Ол күндегі Алматы бүгінгісіне атымен ұқсамайды. Самырсындар сап түзесе, самсаған Губернатор бағының батыс жақ қапталында бір ұйғырдың көнелікті қора-қопсысы болатын. Түп жақтағы жапсырма баспалдақпен үстіңгі қабатқа көтерілсең, тап-тұйнақтай шағын бөлмеге келіп тірелетінсің. Соны студент кезімізде Мұхтар Мағауин мен Төлек Тілеуханов пәтерге жалдап тұрды.
Қаланың қақ ортасы еді. Есігінің алды әрлі-берлі ағылып жатқан трамвайлар-тұғын. Одан әрі темір шарбақпен қоршаған ескі парк. Әрі өткен, бері өткендердің бәрі соқпай кетпейді. Кітапханаға бара жатып та, одан қайтып келе жатып та ат құрғатпайтындардың біреуі менмін.
Бір күні келсем, Мұхтар мен Төлек төсектерінен әлі тұрмапты. Біреуі «Мадам Бовариді», біреуі Жорж Сандты құшақтай құлапты. Сиыр сәскеге дейін рақаттанып жатыр. Аяқ жақтарындағы көнетоз орындыққа енді жайғаса беріп едім, тақтай есік тағы да тықылдай жөнелді. Ашсам, ар жағынан қашанда қуақылық айтып, қаралай жұртты күлкіге батырып жүретін Рымғали Нұрғалиев көрінді.
Соңына ылғи ыржиып күліп тұратын, қалқан құлақ, бидай өң, талдырмаш бала жігітті ертіп алыпты. Елде тұратын майдангер жазушы Кәмен Оразалиннің інісі дейді. Аты Сұлтан көрінеді. Биыл мектепті медальмен бітіріпті. Біздің филфакқа түсіпті. Тіл мен жағына сүйеніп сайрап тұр. Жұрт сөйлеп жатқанда, бірдеңе дегісі келіп, аузы жыбырлап күлімдей береді. Бірақ, алдындағы ағаларынан сөз тимейді. Бірінің аузындағыны бірі қағып алып, күмпілдесе жөнеледі.
Төртеуі де нағыз сен тұр, мен атайындар. Абайдың ауылынан. Ол кезде Абай әлемінің төрткүл дүниеге түгел жайыла бастаған кезі еді. Кемеңгер Әуезовтің қаламынан шыққан әр сөйлемді қастер тұтатын кәріқұлақ қазақ қауымының бұған дейін бәр-бәрі жөндеп біле қоймаған Абай ақынның жәй-жапсарына түгелдей пейілі ауып, дендері тегіс құлай бастаған тұсы-тұғын. Қасымдағы төрт досымды тыңдай бастасам, менің де аузым аңқиып қалады.
Білмейтіндері жоқ. Мен естімеген, оқымаған, білмеген талай гәп ортаға түсті. Туды-бітті көрмеген-білмеген Шыңғыстау, Қарауыл, Жидебай, Үлкен Орда, Кіші Орда, Қоңыр әулиенің үңгірі, Бақанас, Баршатас, Абыралы, Қайнар, Дегелеңдерді оймен шолып, қиялыммен шарладым. Кейін барып көргенімде, бәрі де көзіме оттай басылды. Достарым құлағыма құйып баққан сол ортада баяғыдан бері бірге жүргендеймін.
Сұлтан Оразалинмен де сол жылдардан бастап араласа бастадым. Жақсы қалыптасқан жарастығымызға әлі күнге ақау түсіп көрген емес.
Бүгіндегі жетпіске жетіп, алды мен артын бірдей шолып, ойға батып отырған Сұлтанның көзінің алдында өткен өмір жолының талай дүрбелеңі дүрлігісіп тұрған шығар. Соның талайының тұсында үзеңгілес болып, бірге жүріппіз.
Қаршадайынан қай-қайдағыны ойлап, асау арманның соңында жүретін. Әлде- бір жаңа жобаны іске қосып, уақыт жетпей, мұрнынан шаншылып жатқаны. Бүгін де солай, кеше де солай, тіпті баяғыда аузы ашылған арманшыл албырт шағында да солай еді.
Бірде оны Алматының көпшілік кітапханасының оқу залында көрдім. Жан-жағында әлдеқашан сарғайып кеткен, латынша басылған көне газет-журналдар мен кітаптар жайрап жатқан-ды. Ортасында ешкімді көрмей, ешкімді естімей, әлдебір жұлым-жұлым көне кітаптан көзін ала алмай Сұлтан отырды. Қасына барып, даусымды қатқылдау шығарып: «Әй, Сұлтан, амансың ба?», деп сұрадым. Селк етіп, ұшып тұрды. Ыржалаңдап бетіме қарады. «Ой, сен екенсің ғой!», деп бір күңк етті де, қалғандарға кедергі келтірмейін деп, қолтығымнан демеп, вестибюльге қарай беттеді.
Жұрттан оңашаға алып шыққан соң: «Қайдан жүрсің?», деп күле қарап, жауабымды күтпей: «Диссертация ғой. Жұмысы көп пәле екен. Енді кіріскелі жатырмын», деп күлді. Желкесіне қолын апарып: «Университеттегі ұстаздарым бар ғой. Солар «Таудай талабыңды босқа шашпа! Қалаған тақырыбыңды ал да қорға!», деді. Содан әрі ойланып, бері ойланып, отызыншы жылдардан бермен қарай сүбелі еңбек етіп келе жатқан жазушымыз Ғабдол Слановқа тоқтадым. Ол жайында кейінгі жылдары бірде-бір мақала жазылмапты», деді.
Иә, Ғабдол Сланов тұсында қазақ әдебиетін дүркіретіп келген азаматымыз еді. Бір «Дөң асқанның» өзі неге тұрады?! Тұсында көзі қарақты қауымның бәрі оқыды. Ұлттық оқырманды осынша тамсантқан қаламгер кейінгі жылдары да бұрқыратып көп жазды. «Арман ағысы», «Дөң асқан», «Кең шалқар», «Жанартау»... Жем бойынан Жетісудағы Қарғалы, Шалкөдеге дейін ол сүйсіне суреттемеген жерлеріміз бар ма?! Сол жылдары бір әзілкеш ақынның ол туралы: «Арман ақтым, дөң астым, шалқар кештім, тау бастым. Ойланайын отырып, нені таптым, нені аштым?», деп жазғаны бар еді. Отандық беллетристикаға осынша олжа салған майталман қаламгер, расында да, «нені тапты, нені ашты?».
Бұны әдебиеттану ғылымы мықтап ойлануы керек қой. Соған басқа емес, біздің Сұлтан тәуекел етіпті. Ол ешкіммен ешқандай қақ-сағы жоқ, жөніне жүріп, жөндем жазатын, қойдан қоңыр Слановты неге таңдағанын: «Әдебиетте жазған шығармаңнан басқа қандай көрсеткіш керек?! Еңбекқор ағамыздың жазған-сызғандарын қайтадан оқып, ара салмақтарын қайтадан анықтағым келеді», деп түсіндіріп еді.
Шынында да, Сұлтан егжей-тегжейлеген еңбек тым елеулі болып шықты. «Өмір шындығы және көркемдік шешім» монографиясы әдебиеттанудағы айтулы шығармалардың бірі болып есептеледі.
Көп айтылып, жауыр болмаған жәйттерге назар аудартуымен көзге түскен бұл мінезін шыңдаған үстіне шыңдай түсті. Ол кездегі әдебиетшілеріміздің жайылатын жалғыз өрісі мерзімдік баспасөз еді. Олар да тым санаулы-тұғын. Бірақ, қандай саладағы газет пен журнал болмасын әдебиет пен өнерге деген ықыласы айрықша алабөтен еді. Өлең мен әңгімені қағыс қалдыруды ол кездегі редакциялар кешірілмес кісәпірлік санайтын. Сондай дәстүр мықтап орныққан қоғамда, қайда барсаң да, жорналшы мен жазушы құшақтасып бірге жүретін.
Тіпті, күні кешегі қаламы жүйрік жорналшының аз уақыттың ішінде іргелі жазушыға айналғанын көретінбіз. Бәріміз де күні кешегі газет қызметкеріміз. Осындай дәстүр радиода да орнықты. Әуелде күнде ертемен «Қайырлы таң!» деп оятатын майда қоңыр әуезді диктор Мұқағали Мақатаев келе-келе жүйрік қаламгерге айналып, күндердің күнінде алдында бөркімізді алатын ұлы ақын болып шыға келгенін кім білмейді?!
Бұндай жоралы жолдан жаңадан ашылып жатқан телевизия да аулақ тұра алмады. Алғашында жиналыстан жиналыс тастамай түсіріп, қайда не болып, не қойып жатқанын сол бойда ізін суытпай көрерменге көрсетуге құмар телевизияны жәй әншейін инженерлік-техникалық қызмет қой деп ойлайтынбыз. Бірте-бірте ол ұшқары түсініктен арылып, істің мән-жайына қаныққан орнықты көзқарас меңдей бастады. Алдымен шекпен, тақияларын, домбыра, қобыздарын қолтықтарына қыстырып, әртістеріміз солай қарай шұбыратынды шығарды. Артынша-ақ, шаштары дудырап, қабақтары жалбырап, ақындарымыз көгілдір экраннан түспей қойды. Қарақұрт шағып алғандай безілдеп, дұғалық айтып отырған бақсыдай, кеңірдектерін керней созып, отан, партия, ғарышкер жайлы толғауларын оқып, ертеден қара кешке ыңырана сарнап отырғандары.
Бұрын анадай жерде, қорағаш жұтқандай қоқырайып тұратын бейтаныс өнер бірте-бірте көрерменге жақындайын деді. Қақ төрдегі қақырайма орнын тастап, үйіңе, күйіңе тұрмысыңа араласа бастады. Не болып, не қойып жатқанын білгісі кеп, дігірлеуден тыйылып, жаныңның жай-күйіне де көңіл аударайын деді. Бұрынғыдай андыздап тұрған асай-мүсейлердің қайсысымен қақтығысып, қайсысымен соқтығысып қалар екенмін деп, екі қолы алдына сыймай, қаралай үрпиісіп отыратын жазушылар да төбелерінен ентелей төнген камералар мен шақырайған электр жарығына еш жасқанбай, құрдасының үйіне келгендей, көсіліп салып, емін-еркін әңгіме соғатынды шығарды.
Өйтіп, телевизияны әдебиеттендіруді бастап беріп жүргендердің бірі де осы Сұлтан Оразалин еді. Шалқайма креслода жайланып жатып алып, азуы алты қарыс Абай ауылының ділмарлығына басып, аузы-аузына жұқпай, сампылдап сөйлей жөнелгенін көргенде, қаралай сенің де арқаң қозады екен. Қаршадай Сұлтанның телевизия тілін еркін меңгеріп, суда жүзген балықтай байпаңдағанына біз де сүйсінетінбіз.
Көптің алдын біраздан бері көрмей кеткен Ғабит Мүсіреповті қояр да қоймай жүріп, көгілдір экранға жетелеп өзі алып шықты. Қарғалыдан басқа жерге баспай қойған Ғабиден Мұстафинді таяғын тақылдатып, қазақ телевизиясына Сұлтан өзі ертіп кіргізді. Сұлтан сұрағанда, жыл он екі ай жер-көкті шарлап, үйінен таптырмайтын Шыңғыс Айтматов, құдай қолдап, ауылда бар болып шықты.
Сыпайы сөйлессе де, алыстағыны аңғарып сұрақ қоятын осы бір қалқан құлақ сары бала адам жадына қай-қайдағыны оралтады екен. Бәрінің де сыралғы досындай, кәнігі құрдасындай, ешкімнің шымшылап шамына тимей, сары майдан қыл суырғандай ұзақ уақыт бипаздап сөйлесіп отырып-ақ, асықпай әңгіме-дүкен құрды. Құмардан шыға іш ашысып, әбден сырласты. Тергеп-тексермей-ақ, аузын аштырмай, алдын кес-кестемей-ақ, байыппен сөйлесіп-ақ, бар сырын емін-еркін айтқызған, бұл сұхбаттар – ұлы тұлғаларымызды шешіле сөйлеткен үлкен рухани құбылыстар болды. Сөйтіп, біздің көз алдымызда телесұхбат жанры туды. Содан бері біздердің, көрермендеріміздің көз қуаныш хабарларына айналды.
Телевизияшы-қаламгер, телевизияшы-қайраткердің ашқан жаңалықтары жалғыз бұл емес-ті. Көпшілік асыға күтетін «Кездесулер» мен «Портреттерге» қоса, «Халық қазынасы», «Тамаша», «Қымызханаларды» да ұйымдастырды. Сол арқылы қой бастаған қошқардай алға түсіп, тағылымды жолға бастайтын, ұлттық санамызды өрге сүйреген өрелі ақпараттың алғашқы көпке кеңінен танымал жұлдыздарының бірі болды.
Сол шабысынан әлі танбапты. Оған жуырдағы «Қазақ зиялылары туралы антологиясы» әбден куә бола алады. Тәуелсіз мемлекетіміздің алғашқы қаз басып тұрған кезінен Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Ғайрат Сапарғалиев сынды саңлақ академиктер сыр шертеді. Биылғыдай тәуелсіздігіміздің тойлы жылында жар құлағы жастыққа тимеген жаңа заман қайраткерлерінің талайын тыңдап, құйма құлақ халқымыз құмарынан бір шығады деп сенеміз. Өз ұлтымен бірге өркендеп, бірге түлейтін қайраткердің қаламы мен камерасына ілігуге талай-талай замандастары әбден лайық деп білеміз.
Сұлтан – халық артқан үмітті әрдайым ақтап келе жатқан қайраткер. Ол жүрген жер гүлденеді, ол жүрген жердің көсегесі көгереді дейтіндей өрен тұлғаға айналды. Талай жыл қатарынан «Өнер» баспасын, зияткерлік құқық басқармасын басқарып, жұртына жоралы жол тастады. Кейінгі жылдары заңды кеңінен насихаттаудың майталманы атанды.
Халық жолдаған шаруаны қайда да орта жолда қалдырмай, ел күткен биікке алып шықпай қоймайтын Сұлтанға әрдайым үлкен сенім көрсетілді. Тілдер жөніндегі комитеттің төрағасы, ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитеттің бірінші орынбасары лауазымдарын ойдағыдай атқарғанына бәріміз де куәміз. Бүкіл қазақ қауымының өзекті рухани мүдделері айқындалар талайлы тұста ол саясат алаңынан тапжылмай табыла алды. Қиыннан бұлтарып, ауырдан тайсалмады. Ұлттық руханиятымыздың керек кезінде ойбайлайтын жоқшысы бола білді. Арыстандай арпалысып, дәл мәселе шешілер тұстағы талай талқыда ел намысын, тіл намысын жыртысты. Талай жерде қолдау таппай, қапы қалды. Батпандап кірген аурудың мысқалдап шығып, бітпей жатқанына қабырғасы қайысып, қалың халқымен бірге күйзелді.
Уайымына ортақтасар тілеуқор қайдан табылса да, құшақ жая қарсы алды. Ел мүддесі жолындағы жақсылыққа, кім жасаса да, бірге қуанды. Отыз тоғыз пайыз қазақтың өзі түгел білмейтін ана тіліміздің мемлекеттік тіл санатына ілігіп, орнығып кетуі жолында айла-амалдың бәрін қарастырды. Көптің ісі көппен бітетінін біліп, көпшіл болды. Ел патриоттары, тіл патриоттарының қатары қалыңдап, қарқындары тасығанына ол да масайрады.
Бірақ, кенеуі бір кетіп қалған шаруаның қайта түзелмегі талайдың зығырданын қайнатып, талай жүйкені тоздыратынын да білді. Қиыннан басталып, қиырдан қиырға созылатын ел мүддесі деп аталатын ұлы жол шегі мен шетіне жеткізе қоймайтынын да ұқты. Оған жауапкершілік деп аталатын ұлы сезім, қай қиыннан да тайсалмайтын ұлы төзім керек екенін мойындады. Ол дәйім ұлы көш көшелі де көлікті болғай деп тіледі.
Сол ұлы жолдың үстінде келе жатып, жетпіс жасқа жеткенін сезбей де қалды. Ел үшін еткен еңбегі босқа кетпепті. Халықаралық телевизия және радио академиясының академигі, профессор атанды. Баспасөз саласындағы Президент сыйлығының лауреаты болды. Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер атағын алды. Адамдық жеке бақыты маздап жанды. Бабын тапқан келісті жары бар. Тек әкесінің ғана емес, елінің де көңілінен шыға білген ұлы бар. Құлыншақтай құлдыраңдасып ойнақтаған немерелері қандай!
Ұлы саптан кетпеген, дулығасын шешпеген Сұлтан Азаматқа әлі талай дүркірете қол соғамыз.
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.