Ал, оны тұрғызу үшін Алматыдан арнайы мамандар шақырылған. Торкөз керегесінің биіктігінің өзі екі жарым метр болады. 250 сидам уық алып шаңыраққа бекіп, қаусырма күмбезі анадайдан көзге түседі. Мамандар бірінші күні көшпенділер баспанасының қаңқасын тұрғызса, екінші күні ішін әрлеуге кірісіпті. Тұскиіз іліп, басқұр, иін бау, жел бау, шашақ секілді жабдықтарды орнатқан. Негізінен ең алып киіз үй «Алтын Орда» деп аталып, 30 қанатты болып келеді екен. Дала салты бойынша онда дәрежесі артық далай хан төлеңгіт-уәзірлерімен ресми кеңес құратын болған. Ал, бүгінгі Балқашта бой көтерген мұндай боз ордада ханның отбасы тұрған. Одан сәл кішірек, Қазтуған жыраудың «Ақ ала ордам қонған жұрт» дегені сегіз қанатты дәулетті бай-бағландардың үйі. Қараша мен отаудың мағынасы белгілі.
−Алты қанатты үйдің құр сүйегін 15 минутта құрасың. Ал 8 қанатты жарты сағатта тұрғызуға болады. 12 қанаттыны 2-3 сағатта, 24 қанаттыға ішіндегі жабдықтауына мән беретін болсақ, 1-2 күн уақыт кетеді. Қазақы үйді құрғаннан кейін, уықтарға тізбе кетеді. Жан-жағын шайқалмасын деп тізбелеп тартады. Және ішінде жел бау болады, – дейді киіз үй құрастырушы Жұмахан Ұлышай.
Алып киіз үйде Наурыз мерекесіне дейін түрлі көрмелер өтпек. Қала тұрғындары, киіз үй жабдықтарымен бірге ертеде қолданылған тұрмыстық бұйымдарды өз көзімен көріп, олардың қандай мақсатқа қолданылғанын біле алады.
Хан ордасының іші ұлттық қолөнер бұйымдарымен сәнді жасанған. Далалықтардың ақшаңқан боз үйінің босағасынан 22 наурызға дейін кісі арылмақ емес. Таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін қасты орданың еңселі есігі қонақтарға айқара ашық.Үйдің оң жағында ер жігіттің бес қаруы сай тұрса, оның қасында ат-әбзелдері тегіс қойылған.Үйдің төріне қасқыр ішік, домбыра ілінген. Ал, сол жақ қапталында жүк жиналған әбдіре, көрпе-жастық, кебеже, қазан-ошақтың асай-мүсейі, күбі-сабамен сәнді безендірілген.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ