19 Сәуір, 2011

Сейіт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫ

1593 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

ОЛ БІЗБЕН БІРГЕ, ХАЛҚЫМЕН БІРГЕ

Түн ортасындағы мезгілсіз телефон қоңы­рауы­нан секем алған жүрегім арғы жақтан: «Аға-ау, папамнан айырылып қал­дық қой», деген Сейіттің кенжесі Зейіннің өксікті дауысын естігенде ат­қақтап ал­қы­мыма тығылып, тынысымды  тарыл­тып жі­берді. Мәңгіріп отырып қалдым. Жан­дү­нием­нің түпкірінде  әлдене үзіліп түс­кен­дей, көкі­регім удай ашып, көзіме жас үйірілді. Туралап ке­л­ген ажалдың бұлтарт­пай салған  бұғалығына бой бермей, апта бойы асаудай арпалысып, бұлқына соққан алып жүректі  тоқтады дегенге сенгім келмейді. «Қой, мүмкін емес», деймін іштей күбір­леп. Көз алдыма  тел қозыдай тең өскен құрда­сым­ның,  сыралғы дос  аяулы Сейітімнің  жарқын бейнесі көлбеңдейді. Әне, қашанғы әдеттегі­сін­дей, мені көрген сәтте  түр-түсін тез құбылтып, әлденеден үріккендей, екі құлағын кезек қозғап, қас-қабағын қайшылай керіп, едірейіп қалт тұра қалып, сәлден кейін «ә, сен екенсің ғой» деп, танымай қалып, жаңа таны­ған­дай жадырай күліп, жарқын амандасатын көңілді қалпы. Баяғы бала кезінде осылай еді, қазір де солай. Оның болмысы сондай. Өзгеше болуы мүмкін емес-тін. Өйтпесе, Ол – сатираның сардары  бола ма! Өйтпесе, Ол – ата-бабамыздың салт-дәстү­рінің шырақшысы атана ма! Өйтпесе, Ол – Кенжеахметтің Сейіті болып таныла ма! Иә, солай! Нанбасаңыз, «Тамаша» ой­ын-сауық отауының кешіне барыңыз, ал­ды­ңыздан күлімдеп Сейіт шығады. Әр қа­зақтың үйіне кіріңіз, «Қазақ­тың салт-дәс­түрі» атты ұлдың еншісіне  берер, қыздың жасауына қо­сар құнды қазынасын жайып алдыңыздан тағы да Сейіт шығады. Солай, Сейіт үнемі  бізбен бірге, халқымен бірге! Лайым, қашан­да солай бола бергей! Басқаша ойлай да, елестете де алар емеспін. Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ.

* * *

ЕЛ ҮШІН ЖАРАЛҒАН ЖАН ЕДІ

Мірдің оғындай, сексеуілдің шоғындай, семсер тілді Сейіт ағам бесінші мүшел жасында: «Беу, дүние!» деп жарық дүние­мен қоштасты. Ерте ме, кеш пе – жұмыр басты пенденің көз жұма­тыны хақ. Ізгілік іздеп өткен адамдардың артында иманы қалады, жұрттың игілігі үшін жиғаны қа­лады. Басқа не қалады? «Дүние – жал­ған», деген осы. Жайнаған туың жығылмай, Жасқанып жаудан тығылмай, Жасаулы жаудан бұрылмай, Жау жүрек жомарт құбылмай... Жайдары жүзің жабылмай, Жайдақтап қашып сабылмай, Жан біткенге жалынбай, Жақсы өліпсің, япырмай! – деп Абай атам Ос­панның қазасына қайғырғандай қай­ғырып отыр­мын. Ештеңеден жасқан­бай, дүниеге тік қа­рап, тік өткен Сейіт ағам артына мол мұра қалдырды. Сынадай қағылған сықақ өлеңдері мен әзіл әңгі­ме­лері оспақ сүйгіш оқырмандар үшін баға жетпес қазына. Қазақтың әдет-ғұрып-салт-дәстүрлері тура­лы 3 томдық кітабы – алтын көмбе. Ағам алпысқа тая­ғанда: «Сіз неге салт-дәстүр са­ласына ойысып, ғы­лы­ми жұмыспен айналы­сып кеттіңіз?» – деп сұра­дым. Сонда ағамның ағынан жарылып: «Қазақтың қанына сіңген ұлттық дәстүрге бойлай енуіме ең бірінші Өзбекәлі Жәнібековпен етене жақын ара­ласуым себеп болды. Өзекең 70-жылдары Торғай об­ко­м­ының идеология хатшысы болып келген күн­нен осы бір әрі ғажайып, әрі тұңғиық іспен қалай айна­лы­сып кеткенімді өзім де білмей қалдым!» деген сөзі жадымда жаттаулы. Сейіт ағам не істесе де шырайын шығарып істейтін. Бастаған ісін тастамайтын. Ел үшін жаралған есіл ағам-ай! Жатқан жеріңіз жәннатта болсын! Көпен ӘМІРБЕК.

* * *

ҰРПАҚТАР РАХМЕТ АЙТАТЫН БОЛАДЫ

Кеңес өкіметі кезінде ұмыт бола бастаған ұлттық салт-сана, дәстүрлерімізді тәуелсіздік алғаннан кейін қайта дәріптеп, әспеттеп, әрлендіріп, жалпақ елдің жадын жаңғыртып, жандандыруға қосқан Сейіт Кенжеахметұлының ересен еңбегін ешкім  жоққа шығара алмайды. Ол ұлт рәсімдерін реттеп, бір жүйеге салып, оны ғылыми айналымға түсіріп, бірнеше мәрте кітап етіп шығарып, төрткүл дүниеге таратты. Бұған себеп, Сейіт сол ұлттық дәстүрлердің ұйып-ұйысқан жері Торғай даласында туып өсті. Сол кездегі көзі тірі көреген, шешен кісілер Ахметхан Әбіқаев атай мен Күләнда Бөкешева апайдан көп тәлім-тәрбие алды. Сейіттің өз анасы да көзі ашық, көкірегі ояу, ел басқарған кісі еді. Осындай ортада өскен ол Торғай елінің тұнып тұрған қазынасынан қанып ішіп, өзінің жиған-тергенін халықтың кәдесіне жарата білді. Қазақ сатирасында өзіндік орны бар Сейіт өмірінің соңғы жылда­рында ұлттық дәстүр-салт тақырыбына бел шеше кірісіп, белсенді еңбек етті. Ел этнографиясына елеулі үлес қосты. Сейіттің бұл еңбегін бұл күнде біреу біліп, біреу білмей, өз бағасын ала алмай жатса да, болашақ ұрпақ оған ұлт қазынасын ұлықтағаны үшін рахмет айтары хақ. Жүруші ең көп ішінде дара жандай, Қолыңа отырмаушы ең қалам алмай... Халықтың қазынасын тиеп алып, Көтеріп келе жатқан қара нардай. Үзгенде ажал жетіп сол ғұмырды, Бұл күнде біздің көңіл болды мұңды. Апарып болашаққа тапсыратын, Апыр-ай, кім көтерер сол жүгіңді! Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ. * * * ҚАЗАҚ  РУХАНИЯТЫНЫҢ  ҚОРМАЛЫ Қазақ елінің өңіріне ұлтының ырыс түймесі болып қадалған тағы бір нысаналы тұлғаның өмірі үзі­ліп түсті. Сейіт Кенжеахметұлы – халқы­ның бойындағы қарапайымдылық атты ұлы қасиетті табиғи түрде сіңірген, сол қасиетті өмір сүрудің өзегіне айналдырған, тіршіліктің бар тауқыметі мен қуанышын бастан кешіріп, әр адамның бойынан ізгілікті ғана іздеген ағамыз еді. Ол елінің ұмытқанын еске салып, халық жадының қормалына айнал­ған, ағаларын – алақанында ұста­ған, інілерін – ағаларынан да бетер құрмет тұтқан, әпке-қарын­даста­рын қызындай сыйлаған, жабығып жүр­генде – жаныңды жадырата­тын, қуанышыңа қуанышын үстеп қоса­тын, еліне деген езіліп тұра­тын ет жүрегіне шемен бітпеген, ешкімді жұмсамай – соның орнына өзін өзі жұмсайтын, ғұмыр бойы туған жері – Торғайына тамсанып, тауыса алмай өмір сүрген жан болатын. Елінің алдындағы парызын то­лық өтеген, табиғат сыйлаған бар қа­сиетін халқы үшін несиесіз ат­қар­ған, дүниеге қарапайым қал­пын­да келіп, қарапайым ғана қал­пын­да ешкімге базына артпай өмір­­ден өткен аяулы арысын – ағайын-жұрты, өзі жеті жыл қызмет істеп, қазақ этнография ғылымын әлемге танытқан «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының алдына аза тұтып, асыл ұлды еліне – Тор­ға­йы­на, мәңгілік бақи сапарына ат­тандырып салды. Артында – жа­зыл­маған «Торғай» атты энцикло­педияның беті ашық қалды.­ Ол арманды, сол жазылмаған тарихты соңында қалған жанкүйер дос­тары қаперінде ұстап, ұлағат ал­ған інілері мен шәкірттері жүзеге асы­рады деген сенімдеміз. Оның айту мен жазуға таусылып бітпейтін мінезі мен ұстыны туралы жақсы сөздердің алдағы уақытта айты­ла­ры анық. Осындай аяулы азаматты өмірге әкеліп, халқына қалтқысыз қызмет етуге мүм­кін­дік берген Тор­ғай еліне мың да бір тағзым. Мәңгілік сапарыңда жаратқан Алла тағала алдыңа жарығын түсі­ріп отырсын. Қадірлес інілерің: Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, Тұрсын ЖҰРТБАЙ, Несіпбек АЙТҰЛЫ.

* * *

ЖАН АҒА

Бағаңды білген еліңе, Адалдығыңмен жағып ең. Өнердің биік өріне, Қызбелден қанат қағып ең.   Дос көріп қазақ баласын, Қараушы едің күлімдей. Күлкің де сыңғыр қағатын, Қоңыраулының үніндей.   Жырлаған жырын халықтың, Бағылан ұлдың бірі едің, Міржақып сынды алыптың, Ізіне шыққан гүл едің.   Тізгіндеп шабыт тарланды, Ақындық жолды қуғансың. Жабығып жүрген жандарды, Жұбату үшін туғансың.   Соқпақты жолды кешкенсің, Жазылмай соғыс жарасы. Жетімдік көріп өскенсің, Қара кемпірдің баласы.   Кезің жоқ сөзден дес берген, Қол создың биік асқарға. Әкесіз өзің өскенмен, Әке боп өттің жастарға.   Атақ та, бақ та бір сенде, Сақтадың таза арыңды. Торғайда өмір сүрсең де, Алашқа атың танылды.   Бет бұрған көптің көшімен, Астанаға да сия алмай. Қайыра көшіп кетіп ең, Туған жеріңді қия алмай.   Кейбіреу жанын түсінбей, Қадірін кештеу білсе де. Сықақшылардың ішінде, Сейіттің орны бір төбе.   Асқар тауыма балаған, Әке орнына санаған, Арқа сүйеуге жараған, Бақұл бол, қайран жан ағам!   Қонысбай ӘБІЛ, Қазақстанның халық ақыны.