20 Сәуір, 2011

Ядролық қуатсыз даму жоқ

468 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
БІРАҚ ОНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕСІ ШЕГІНЕ ЖЕТКІЗІЛУІ ТИІС Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Украинаның ас­танасы Киев қаласына келіп, Чернобыль АЭС-індегі апатқа 25 жыл болуына орайластырыла ұйымдастырылып, атом қуатын қауіпсіз және инновациялық мақсатта пайдалану мәселелеріне арналған саммитке қатысты. Саммитке ұзын саны 60-қа жуық делегация келген екен. Соның ішінде БҰҰ, НАТО, Еуропа Кеңесі, Еурокомиссия, МАГАТЭ, ДДҰ сияқты беделді халықара­лық ұйымдардан келген делегациялар да болды. Халықаралық ұйымдар делегацияларының бас­шы­лары қатарында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Еуроко­мис­сияның президенті Ж.Баррозу, МАГАТЭ-нің бас директоры Ю.Амано және т.б. келіпті. Делегация бастаған мемлекет басшы­ла­ры қатарында Қазақстан Президентінен басқа Польша, Хорватия, Венгрия, Румыния, Чехия президенттері, ал Әзірбайжан, Бельгия, Литва, Франция, Малайзия, Словакия мемлекеттерінің үкімет басшылары, Қытай, Ресей және т.б. көптеген елдердің үкі­мет басшыларының орынбасар­ла­ры, сырт­қы істер министрлері болды. Бір сөзбен айтқанда, Украина ас­танасы желтоқсан айында ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізген Астана сияқ­ты қатты әбігер үстінде екен. Украина Президенті Виктор Янукович қарсы алушы мемле­кет­тің басшысы ретінде делегация басшыларын дәл біздегі секілді жеке-жеке қарсы алып тұр­ды. Астана уақыты бойынша кешкі 18.00-де, ал Киев уақы­ты­мен түс ауа бере, яғни 15.00-де саммит өз жұ­мысын бастады. Осыдан 25 жыл бұрын Украина қаласы – Чернобыльде ХХ ғасырдың аяғындағы адамзат та­рихында орын алған ең үлкен тех­ногендік апатқа қазақ­стан­дық­тардың да қатысы болды. Оның зардаптарын жою үшін сол кездегі КСРО аумағындағы барлық республикалардан мамандар мен жұмысшылар тартылды. Соның ішінде 30 мыңнан артық қазақ­стандық апаттың зардабын жою­ға қатысып, өз денсаулықтарына залал келтіру қаупіне барды. Сондықтан да, оның зардабын айтқанда, Қазақстан ешқашан шет қала алмайды. Сол кездегі КСРО мемлекетін ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген апат 1986 жылдың 26 сәуірінде болған еді. Сол күні осындағы АЭС-тің төртінші бло­гы жарылып, жойқын апат орын алған-тын. Одан тараған радиация көршілес елдердің бәріне жетті. Мұндай болады деп ой­ла­маған еуропалық елдердің бәрі де қатты дүрлігіп, атомның зарда­бын жоюға бүкіл әлемді жұмыл­дырды. Сол үшін «Укрытие» атты халықаралық қор құрылды. Оның негізгі қаржыгері және қаражатты іске жұмылдырушы Еуропа Қайта құру және даму банкі болды. Бүгінгі күнге дейін осы қордың қоржынына 864 млн. еуро түсті. Оған 30 донор қа­тыс­қан еді. 2000 жылы АЭС-тің соң­ғы реакторы тоқтатылған бола­тын. Қазір жарылыс болған төр­тін­ші блокты толығымен залал­сыздандыру және 1-3 блоктардың қолданылған ядролық отындары­ның қауіпсіз жағдайда сақталуын қамтамасыз ету мәселелері алда тұр. Оның қоймасы Ядролық қауіпсіздік есеп-шоттары есебінен қаржыландырылады. Бүгінгі күнге дейін оның қоржынына 17 донор 321 млн. еуро аударды. Бүгінгі күні әлемнің алдында пайдалану мерзімі жетіп, ескірген атом электр стансаларын пайдаланудан шығару міндеті тұр. Бірақ соны іске асыратын ин­фра­құрылым әлі күнге жасалмаған. Еуро­па Қайта құру және даму банкі арқылы бөлінетін қаражат негізінен пайдаланылған ядролық отындарды сақтау жұмыстарын атқаруға ғана қолданылады. Ал ескірген атом электр станса­ла­рын пайдаланудан шығару да бірлескен жойқын қаржылық, техногендік күшті қажет ететін шара. Өйткені, мұндай жағдайда сол елдің энергетикалық пробле­ма­ла­рын шешетін баламалы қуат кө­зін де қарастыру керек. Осы уа­қытқа дейін осындай қиын­дық­тар­дың салдарынан бұл іске жа­һандық тұрғыда бәлендей мән берілмеген болса, енді Жапо­ния­дағы «Фукусима-1» АЭС-інде бол­ған апат бұл шаруаны кейінге қал­дыра беруге болмайтынын көрсе­тіп берді. Украина саммиті осы мәселелерге жаһандық тұр­ғы­да қозғау салуды мақсат еткен екен. Саммит жұмысын Украина Президенті В.Янукович құттық­тау сөзбен ашып, жүргізіп отыр­ды. Ол өзінің сөзінде Чернобыль апатының зардабын жоюға қа­тыс­қан бұрынғы КСРО респуб­ли­ка­лары азаматтары мен әлем елдерінің көмегіне ризашылығын білдірді. Ядролық энергияны бей­біт мақсатқа пайдаланудан еш­кім де бас тарта алмайды, бір­ақ мәселе қатаң бақылауда болуы керек, деді ол. Алғашқы сөзді БҰҰ Бас хат­шысы Пан Ги Мун алды. Ол БҰҰ тарапынан Венада осы істі ба­қылауға алу туралы мәселе көте­рілгенін еске салып өтті. Әлемнің барлық түкпірінде ядролық қуат­ты пайдаланушыларға бірдей қауіпсіздік нормалары жасалып, ол қатаң сақталуы керек, деді ол. Бұл істе барлық елдердің бір-біріне деген сенімі де зор бол­ғанын қалаймыз. Екінші болып сөз алған Еуро­комиссияның президенті Ж.Баррозу Чернобыль апатының зарда­бын жоюға Еуроодақ тарапынан жасалған көмектерге тоқталды. Соның ішінде ол Еуропа Қайта құру және даму банкінің көме­гімен жасалған әрекеттерге кеңі­нен тоқталып, жасалған жұмыс­тар туралы айтты. Үшінші сөз Мемлекет басшы­ла­ры арасынан бірінші болып Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевқа бе­рілді. Чернобыль апаты алғаш­қы болып атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудың да орасан зор қаупі бар екенін бүкіл әлемге көрсетіп берді деп айтсақ қателеспейтін шығармыз, деді Қазақстан Президенті. Апат зар­да­бын залалсыздандыруға жүзде­ген мың адамның қатарында 32 мың қазақстандық та қатысты. Олардың көбі денсаулықтарынан айырылды, біразы өмірімен қош­тасты. Ядролық радиацияның зар­дабын басынан кешіп келген біздің халқымыз чернобыль­дік­тер­дің тағдырына барынша түсі­ністікпен қарайды. Осылай дей келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы Қа­зақ­стан жерінде әлемдегі ең үл­кен ядролық сынақ полигонының болғанын, онда 116 Чернобыль апатының зардабына тең 456 жарылыс жасалғанын және оны Тәуелсіз Қазақстанның Президенті болып сайланғаннан кейін алғашқы Жарлықтарының бірімен өзінің жапқанын айтты. Одан әрі осы сынақ поли­го­нының орнында былтыр БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун болып, Қа­зақстанның жаһандық ядоролық қарусыздану ісіне сүбелі үлес қосқанын атап өткенін жеткізді. Біз биылғы қазан айында Семей полигонының жабылғанының 20 жылдығын атап өтіп, соған бай­ланысты халықаралық «Ядросыз әлем форумын» өткіземіз. Осы мүмкіншілікті пайдаланып, сіздерді соған қатысуға шақыра­мын, деді Н.Назарбаев. Елбасы атом энергетикасын бүгінгі күні пай­далану мәселесіне тоқтал­ған­да, АЭС-терді салу жоспарына барынша мұқият қарайтын жа­ңа­ша ұстаным керек екенін атап көрсетті. Әсіресе, бұрын мұндай энергетиканы пайдаланбаған елдерде бақылау еселеп арттыры­луы керек. Үстіміздегі ғасырдың ортасына қарай елу ел АЭС-ке қол жеткізгісі келіп отырғаны бел­гілі. Апат болған жағдайда олар елдің ауқымынан шығып, транс­шекаралық өлшемге жететінін ескеруі тиіс. Сондықтан АЭС және басқа да азаматтық атом нысандарының қауіпсіздігі жа­һан­дық ядролық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі болып отырғаны айдан анық. Осыларды ес­керіп, қауіпсіздіктің халық­ара­лық, барынша қатаңдатылған, бір­текті стандарттарын әзірлеу керек. Осы қатарда МАГАТЭ шең­берінде тәуелсіз сарапшы­лар­дың күшімен АЭС-терді басқару жүйелеріне тұрақты түрде стресс-тест жасалып тұруы қа­жет. Сонымен бірге АЭС пайда­ланушы мемлекеттер мен компаниялар ядролық нысанда болған кез келген оқыс оқиға туралы өз тұрғындарын да, халықаралық қоғамдастықты да шұғыл хабардар еткені талап етілуі керек. Егер мұндай талаптарды орын­дағысы келмегендер болса, әлем­дік қауіпсіздікті сақтау ісі ондай мемлекетке қатаң санкциялар қол­дансын. Атом энергетикасын дамытқысы келген кез келген елдің өкіметі апатқа жол берген жағдайда басқа мемлекеттер мен жаһандық экологияға келтірген зардабының шығынын өтеуге дайын болуы шарт. Біздің бала­ла­рымыз бен немерелеріміз бүгінгі күні елдің билігі мен бизнесінің басында болған адамдардың қателіктеріне жауап бермейтін болсын, деді Н.Назарбаев. Одан әрі Елбасы Қазақстан­ның атом энергетикасын дамыту жоспарларына тоқталды. Біз бұл іске барлық жағдайды екшеп кіріскелі отырмыз. Біздің еліміз қа­зір уран рудасын өндіруден әлем­де бірінші орында тұр. Еліміз реакторларды пайдалануда да, қол­данбалы ядролық физика са­ла­сында да жеткілікті дәрежеде ғылыми-тәжірибелік сынақтар­дан өткен. Атом өнеркәсібін да­мыту барысында біз ядролық отын циклінің вертикалды инте­гра­цияланған компаниясын құру­ды жоспарлап отырмыз. Яғни, уранды өндіруден бастап, одан отын алуға дейінгі циклді жа­самақ­пыз. Сонымен бірге, біз қауіпсіздік шараларын толығы­мен қарастырып және оның МАГАТЭ тарапынан бақылауда болғанын қалаймыз, дей келіп, Қазақстан өз аумағында пайда­ла­нылған отынның банкін орна­лас­тыруға дайын екенін тағы қай­талады. Сөзінің соңында Елбасы Франция мен Украинаның Черно­быль АЭС-і зардаптарын жою жөніндегі халықаралық жо­балар­ды аяқтауға көмек сұрағанын Қа­зақстан Үкіметі қарастырып, осы іске қаражат бөлу туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Мен Киев саммитіндегі атом энерге­ти­касын дамыту мен оның қауіп­сіздігін сақтау жөнінде кеңінен ай­тылған мәселелер нақты нәти­желерге қол жеткізер деген үміт­темін, деді Қазақстан басшысы. Қазақстан Президентінен кейін сөзді Польша, Швейцария, Венгрия, Хорватия президенттері және басқалар алып, көтерілген мәселе жөнінде өз ойларын ор­таға салды. Саммит қорытын­ды­сы бойынша атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдалану бары­сын­да халықаралық қауіпсіздікті сақтау мәселелеріне жауапкершілік туралы декларация қабыл­данды. Саммит барысында Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, Еуропа Ко­миссиясының президенті Ж.Бар­розу және Украина Президенті В.Януковичпен кездесіп, екіжақты ын­тымақтастықтың кейбір мәселе­лері жөнінде пікір алмасты. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан» – Киевтен. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.