Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 20 жылы» деген тақырыпта Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІ сессиясы өтті.
Сессия жұмысына республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің басшылары, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, еліміздегі саяси партиялардың жетекшілері, діни бірлестіктердің, дипломатиялық қызметтердің, сайлауды қадағалау жөніндегі қоғамдық комиссияның, ғалымдар және шығармашылық зиялы қауымның, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІ сессиясын ашық деп жариялаған соң, еліміздің Мемлекеттік Әнұраны ойналды. Одан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Хатшылық меңгерушісі
Ералы Тоғжанов ел Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сөз берді. Елбасы былай деді:
Құрметті Ассамблея мүшелері!
Қымбатты сессия меймандары!
Сіздерді Қазақстан халқы Ассамблеясы 17-ші сессиясының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Тарихи кезеңнің бастауында ашылған бұл сессиясының маңызы айрықша.
Таяуда елімізде кезектен тыс Президент сайлауының өткені баршаңызға мәлім.
Ұлысты ұйыстыра түскен бұл сайлауда халық маған, осы отырған бәріңізге тағы да тағдырын сеніп тапсырды. Бізге тапсырды. Ел бірлігін көрсетіп, әлем алдында бедел алдық.
Сайлау кезінде Ассамблея мүшелері мен этно-мәдени топтардың өкілдері қалтқысыз қолдау білдірді.
Сондықтан, Ассамблеяның мүшелеріне және барша Қазақстан халқына шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіздер!
Қадірлі қауым!
Бүгінгі алқалы басқосу ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтуде.
Тәуелсіздік алған тұста біз таңдауы қиын жолайырықта тұрдық.
Біз сол күрделі кезеңде өміршең жолға түсіп, берекелі болашағымызды бекем бірлікпен байланыстырдық.
Тату елге тыныштық орнайды, бейбіт елде ғана береке болады деген.
Біздің дұрыс жол таңдап, ізгілік пен сенімге негізделген парасатты саясат жүргізгенімізді сара уақыттың өзі дәлелдеп берді.
Біз жүз жылға татитын жиырма жылда ортақ жауапкершілік жолын жүріп өттік, биік белестерді бірге бағындыра білдік.
Бауыры бүтін бірлігімізбен елдікті еселеп, мызғымас мемлекетімізді бекемдей түстік.
Тұрақтылықтың бірегей үлгісін танытып, дамудың қазақстандық жолын айқындадық.
Мұның бәрі бізге өздігінен оңай келген жоқ. Осы жылдары татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі болған Ассамблея еліміздің дамуына зор үлесін қосты, қосып та келеді.
Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті әлеумет!
Қазақстанды, қазақты достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы уықтары іспетті.
Бұл ретте байтақ мекенде баршамызды біріктіре түсетін ортақ құндылықтар бар.
Ол – біздің талайлы тағдырымызды тұтастыратын шежірелі тарихымыз.
Ол – біздің байтақ мәдени мұрамыз бен қазығы берік мемлекеттік тіліміз.
Біздің жасампаз тарихымызды елдің әрбір азаматы мақтан етуге тиіс.
Сондықтан, біз тамырын тереңге тартып, тәуелсіздікпен бірге мәуесін жайған тарихи танымды ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет.
Ел бірлігін еселейтін бұл құндылықтар отаншылдық сезімін орнықтырады. Сонда тәуелсіздігіміз мәңгі, ұлысымыз ырысты болады.
Бұл ретте тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы біз үшін мерейлі меже ғана емес, болашаққа бағдар болатын байыпты белес.
Еңсе тіктеген еліміздің алдында ұлан асу, биік белестер тұр. Сондықтан, бүгінгі сессияда өзекті мәселелер талқыланып, келелі ойлар айтылады деп сенемін.
Еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттігіміз мәңгі болсын, ағайын!
Баршаңызға бірлік пен береке тілеймін!
Құрметті сессияға қатысушылар!
Қымбатты қазақстандықтар!
Қазақстан халқы Ассамблеясының он жетінші сессиясы тұңғыш рет Бірінші Мамыр, Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында өтіп отыр.
Биыл біз Бірінші Мамырды алғаш рет жаңа пішінде атап өтетін боламыз.
Өткен жылы, Тәуелсіздік Күнін тойлаған кезде менің осындай тапсырма бергенімді сіздер білесіздер.
Бүкіл Қазақстан бойынша бұқаралық шерулер, патриоттық акциялар өтеді.
Көктемгі 1 мамыр мерекесі біздің еліміздің барлық этностарын бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түсуге тиіс.
Бұл – 20 жыл ішінде құрылған біздің ОРТАҚ ҮЙІМІЗ – туған Қазақстанымыздың ең басты мерекелерінің бірі.
Біз оның берік қабырғасын тұрғыздық.
Біздің шаңырағымыз берік нығайтылды.
Біздің терезелеріміз мөлдір.
Біздің үйіміздің есіктері бүкіл әлемдегі барлық достар үшін кеңінен ашық.
Біз өзіміздің өте айрықша, тату-тәтті қазақстандық отбасын құрдық.
Мен сіздерді алдағы мерекемен, біздің мерекемізбен құттықтаймын, қымбатты отандастар.
Қымбатты қазақстандықтар!
Таяуда ғана кезектен тыс президенттік сайлау табысты өтті.
Ол біздің ұлттық бірлігіміздің салтанатына айналды.
Онда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарды.
Дәл осы ҚХА-ның өткен сессиясында Президент өкілеттігін ұзарту туралы бастаманың алғаш рет көтерілгенін еске түсірейік.
Рас, осы мінберден оны 2030 жылға дейін ұзарту да ұсынылды. Бірақ, біз үшін бәрі әлі алда.
Менің сайлау штабымда ҚХА-ның және өңірлік ассамблеялардың, іс жүзінде барлық этно-мәдени бірлестіктердің мыңдаған өкілдері жұмыс істеді.
Мен біздің ортақ тағдыршешті жеңісімізге баға жетпес үлес қосқан баршаға алғысымды білдіремін!
Сайлау қорытындысы – Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығының заңды қорытындысы.
Президенттік сайлаудан кейін маған түрлі ұлттардан тұратын біздің азаматтарымыздан ондаған мың құттықтаулар келіп түсті және әлі де келіп түсуде.
Мен күн сайын бір де бірін жібермей, ыждағаттылықпен оқыған әр жолдың астарында біздің халқымыздың бірлігінің мызғымастығына деген берік сенімділік, еліміз бен біздің балаларымыздың табысты болашағына деген терең сенім жатыр.
Мен жолдауларындағы жылылық үшін, тілектер мен жеделхаттар үшін барлық қазақстандықтарға шын жүректен алғысымды айтамын!
Қымбатты достар!
Тәуелсіздіктің 20 жылдық тарихы – тұрақтылықтың, Қазақстан халқының достығы мен келісімінің тарихы.
Осы жылдар ішінде этносаралық және конфессияаралық теңдіктің тиімді құқықтық базасы құрылды.
Оны дін, тілдер еркіндігі туралы, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заңдар құрайды.
Өткен жылы қабылданған Ел бірлігі доктринасы маңызды қадам болды.
Конституциялық мәртебеге ие халық Ассамблеясы біздің еліміздегі ұлтаралық келісімнің арқаулық институтына айналды.
Оның құрамына 820 этно-мәдени бірлестіктер кіреді.
Астанада, Бейбітшілік пен келісім сарайында этно-мәдени орталықтар үшін барлық жағдайлар жасалған.
Еліміздің әр өңірінен, ұлтының қандай екендігіне қарамастан, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін жас қазақстандықтарды көру мені қуанышқа бөлейді.
Біз бүкіл этностар өкілдерінің өзінің тілін, мәдениетін сақтауы үшін барлық жағдайларды жасадық.
108 мектепте 22 этностың тілі дербес пән ретінде оқытылады, ал 88 мектепте оқу өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізіледі.
Елдің түрлі өңірлерінде 33 мамандандырылған мектеп балаларды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқыта отырып, үш тұғырлы тіл қағидаты бойынша жұмыс істейді.
Тек этностық БАҚ-тарға қолдау көрсетіп, этносаралық қарым-қатынастарды жазып көрсету үшін ғана 2005 жылдан бастап қаржыландыру 4 еседен астамға ұлғайтылды.
Ұлттық театрларға мемлекеттік қолдау көрсету көлемі соңғы 2 жылда 30 пайызға дерлік өсіп, шамамен 500 миллион теңгені құрайтын болды.
Этно-мәдени бірлестіктерге қаржылық қолдау көрсету 2010 жылы 100 миллион теңгені құрады.
Наурызда мен Алматыда жаңа Достық Үйін аштым.
Ол әншейін үй емес. Ол 19 этно-мәдени орталықтар мен мемлекеттік және ана тілдерін оқып үйрену жөніндегі 9 жексенбілік мектеп орналасқан нағыз Достық сарайы.
Біздің Тәуелсіздігіміздің тарихы – барлық этностар достығының шежіресі.
Біздің еліміздің құрылысына Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностық топтардың өкілдері бірі қалмай атсалысуда.
Бүгінде Ассамблеядан сайланған депутаттар біздің Парламенттің ажырамас бөлігіне айналды.
Ең бір сан түрлі этностардың азаматтары біздің Қазақстанның даңқын бүкіл әлемге асқақтата отырып, мемлекеттік қызметте, бизнесте, ғылым мен білім беру саласында еңбек етеді, өз таланттарын спорт пен өнерде паш етеді.
Астана мен Алматыда салтанатты жағдайда өткен Қысқы Азия ойындарында қазақтар, орыстар, украиндар, корейлер, немістер, татарлар және ұйғырлар чемпион болды, олар біздің еліміздің даңқын асырды.
Бұл Қазақстан халқының достығының, топтасқандығының, патриотизмінің көрнекі көрсеткіші!
Біз жас астанамызды көп этносты еуразиялық мегаполис ретінде дамытудамыз.
Мұнда мешіттердің мұнаралары мен храмдардың күмбездері бейбіт қатар көршілік етуде.
Қазақстандықтарды және біздің бүкіл шетелдік қонақтарымызды Астананың алуан бейнелілігі, оның айырықша толеранттылық рухы таңдандырады.
Осы сипаттарды қазақстандық барлық қалалар үлгі ретінде алуда.
Мен өзім бүкіл ел бойынша ондаған достық үйлерін, монументті кешендерді, саябақтарды, бейбітшілік пен келісім скверлерін, мешіттерді, храмдарды аштым.
Ол қазақстандықтар үшін әркезде де нағыз мереке.
Адамдар өздерінің тілдері мен мәдениетін еркін дамыту, өз отбасы мен бүкіл Қазақстан игілігі үшін еңбек ету мүмкіндігінің болғаны үшін, өз балаларының болашағына сенімділігі үшін және әсіресе біздің ортақ үйіміздегі тұрақтылық пен бейбітшілік үшін әркезде де маған алғыстарын білдірді.
Қазақстанның табыстары әркезде де біздің шетелдік отандастарымыздың басты назарында.
Бүгінде олардың көбі өздерінің нағыз Отанына оралуда.
Олар тек осында ғана өз әлеуетін жүзеге асырып, өздері туған елге пайда келтіре алатынын түсінеді.
Тек соңғы бес жылда ғана түрлі себептермен өзге елдерге қоныс аударған ондаған мың отандастарымыз қайтып оралды.
Мен оралмандар туралы айтып отырған жоқпын, ол бөлек әңгіме. Мен 44 мыңнан астам орыстар, 5 мыңға жуық немістер туралы айтып отырмын.
Тіпті, шет елдерде қалғандардың да көпшілігі Қазақстан туралы, өзінің Отаны туралы ең бір жылы естеліктерді сақтап қалған.
Интернет желісінен бұл тақырыпқа мыңдаған хабарламаларды табуға болады.
Мәселен, Иркутскіден Марина былай деп жазады:
«Менің отбасым 1995 жылы толық құрамда Петропавлдан көшті. Қазір Ресейде тұрамыз, өмір әлдеқашан қалыпқа түсті, бірақ жан тыныштығы қалай болмаса, әлі де сол күйі жоқ.
Мен Қазақстанға қайта ораламын.
Мен оны 100 пайыз білемін. Ресейде жақсы болса да, бірақ үйде одан да жақсырақ».
Өздерін әлі де қазақстандық сезініп жүрген мұндай адамдар мыңдап саналады.
Біз отандастарымыздың Отанымен, қазақстандық достарымен және туыстарымен рухани байланыстарын жоғалтпауы үшін мүмкін дегеннің бәрін жасаймыз. Біздің жолдарымыз бен есіктеріміз олар үшін әрқашан ашық.
20 жыл бойына біз ең бір сан алуан діндерді ұстанатын қазақстандықтардың өздерінің рухани дәстүрлерін алаңсыз жалғастыруы үшін күш-жігер жұмсадық.
Тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақстан аумағында жұмыс істейтін діни қауымдастықтар саны жеті жүзден төрт жарым мыңға дейін өсті.
Мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі жұмысына қатысқан біздің заманымыздың әйгілі рухани қайраткерлерімен талай рет сөйлестім.
Олардың сөздері бірауыздан шығады.
Қазақстан – мұсылмандар, православиеліктер, католиктер, протестанттар, буддисттер, иудейлер келісіммен өмір сүріп жатқан әлемдегі бірден-бір ел. Бұл олар бірге жиналып, өздерінің бүкіл проблемалары туралы айта алатын бірден-бір орын.
Біз достықтың тамаша моделін құрдық және оны сыртқы қатерлерден сақтай да білуге тиіспіз.
Жанжалдар қайдан шығады?
Өнегесіздік пен іштарлықтан шығады.
Егер Қасиетті кітаптарды оқыр болсақ, дәстүрлі конфессиялардың бір де бірі зорлық-зомбылықты уағыздамайды.
Қазақстанда наным негізіне ешкім көз алартпайды, өсиеттерді бұрмалауға талпынбайды.
Таңғаларлығы, әлемдік және дәстүрлі діндердің бір де бірі Ұлы далада, біздің жерімізде пайда болған жоқ.
Бірақ, шынайы бейбіт рух дәл осы жерден өзіне нағыз мекен тапты.
Қазақстан бүкіл әлемге прогресшіл интеграциялық бастамалар дәстүрлі түрде таралып жатқан айрықша ел, мұнда саммиттер мен ізгі ниетті кездесулер өтеді.
Бүгінде біздің елімізде қай ұлтқа жататынына қарамастан азаматтар құқықтарының абсолюттік тепе-теңдігінің қамтамасыз етілгеніне қазақстандықтардың 85 пайыздан астамы сенімді.
Халықтың 75 пайызы бізде түрлі этностардың өздерінің тілі мен мәдениетін сақтауы үшін барлық жағдайлардың жасалғанын атап көрсетеді.
Қоғамдық келісімнің мұндай көрсеткішін сіздер қазіргі заманғы әлемде өте аз табасыздар!
Еліміздің түрлі өңірлеріндегі кездесулерде қазақстандықтар, әсіресе біздің жас азаматтарымыз олар өздері ел үшін не істей алар еді деген сауалды маған өте жиі қояды.
Мен әрқашанда біздің ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісімді біз және біздің буын сақтағандай сақтаңдар, бір-біріңді сыйлаңдар, шыдамды болыңдар, өзара түсіністікті нығайтыңдар, білім алып, Отан игілігі үшін адал еңбек етіңдер деп жауап беремін!
Біздің бәріміз әртүрліміз, Жердегі адамдар сыртқы түрі, шашы мен көзінің түсі бойынша әртүрлі. Егер адамдар шыдамды болмаса, бір-бірін түсінбесе онда біздің әлеміміз не болар еді? Сондықтан келісімде, бейбітшілікте, өзара түсіністікте, шыдамдылықта үлкен проблема – біздің өркениетті сақтау проблемасы тұр.
Ұлтаралық бейбітшілік пен келісім бізге көктен түсе қалған нәрсе емес.
Ол мемлекет пен біздің бәріміздің күн сайынғы саясатымыз бен тәжірибеміздің нәтижесі.
Біздің алдымызда әлі де көптеген істер тұр.
Бірінші. Біздің жалпыұлттық бірлігімізді нығайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет.
Осы жұмыстардың ортасында Қазақстан халқы Ассамблеясы болуға тиіс.
Ассамблея Хатшылығы ҚХА-ның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасын әзірледі.
Бұл құжатта біз төмендегі ең басты сауалға жауап беруге тиіспіз:
ХХІ ғасырдың күрделі жағдайында біздің толеранттылық моделін нығайту жөніндегі барлық жұмыстарымыздың мәні неде?
Бұл жерде де өзіміз экономикалық және әлеуметтік жаңғыру мәселелерінде қолданып жүргендерге сәйкес инновациялық көзқарас қажет.
20 жыл ішінде біз Тәуелсіздік жағдайында өсіп шыққан қазақстандықтардың алғашқы буынын тәрбиеледік.
Оларды елдің және халықтың игілігіне орасан күш-жігермен жұмыс істейтін патриоттар, белсенді және толерантты азаматтар етіп тәрбиеледік.
Жас сайлаушылардың басым көпшілігі Қазақстанды дамытудың стратегиялық жоспарларына және Мемлекет басшысы ретінде маған қолдау көрсетті.
Біз Отанның толерантты патриоттарының болашақ буынын тәрбиелеу үшін одан әрі жұмыс жүргізетін боламыз. Бұл біздің ортақ міндетіміз.
Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің басты мағынасына айналуға тиіс.
Біз өзіміздің этно-мәдени орталықтарды, этностық БАҚ-тарды, театрлар мен ұжымдарды құрып, оларға қолдау көрсету мен дамытуды мақтан үшін жасап жатпағанымызды түсінуіміз керек.
Ассамблеяның бүкіл инфрақұрылымы қазақстандықтардың, ең алдымен, біздің жастарымыздың бойында ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісімге деген жоғары жауапкершілік сезімін тәрбиелеу үшін жұмыс істеуге тиіс.
Бұл жүйе әрбір қазақстандықтың – оның саналы өмір сүруінің бірінші күнінен бастап өмірінің барлық жақтарына бойлап енуі керек.
Бір сауал қоймақпын.
Халық Ассамблеясы балаларға мектепке дейінгі білім беру бағдарламасын қабылдауға қатыса ма? – Жоқ!
Ассамблея мамандары мектептердің тарих бойынша оқулықтарына толеранттылық, оларда қазақстандық этностар достығының көп қырлы тарихының көрініс табуы тұрғысында сараптама жасай ма? – Тағы да жоқ!
Бұл ұсақ-түйек емес! «Еркіндік тек заңдарға ғана тәуелді болудан тұрады», деп Вольтердің өзі айтып кеткен. Яғни, заңдарда олардың бәрі де жазылған. Егер біреулер ұмытар болса, оған жан бітіру керек.
Өйткені, Заң – билік пен халық арасындағы келісім-шарт. Оны біз қабылдадық, біздің Конституция жалпыхалықтық референдумда қабылданды. Сондықтан бұл мәселелерде біз өте қазымыр болуға тиіспіз.
Ассамблея құрылымында жүздеген мың адам бар. Мемлекет қаржыландыруы жылдан-жылға өсе түсуде.
ҚХА қызметіндегі салтанатты-қолданбалы қиғаштықтан бас тарту қажет.
Өз ресурстарымызды этносаралық және конфессияаралық салалардың бүкіл ауқымын қамтитындай етіп бөлу керек.
Ең бір шағын мәселе де назардан тыс қалмауы тиіс.
Қоғамдағы бейбітшілік пен келісім – қазақстандық ұлттық идеяның басты өзегі.
Бұл идеология бүкіл мемлекеттік органдардың, үлкен және кіші Ассамблеялардың, этно-мәдени орталықтардың белсенді, ырғақты жұмысына арқа сүйеуі тиіс.
Сіздер осы жылдар бойына менің қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтудың барлық мәселелерімен жеке айналысып келе жатқанымды білесіздер, өйткені ол бүкіл бастаулардың басы, онсыз ештеңе де – экономикалық өсім де, әл-ауқат та, бірлік те болмайды.
Бұл мәселе сол сияқты әрбір министрдің, әрбір әкімнің, компаниялар мен кәсіпорындардың әрбір басшысының басты назарында болуға тиіс.
Тек осылайша ғана біз Қазақстандағы берік тұрақтылықты қамтамасыз ете аламыз.
Осы тұрғыда Ассамблея Хатшылығына Президент Әкімшілігімен бірлесіп Стратегия жобасын мұқият талдап, әзірлеуді, оны Ассамблея Кеңесінде талқылап, менің бекітуіме ұсынуды тапсырамын.
Екінші. Бүгінде бүкіл Қазақстан халқы модернизациялау, инновациялық индустрияландыру және болашаққа технологиялық секіріс жасау идеясының төңірегінде топтасқан. Кеше біз атқарушы билікпен арнайы кеңес өткіздік, мен өздері тыңдап, болашақтағы және бүгінгі міндеттерді білуі үшін Ассамблеяның көптеген мүшелерін шақырдым.
Қазақстанның этно-мәдени орталықтары оған барынша белсенді атсалыса алады және атсалысуға тиіс.
Алматы облысының Үштөбе қаласында жыл бойына жабық топырақта ең жаңа технологиялар бойынша көкөніс өнімдерін өсіру жөнінен ерекше жобаны жүзеге асырып жатқан Қазақстан корейлері ассоциациясының тәжірибесі қызғылықты.
Жобаның қуаты – 150 тонна көкөніс, жылыжай алаңы – 1600 шаршы метр.
Бірінші жылыжай қазірдің өзінде өнім беруде, тағы сондай екеуі биыл салынатын болады.
Оның сыртында жоба шеңберінде оқу орталығы құрылған, онда кешенде жұмыс істейтін мамандар даярланады.
Осындай және басқа да игілікті істермен өзгелер де айналыса алады. Әкімдіктер бизнес, ауыл шаруашылығы, индустрия саласындағы осындай бастамаларға қолдау көрсетуі керек.
Бұл басқа да этно-мәдени бірлестіктер тарапынан дамытуды қажет ететін жақсы мысал.
Инаугурация кезіндегі сөзімде мен «жүз абсолюттік инновацияларды», яғни Қазақстанда әлі болмаған, бірақ болатын дүниелерді іріктеуді бастауды ұсындым.
Айрықша идеялар мен жобалардың авторларын бүкіл әлем бойынша іздеп, Қазақстанға жұмысқа шақыру үшін Ассамблеяның халықаралық байланыстарын іске қосу қажет. Ең бастысы, ең алдымен өзіміздегілерге қолдау көрсету керек. Ондайлар бізде бар.
Халық Ассамблеясы біздің бүкілхалықтық құрылыстарда белсенді жұмыстар жүргізуге тиіс. Ол – Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолы. 2700 шақырымы тек Қазақстан арқылы, 6 тығыз қоныстанған облыстар арқылы өтеді. Онда қазір 50 мың адам жұмыс істейді. Ол – бүгінде біз Парсы шығанағына дейін тартып жатқан темір жол. Және басқа да жобалар.
Биылғы жылы индустрияландыру бағдарламасы бойынша тағы да 192 нысан іске қосылады. Солардың бәрінен де өзіңді кәдеге жарататындай орын табуға болады.
Бұл жерлерге этно-мәдени шығармашылық топтардың, ансамбльдердің, театрлардың, белгілі адамдардың баруын ұйымдастыру қажет.
Қазақстандағы түрлі этностардың тілдерінде шығатын бүкіл БАҚ-тар да осындай жұмыстарға бағыт ұстануы тиіс.
Яғни, мен тағы да қайталап айтқым келеді, индустрияландыру, ресурстарға тәуелділіктен кету – бұл болашақ, бұл перспектива. Біз бұған егер оны бүкілхалықтық идея жасасақ, қол жеткіземіз. Әркім осымен өмір сүруі тиіс, сонда жоспарларымызды жүзеге асырамыз.
Бұл жұмысты «Нұр Отан» партиясымен, Мәдениет, Байланыс және ақпарат министрліктерімен бірлесіп жүргізуіміз керек.
Үшінші. Біз Ассамблеяның өз жұмысын тұрақты жетілдіріп отыруға тиіспіз.
Ол елді дамытудың шешуші мәселелерін жасау үшін азаматтық қоғамның жетекші жұмылдырушы күші мәртебесінде нығаюы тиіс.
Этносаралық және конфессияаралық қатынастардың барлық қырларын зерттеудің қуатты орталығын құру қажет.
Бұл – ғылым, және өте салмақты ғылым. Әркім ұлтаралық қатынастың маманы болуға тырысады, әркім осы мәселе бойынша пікір айтқысы келеді. Қолы таза еместердің оған бас сұғуларына болмайды. Адамдар арасындағы қарым-қатынас – өте нәзік материя, оның үстіне әңгіме этносаралық, дінаралық қарым-қатынас туралы болған кезде.
Бізде соңғы жылдары ондаған адам осы аса көкейкесті тақырып бойынша ғылыми дәрежелер алды.
Ешкімді де ренжіткім келмейді, осы мәселелер бойынша бір топқа жинауға болатын нағыз мамандар саусақпен санарлық! Олар жоқ десек те болады.
Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды ғылыми зерттеу саласы аса үлкен назар аударуды талап етеді. Мен еліміздегі діни істер туралы ерекше айтқым келеді. Біз мына мәселеге мән беруіміз керек, мұсылмандар, православиелік христиандар бірлестіктері Қазақстанға ойлары мүлдем бөтен түрлі діни секталар мен ұйымдардың кіруінен сақтайтын біздің діни қатынастарымыздың басты қорғаушылары болулары тиіс.
Білім және ғылым министріне осы мәселені жеке бақылауына алуды тапсырамын.
Төртінші. Басым бағыттардың бірі барлық этностар өкілдерінің қазақ тілін меңгеруіне ықпал ету болып қала береді.
Біз 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтар саны 80 пайызға жетсін, ал 2020 жылға қарай одан да көп болсын деген мақсат қойдық.
10 жылдан кейін мектептеріміздің түлектері қазақ тілінде 100 пайыз сөйлейтін болуы тиіс.
Барлық азаматтардың қазақ тілін білуі – әшейін бір ұран емес, бұл – олар еліміздің тарихын, ерте дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының тарихын, мәдениетін, дәстүрін білетін болады деген сөз. Бұл барлық қазақстандықтардың бұрынғыдан да жақындасуына жетелеп, біздің арамыздағы сенімді күн сайын, жыл сайын нығайта түсетін болады.
Ассамблея жұмысының мақсаты, міне, осында. Ұлы Абай былай деген еді: «Басқа халықтың тілі мен мәдениетін білу адамды сол халықпен тең етеді». Бұл жерде әңгіме тек қазақ тілі туралы ғана емес, жалпы тілдер туралы. Тілді білсең, сол халықпен тең боласың. Қандай терең сөздер! Яғни, бұл барлығы араласқан, бүкіл әлем бір-бірімен қатынасқа түскен бүгінгі жаһандық дүниеде қажеттілік болса, ол біз үшін және біздің балаларымыз үшін де ашық.
Біз сондай-ақ барлық этностық топтардың мәдениетін, дәстүрлерін, салттарын, тілдерін сақтап дамыту бойынша, біздің бай ортақ тарихи-мәдени мұрамызды сақтау бойынша жұмыстарды жалғастыруға тиіспіз.
Бұл ел ішіндегі тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім, оның өркендеуі мәңгілік болуы үшін қажет.
Бесінші. Мәдени-ақпараттық сала арқылы толеранттылыққа тәрбиелеу жөніндегі жұмысты күшейту қажет.
Мен қазақстандықтарға түрлі этностардан өкілдік ететін отандастарымыздың өмірлері мен тағдырлары туралы жаңа көркем фильмдер қызығушылық тудырады ғой деп ойлаймын.
Бұл жұмыс табысты жүргізіліп жатыр және оны жалғастыру керек.
«Қазақфильм» киностудиясында түрлі халықтарды – немістерді, корейлерді, поляктарды, чешендерді, күрдтерді және басқаларды Қазақстанға күштеп депортациялайтын қасіретті кезең туралы әңгімелейтін «Жерұйық» атты жаңа көркем фильм түсірілді.
Ассамблея жұмысын БАҚ-тарда кеңірек көрсету керек. Мен орыс театрларында қазақ драматургтерінің, ал қазақ театрларында орыс драматургтерінің пьесалары қойылатынын білемін. Мұндайды да ынталандыру керек.
Ассамблеяға өзінің жеке газетін шығару мәселесін қарастырып, веб-сайтын жаңғырту қажет. Түрлі этностар өкілдерін, біздің этномәдени бірлестіктер мен олардың жұмысын көрсететін арнайы телехабарлар керек.
Мұны республикалық, сондай-ақ жергілікті телеарналарда жасауға болады. Кедергі көріп тұрған жоқпын.
Алтыншы. Менің тапсырмам бойынша Ассамблея тәуелсіздік мерейтойын мерекелеу шеңберінде кең ауқымды бағдарлама дайындады.
Мамыр айы «Бірлік» ұранымен өтетін болады, ал жылдың соңындағы 20 жұлдызды күннің бірі, біз айтып жүргендей, «Келісім» ұраны арқылы өтетін болады. Бірінші мамыр – бірліктің ерекше мерекесі. Мамырда тұтас ай бойы жақындасудың барлық жаңа жолдарын байқап көру керек. Жұмыс істеу қажет. Егер барлық облыстарда тереңінен ойластырса, өте қызықты жұмыс жүргізуге болады.
Сонымен бір мезгілде, әлеуметтік жаңғырту мәселелері де Ассамблеяның басты назарында болуы тиіс.
Біз Жиырма жылдықты мерекелеу жөніндегі комиссия жасаған өзіміздің бағдарламамызда тек тойлар мен концерттер өткізіп қана қоймаймыз, әр адам 20 жылдықтың рөлін сезінетіндей, осы жылдары не алғанын білетіндей бағыттар енгіземіз дедік.
Бұл жерде әңгіме жаңа мектептер мен ауруханалар салу, тұрғын үй бағдарламасы, қалалар мен ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету, аумақтарды көгалдандыру, барлық елді мекендердің тазалығы туралы болып отыр – осының барлығы жұмыстардың маңызды учаскелері. Осы жұмыстардың барлығы қазірдің өзінде басталып кетті және Қазақстан халқы Ассамблеясы жергілікті жерлердегі осы жұмыстарға белсенді қатысып, халық алдында үлкен ұпай жинайтынына сенімдімін.
Келіңіздер, қолдауға нақты мұқтаждардың барлығына жәрдем қолымызды созайық.
Барлық қазақстандықтардың нағыз бауырластығы осылайша ғана беки түсетін болады.
Адамдар қаза тапқан Қызылағашта, жан ауыртар қасіретті әр қазақстандық жүрегімен сезінген Шығыс Қазақстан облысында осылай болды.
Барлығы үн қатты, адамдар соңғы сайлаудағыдай бірлік танытты. Бұл жақсылықтың нышаны, яғни біз ешкімді жеке қалдырмай, бір отбасы, бұл біздің үйіміз деген тұрғыда тәрбиелеп, текке жұмыс істемейтінімізді көрсеттік.
Ассамблея мүшелері ғана 47 миллион теңгелік жеке қаржыларын салды. Бұл соншалықты үлкен қаржы да емес шығар, бірақ осы фактінің өзі маңызды.
Қазір мұндай қолдау тасқыннан зардап шегіп жатқан Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына қажет.
Мұның бәрін «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп жасау керек және ол еліміздің ең шалғайдағы бұрыштарына, әр азаматқа жетуі тиіс.
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын шын мәнінде осылайша атап өтеміз.
Құрметті сессияға қатысушылар!
Біздің дамуымыздың 2020 жылға дейінгі даму стратегиясында, халыққа менің Жолдауымда, инаугурация салтанатындағы сөзімде алдағы онжылдыққа арналған барлық міндеттер егжей-тегжейлі мазмұндалған. Ал кеше Үкіметте бүгінгі күннің нақты міндеттері белгіленді.
Қазақстанның ХХІ жүзжылдықтағы табысы мен тағдыры оларды шешуге байланысты болмақ.
Алдағы онжылдық сындарлы болатыны туралы осы жылдың алғашқы айларының оқиғалары барысы нақты айтып отыр.
Таяу Шығыс елдеріндегі жаппай наразылық қозғалыстары бәсеңдер емес және жаңа елдерді қамтуда.
Күні кеше экономикасы табысты елдер ондаған жылдарға артқа лақтырылып тасталды.
Әлемдік дағдарыстан жалаңаштанған гуманитарлық проблемаларды азық-түлікке бағаның өсуі, артып отырған есірткі трафигі, терроризм толықтыруда.
Көптеген мемлекеттер үстіне ауқымды аштық қатері төніп тұр.
Бүгінде шамамен бір миллиард адам аштықтан зардап шегіп отыр. Жыл сайын тек аштықтан ғана 5 миллионға жуық адам ажал құшады.
Қайғы-қасірет тыныштық пен болашаққа деген сенімін жоғалтқан миллиондаған отбасыларына келіп жатыр.
Бұл – бұрынғы жетістіктерінің барлығы жоққа айналған тұтас елдер мен халықтардың қасіреті!
Мен оны іздеп алысқа барудың қажеті жоқ, біз оны өзіміздің көршілерімізден көріп, біліп отырмыз ғой деп ойлаймын.
Бұл – адамзат тарихының қасіретті парағы. Көрнекті ағылшын жазушысы Хаксли былай деген болатын: «Адамдардың тарих қателігінен үйренбегені – тарихтың ең басты сабағы».
Келіңіздер, біз бұл тарихты біле отырып, үйіміздегі тыныштыққа қуанайық және бәріміз бірігіп, осы тыныштықты сақтайтын болайық.
Әлемдік экономиканың перспективалары еуроаймақтың бірқатар елдеріндегі созылмалы дағдарыспен күрделене түсуде.
Еуроодақтың көптеген елдерінде мультикультуризм саясатының құлауы ашық мойындалуда. Олар қазірдің өзінде көпұлттылық пен көпмәдениеттіліктен бас тартуда.
Сонымен бір мезгілде, бүкіл әлем бойынша дінаралық қарама-қайшылық шиеленісе түсіп отыр.
Құранды көпшілік алдында келеке ету мұсылман қоғамында әділетті наразылық туғызды.
Жауап ретінде фанаттар Ауғанстандағы БҰҰ миссиясында жұмыс істейтін жазықсыз жандардың қанын төкті.
Әлемнің көптеген өңірлері табиғи апаттардың тегеурінін бастан кешті.
Ондаған мың адам опат болса, сұрапыл материалдық шығын келді.
Жапониядағы – әлемнің екінші экономикасындағы жер сілкінісі мен цунами жаһандық экономикалық дамуға қатер төндіруде.
Фукусима қасіреті бейбіт атомды пайдалану қауіпсіздігіне үлкен проблемалар алып келді.
Мұның барлығы, қымбатты достар, жаңа онжылдықтың нақты қауіп-қатерлері.
Бүгінде Қазақстан – әлемдегі аздаған қауіпсіз елдердің бірі. Бізде әрі қарай да әлемге тұрақтылықтың, төзімділік пен қоғамдық топтасудың үлгісін көрсетуге мүмкіндік бар.
Кезінде Махатма Ганди: «Мен басқа елдер менің бостан елімнен бір нәрсе үйрене алулары үшін өз елімнің еркіндігін қалаймын», деген болатын.
Міне, осылайша деуге болады, біз басқа елдерді табысқа қалай жетуге болатынына үйретудеміз.
Егер менен сұраса, мен былай деген болар едім: қазақстандықтар бүкіл әлемге өркендеудің жалғыз дұрыс жолы – халықтың топтасуы екенін дәлелдеді.
Бізде барлық мүмкіндіктер мен ресурстар бар. Біз жаңа онжылдықтың жаһандық қауіп-қатерлеріне тек осылай ғана қарсы тұра аламыз.
Және біздің табыстарымыз әлемде аса жоғары баға алуда.
Бұл – біздің Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына басты сыйымыз.
Осында, Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінде сөйлегенде Ұлттық азшылықтар істері жөніндегі Жоғарғы комиссар Кнут Воллебек былай деді:
«Мен өз кезегінде сіздің еліңіздің өзіндік біртектілігін айқындайтын Қазақстанда алға қойылған мәдени көпқырлылық үшін кеңістік қамтамасыз ету мақсатын қолдаймын».
Біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыздың табысы, 11 жылғы үзілістен кейін ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитін өткізу – біздегі бейбітшілік пен келісімнің тиімді моделін, қазақстандықтардың бірлігін жаһандық мойындау.
Қымбатты достар!
Мен ұлы қазақ ойшылы Абайдың сөзін тағы да көлденең тартқым келеді. Ол былай деген болатын: «Таң алдындағы сәт бәрінен қараңғы».
Біз 90-шы жылдары ерлік таныттық, біз тарихтағы ең күшті әлемдік экономикалық дағдарысқа шыдас бердік.
Біз империялардың қалай қирап жатқанын көрдік.
Мұның барлығы біздің көз алдымызда болып жатты.
Ештеңеге қарамастан, Қазақстан таңсәріден де аман өтті.
Біздің еліміз өсіп келеді және өзінің позицияларын нығайта түсуде.
Қазақстандықтар қиямет-қайым қиын міндеттерді шешу төңірегінде бірлесіп, табысқа жетуде.
Біздің еліміз күшейе түсуде, біздің барлығымыз күшейе түсудеміз.
Мен Қазақстан жері бойымызға сіңірген жасампаздық қуаты әлемдегі ең озық, ең топтасқан және парасатты қоғам құруға пайдаланылатынына сенімдімін.
Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясының халық бірлігі мен ынтымағын нығайтудағы рөліне қатысты баяндамасынан соң, еліміздегі этномәдени орталықтардың өкілдері сөз алды.
Алғашқы болып сөйлеген Парламент Мәжілісінің депутаты
Валерий Вишниченко өз сөзін Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезектен тыс Президент сайлауындағы тамаша жеңісінен бастады. Біз жеңдік, біздің еліміз жеңіске жетті. Біздің біртұтас көпұлтты халқымыз жеңді! – деді Мәжіліс депутаты. – Біздің Нұрсұлтан Әбішұлына дауыс бергеніміз өзіміздің және отбасымыздың болашағы үшін, Отанымыздың алдағы уақытта өркендеуі үшін дауыс бергеніміз болып табылады. Бұл – әркімнің жүрек қалауы, дұрыс таңдауы. Осындай табысқа жетудің құпиясы қарапайым. Ол – құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің Мемлекет басшысы ретінде жүзеге асырған орасан зор жұмыстарыңыздың нәтижесі.
Депутаттың атап өткеніндей, биылғы президенттік сайлау еліміздің жаңа тарихында ерекше орын алады. Халықаралық байқаушылар мен сарапшылар кезектен тыс президенттік сайлау әділ, ашық және өз деңгейінде өтті деген баға берді. Бұл сайлаудың ұйымдастырылуы және демократиялық жағдайда өтуі қазіргі Қазақстан тарихына ғана емес, Орталық Азия елдерінің барлығына үлгі болады. Осы сайлау арқылы Қазақстан және қазақстандықтар әлем жұртшылығына өзінің бірлікті ту еткендігін көрсетті.
Осыған байланысты шешен мысал ретінде Қазақстанның өткен жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Ұйымның жоғары деңгейдегі Саммитін өткізгендігін, Саммитте Астана Декларациясы қабылданғандығын келтірді. Бұл біздің еліміздегі этносаралық толеранттылықтың бірегей моделін әлем жұртшылығы танығандығын көрсетеді. Бұл модель – Назарбаевтың моделі. Сөз барысында халық қалаулысы биылғы 2011 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы атап өтілетіндігіне тоқталды. Мемлекет басшысы осыдан 20 жыл бұрынғы еліміздің алдына қойған мақсаты мен міндеттерін табысты орындады. Бүгін біз осыны мақтан етеміз, – деп жалғастырды сөзін В.Вишниченко. – Еліміз бүгінде әлемдік қоғамдастықта өзінің лайықты орнын алды. Қол жеткізген осы табыстарға ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен дүниеге келген әлемде баламасы жоқ бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының ерекше рөл атқарғандығын атап өткім келеді.
Сөзінің соңында депутат еліміздің алдында тұрған жауапты міндеттерді атап өтті. Мемлекет басшысы алдағы кезеңдерде елді үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту және Қазақстанды бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына қосу міндетін қойып отыр. Бұл асқаралы міндетті шешу барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі стратегиясы да үлес қосатын болады.
Одан кейін сөз алған «Вайнах» чешен және ингуш халқы мәденетін дамыту қауымдастығының тең төрағасы
Ахмед Мурадов президенттік сайлауда Қазақстан халқы өзінің бірлігін әлем жұртшылығына тағы да тәнті еткеніне тоқталды. Оның атап өткеніндей, кезектен тыс президент сайлауы елімізде саяси және экономикалық реформалардың табысты жүзеге асырылғанын көрсетті. Сайлау ел Конституцияның талаптарына сәйкес демократиялық жағдайда өтті. Сайлауға еліміздегі саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, жастар мен ардагерлер белсене қатысып, өздерінің саяси және мәдени сауаттылығының көтерілгенін әлем жұртшылығы алдында дәлелдеді.
Мен Коалициялық демократиялық күштердің құрамында Мемлекет басшысының сенімді өкілі болдым, – деп жалғастырды сөзін ол. – Біз сайлау науқаны барысында еліміздің барлық өңірлерін аралап шықтық. Қоғамның барлық деңгейдегі өкілдерімен, сондай-ақ түрлі ұлттық және конфессиялар өкілдерімен де кездесулер өткіздік. Сол кездесулерде Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасының қазақстандықтардың болашақта әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына құрылғандығы барша халықтың шынайы көңілінен шыққандығына көзіміз жетті. Мен барлық Қазақстан халқын Президенттің өз елі мен өз халқының тағдыры үшін аса зор жауапкершілікті тағы да алғанымен құттықтаймын.
Шешен сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Қазақ жерінде қазақ халқы мен және оның мәдениетінің жандануына үлес қо