Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы болып өтті.
– Жексенбіде өткен кеңейтілген мәжілісте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің алдына бірқатар келелі міндеттер қойғанын білесіздер. Бүгін мен сол Елбасы жүктеген міндеттердің орындалу барысын және оған кім жауапты екендігін нақтылап алғым келіп тұр, – деді Үкімет басшысы.
Елбасы өз сөзінде таяу бесжылдықта Қазақстан табысы ең жоғары деңгейдегі елдер тобына енуі қажет, 2016 жылға қарай ІЖӨ деңгейі жан басына шаққанда кемінде 15 мың долларға жетуі тиіс деп атап көрсетті. Осыған байланысты Премьер-Министр Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовке екі апта уақыт ішінде әрбір сала үшін экономикалық өсім деңгейін белгілеуді және экономиканың әрбір саласына жауапты министрліктер мен әкімдіктерді анықтауды тапсырды. «Мемлекет басшысы айтқан межелерге жету үшін экономикамыз жыл сайын кемінде 7 пайыздық өсім көрсетуі керек. Біз экономикалық көрсеткіштердің өсу дәрежесін тоқсан сайын тексеріп отыратын боламыз, соған байланысты сіз экономиканың әрбір саласын өңірлер бойынша және ведомстволар мен министрліктер бойынша қандай жауапкершілік жүктелетіндігін жеке-жеке саралап көрсетуіңіз керек», – деді Кәрім Мәсімов.
Отырыста Үкімет басшысы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне осы айдың соңына дейін Индустрияландыру картасын нақтылауды жүктеді. Оның ішінде жаңа инвестициялық жобаларды іс жүзіне асыруға, биылғы жылы іске қосылатын 192 жобаның орындалуына барынша жауапкершілікпен қарау тапсырылды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына байланысты елімізде ұлттық геологиялық барлау компаниясы құрылады. Осыған орай Премьер-Министр Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевке және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшысы Тимур Құлыбаевқа бір апта уақыт ішінде осы ұлттық компанияны құру және оны қаржыландыру туралы нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды.
Сонымен бірге Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Сыртқы істер және Индустрия және жаңа технологиялар министрліктеріне елімізге жаңа инвесторлар тарту жоспарын белгілеп, нақты шаралар ұйымдастыруды тапсырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 17 сәуірде сөйлеген сөзінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, аграрлық секторды дамытуға, бәсекелестікті қорғауға және жер ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беріп, бірқатар келелі міндеттер қойды. Үкімет отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке Жер ресурстарын басқару агенттігімен және облыс әкімдерімен бірлесе отырып, еліміздегі барлық ауылшаруашылық маңызы бар жер телімдеріне ревизия жасау міндеті жүктелді. Сонымен бірге отырыста елімізде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру мәселесі бойынша нақты шаралар белгіленді.
Экономикалық даму және сауда министрлігіне Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікпен және өңірлердің әкімдерімен бірлесе отырып, жергілікті өзін-өзі басқару өкілеттігін кеңейту мақсатында бірқатар мемлекеттік өкілеттіктерді жергілікті жерлерге беру мақсатында кешенді шаралар белгілеу міндеті жүктелді. «Мемлекет басшысы үстіміздегі жылдың 13 мамырында Алматыдағы Ақпараттық технологиялар паркінің арқауында инновацияны дамытуға арналған кеңейтілген мәжіліс өткізетін болады. Осыған байланысты 10 мамырға дейін Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев нақты бағдарламалар дайындап, ұсыныс енгізуі керек», деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр бір ай мерзім ішінде Білім және ғылым министрлігіне тиісті әкімдіктермен бірлесе отырып, Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларында әлемдік деңгейдегі кәсіптік-техникалық колледждер ұйымдастыру жөнінде нақты шаралар дайындауды тапсырды. «Болашақ» бағдарламасына байланысты қордаланған мәселелерді шешудің жолдарын белгілеу үшін де министрлікке бір ай уақыт берілді.
Үкімет отырысында халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚО) жұмысын жандандыру мәселесі де жан-жақты тілге тиек етілді. Байланыс және ақпарат министрлігіне 30 маусымға дейін ХҚО-лардың жұмысын жақсарту және олардың тұрғындарға көрсететін қызметтерінің сапасын көтеру мақсатында нақты шаралар белгілеу тапсырылды. Сонымен бірге аталмыш министрлік «Қазақтелеком» АҚ-пен бірлесе отырып, екі апта уақыт ішінде тұрғындардың жоғары сапалы Интернет жүйесіне қосылу мүмкіндігін кеңейту және елімізде 4G стандартын енгізу жөніндегі нақты жоспарын әзірлеуі керек.
Көлік және коммуникация министрлігіне «Эйр Астана» ұлттық әуе компаниясымен бірлесе отырып, жеті сағат ұшу қашықтығындағы әлемдегі барлық ірі қалалармен тікелей әуе байланысын ашу міндеті жүктелді. Сонымен бірге Үкімет басшысы осы министрлікке «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» және «Қазақстан темір жолы» АҚ-тармен бірлесе отырып, еліміздің аумағы бойынша жүк тасымалының жүйелі кестесі көрсетілген транзиттік көлік әлеуетін арттырудың нақты жоспарын жасау міндетін жүктеді. Сондай-ақ Үкімет отырысында тиісті органдар мен барлық әкімдіктерге биылғы жылу маусымының қорытындысын саралап, алдағы жылу маусымына дайындықты жандандыру мәселесі тапсырылды. Үкімет басшысы тиісті министрліктер мен ведомстволарға жұмысшылардың еңбекақысын мезгілінде төлеу қажеттігін ерекше еске салды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бас прокуратурамен бірлесе отырып, осы мәселе бойынша жан-жақты мониторинг жүргізіп, кінәлілерді анықтауы қажет. Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Ауыл шаруашылығы министрлігіне, өңірлердің әкімдеріне көктемгі егіс жұмыстарын барынша ұйымшылдықпен өткізуді тапсырды. Күн тәртібіндегі осы келелі міндетке байланысты 20 сәуір күні Үкіметте арнайы селекторлық кеңес өткізілетін болды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.