ақ. «Қазақстандағы ұлтаралық жарастықтың негізгі ұйытқысы болу міндетін алдымен осы атамекеннің иесі – қазақ халқы өз мойнына алуы керек», дегенді де сол кезде айтып, міндеттеген. Халқымыз ол міндеттің үдесінен шыға білді. Тарих тоғыстырып, тағдыр табыстырған сан этностың басын біріктіріп, туыстық туын қолда берік ұстай білді.
Елімізді мекен еткен алуан этностар өкілдері де мемлекетті аяғынан тік тұрғызып, елді еңселенткен, бара-бара әлемге әйгілі еткен Көшбасшымыздың төңірегіне топтасып, азаматтың алтын басын ардақтай алды. Елбасымыздың: «Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ», деген сөздерін татулықтың туы етіп ұстады. Өйткені, біздің бәріміздің мүддеміз бір. Президент бұл жайында да: «Адам мен адамды, халық пен халықты, ел мен елді жақындастырар ең берік дәнекер – мүдде бірлігі», деп айшықты айтқан. Біздің мүддеміз – ортақ Отанымыз – тәуелсіз Қазақстанның өсуі, өркендеуі, барша қазақстандықтардың баянды бақыты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының дүйсенбі күні ашылатын XVII сессиясы қарсаңында жарияланып отырған мына фотолар – біздің еліміздегі қоғамдық жарасым мен этносаралық келісімнің келісті көріністері.