Қоғам • 18 Наурыз, 2017

Әуелеп ән оздырған…

337 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс өңіріндегі Мұхит мек­тебі әншілік дәстүрін жалғас­тырушылар жайлы айтқанда, Қайрат Кәкімовтің де есімі аталады. Белгілі айтыскер ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиевтің өнегесін алып, өнерін өрістеткен Қайрат Сайлауұлы республикалық, халықаралық ән байқауларының жүлдегері.

Әуелеп ән оздырған…

 1997 жылы атыраулық күй қағаны Рысбай Ғабдиевтің шақыруымен Дина Нүрпейісова атындағы академиялық қазақ халық ұлт аспаптар оркестріне әнші болып келді. Содан бері Жайықтың о жағы мен бұ жағынан ғана әуелеп ән оздырмай, шет ел сахналарында да тыңдармандарын таң қалдырып жүр. Қазір оның репертуарында батыс өңірдегі барлық әншілік мектептің 250-ден астам әні бар. Одан бөлек, дәстүрлі өнермен болашақтарын байланыстырған жастардың тәлімгері, ұстазы.
Міне, осындай дарабоз дарын­ның өнерін бағалап, насихаттау мақсатында Атырау облысы әкім­дігінің қолдауымен шы­ғар­машылық кеш өтті. Оған Қайрат Кәкі­мовтің өнердегі сыйлас дос-жолдастары еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, Жайық жағасын жауһар жырға бөледі. Кезінде мемлекет және қоғам қай­раткері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев Қайратқа «Ха­лық аузында сақталған сирек ән­дерді іріктеп, өз дауысыңмен күйтабаққа жаздыр. Бұл – бо­лашақ ұрпаққа қалар баға жетпес қазына», деп айтқан екен. Сол аманат орындалып, Қайрат Кәкімов 132 ән енгізілген жеке аль­бомын шығарды. Өнер кешінде оның тұсауын Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов кесіп, батасын берді.
Қайрат Кәкімовтің шығар­машылық кешінен басталған өнер мерекесі «Ән дария дүлдүлдері» І республикалық дәстүрлі әншілер байқауымен жалғасты.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ

Соңғы жаңалықтар