Орал өңірінде тұрғындарды тасқын судан құтқару және оған тосқауыл қою жұмыстары өз нәтижелерін бере бастады. Су ортасында қалған Алғабас, Қарағай және Бесоба ауылдарындағы күрделі жағдай қалыпқа түсіп келеді. Өңірдегі шағын өзендер өз арнасымен ағуда. Енді бір қауіп болса Жайықтан болуы мүмкін. Су тасқынының екінші толқыны Жайық өзені арқылы келмесіне кім кепіл?
Дәл бүгінгі күні батысқазақстандықтар осындай ой мен күдіктен, тіпті үрейге бой алдыру сезімінен де құралақан еместігін жасырып қала алмаймыз. Орал қаласының бір топ тұрғыны кеше таңертең Жайықтың жағасындағы жағдайды бақылап жүрген Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке де осы қауіптерін жеткізіпті. «Сіз бұған не дейсіз?»- деп қадала, қиыла сұрапты. Облыс басшысы оларға бұлайша қауіп етуге әзірге ешқандай негіз жоқ деп жауап қайтарған.
Сондай-ақ бүгінгі материалымызды газетке әзірлеу барысында аталмыш сауалды Батыс Қазақстан гидрометеорология орталығының директоры Қаракөз Елеуоваға қойғанбыз. Оның жауабы төмендегідей.
– Алдағы күндері Ақжайық аймағында ауаның температурасы төмендеп, жауын жауады. Кей жерлерде қатты жел тұрады деп күтілуде. Бұл құбылыс әрине, өңірдегі ылғал мөлшерінің көбеюіне әсер етеді. Ал Жайық өзенінің деңгейі тағы да өседі екен деген қауесет шындыққа сәйкес келмейді. Мен бұл мәселе жөнінде ресейлік әріптестеріммен күн сайын сөйлесіп, байланыс ұстап отырмын. Олар мені сәуірдің аяғы мен мамыр айының ортасына дейін Ириклин су қоймасын толтыру жоспарланып отырғаны жөнінде нақты деректерді алға тартты. Бұл өте үлкен қойма. Мұның өзі біздің өңірге тасқын судың екінші толқыны соғуы мүмкіндігін мүлдем төмендетеді. Тіпті жоққа шығарады.
Лайым да солай болғай. БАҚ тасқын судың Орал өңіріне адам айтса сенгісіз орасан зор шығын келтіргенін көрсетіп, жазып жатыр. Ақиқаты да осы. Дегенмен, тасқын өңір экологиясын сауықтырып, су тапшылығын жоюға пайдасын тигізетінін де ұмытпайық. Соңғы жылдары Жайық пен Шаған өзендерінің арнасы мүлдем тартылып, бұл фактор табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына әсер ете бастады. Сондықтан, биылғы мол суды ел игілігіне ұтымды пайдалана білудің берері мол. Тасқынмен күндіз-түні арпалысып жатқан батысқазақстандықтар мәселенің бұл жағын да ұмыт қалдырмағанын айта кеткен жөн.
Ақжайық жұртшылығына бүгінде барша қазақстандықтар өз көмектерін бере бастады. Кеше «Егемен Қазақстанның» тілшілер қосынына Жаңақала ауданының құрметті азаматы Төлеген Мерғалиев хабарласып, газетте жарияланған шығысқазақстандық ақын Дулат Шідеровтің батысқазақстандықтарға арнаған жыр жолдарын оқығанда көңілі босап қоя бергенін айтты. Ұлы Отан соғысы кезінде Питерде үй қабырғаларына жапсырылған Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атты арнауы оны қорғаушыларға қандай күш-жігер бергені бұған дейінгі жазбалардан белгілі. Дулаттың өлеңінің әсері өз басым үшін содан кем соққан жоқ. «Біз сіздермен біргеміз», дей отырып, ол бізге үлкен дем берді. Баға жетпес моральдық қолдау көрсетті. Сол үшін Дулатқа да, осы арнау өлеңді жариялаған «Егеменге» де ризашылығымыз шексіз. Осылай деп ішкі ойын ақтарып салған Төкең осы тілегінің «Егеменнің» бетінде көрініс табуын өтінді.
Сонымен бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысында бұрын-соңды болып көрмеген жойқын алапат тасқынның беті қайта бастады деп ой түйе аламыз. Осы арқылы батысқазақстандықтар тасқын су зардаптарымен күрестің екінші кезеңіне аяқ басты деуге болады. Бұл бүлінген, су астында қалған инфрақұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары. Бірінші кезекте көлік жолдарын жөндеу қолға алынып отыр. Әрине, тасқыннан алар ащы сабақ әлі алда деп білеміз. Әйтсе де оның басты бір сабағын дәл қазір айта кетудің де артықшылығы жоқ. Ол Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко атап көрсеткендей – аумақтарды дамыту бағдарламаларын бекіткен кезде инженерлік-сақтық құрылыстарын қоса жобалау болмақ.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.
____________________________
Суретте: тасқынның салған әлегі.
Суреттерді түсірген Александр КУПРИН.