Аймақтар • 18 Наурыз, 2017

Ширек ғасыр бойы шешілмеген түйін

223 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қордай ауданы Отар ауыл­дық округіне қарасты Гва­р­дейск қалашығы көпке бел­гілі. Мұнда негізінен әскери қыз­меткерлер тұрады. Сондай-ақ, елдің талай тегеурінді азаматтары да осы жер­де Отан алдындағы борышын өтеп, бүгінде мемлекеттің мызғымас беріктігі үшін қызмет етіп жүр.

Ширек ғасыр бойы шешілмеген түйін

Дегенмен де, қалашық жа­нында орналасқан елді мекеннің мәселесі қазір өзекті болып тұр.

Мұнда 110 үй бар болса, сол 110 үйдің 10 гектар жерге орналасқан 30 үйінің жері Алматы облысы Жамбыл ау­данына қарайды екен. Халқы да Жамбыл облысынікі болып саналады. Енді неліктен облысаралық шекара әу баста дұрыс белгіленбеген деген ой көпке түсініксіз болғанымен, тұрғындар үшін ширек ғасыр бойы шешімін таппай келе жатқан қазіргі мәселе осы.

Ал Отар ауылдық округінің әкімі Жайлыбек Шадиев енді бұл жағдай тұрғындардың тір­кеу­ге тұруына, үй құжаттарын ресім­деуіне және өзге де шаруаларына кедергі келтіріп отырғанын айтады. Бұл мә­се­ле ілгеріде көтерілсе де, ше­шімін таппаған. Сондай-ақ, об­лысаралық шекаралық мә­се­леге байланысты Гвардейск қа­лашығында орналасқан 4 қа­батты 70 пәтерлі 1 үйдің құ­жаттары да ресімделмей отырған көрінеді. Ал аталған қа­лашықта осыдан 5 жыл бұрын ел игілігіне беріліп, бүгінде халыққа қызмет көрсетіп тұрған 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, 900 орындық орта мектеп және 350 орындық балабақшаның құжат мәселесі де шешілмей отыр. Жамбыл облысындағы ірі аудандардың бірі − Қордайдағы бір мәселе осындай.

Талай жыл бойы әскери қыз­метте болып, бүгінде зейнет дема­лысына шыққан жергілікті тұр­ғын Таласбек Терлікбаевтың ай­­т­уынша, ең маңызды мәселе ха­­­лыққа тиесілі. «Қай ауыл­да тұ­ра­тынымызды өзіміз де біл­мей­міз. Ауылда тұрғын үйді са­ту да қиын. Себебі, мұн­да­ғы мәселені елдің бәрі бі­ле­д­і. Сондықтан да алмайды. Одан кейін жайылым, жер алу да қиындық тудырып отыр. Мысалы, менің 4 балам бар. Ал енді мемлекеттен тиесілі жерімізді алайық десек, алдымыздан кедергі тағы шығады», деген тұрғын мұнда жарық мәселесінің де өзекті екенін жеткізді. Мәселе болғанда, ауылда жарық бар, әрине.

Бірақ енді әр айдың соңында халық тұтынған жарықтың ақысын төлейін десе, банк қа­былдамайды екен. Содан тұр­ғындар тұтынушылардың ақ­ша­сын жинап, оны Отарға апарып төлеу үшін бір адамды сай­лап қойғанын, оған да ен­дігі жерде халық қосымша шы­ғын­данатынын айтты. Мұ­ның бар­лығы да айналып келген­де ха­лыққа түсіп отырған сал­мақ екені белгілі. Жергілікті ха­­л­ық енді бұл мәселе бойынша Елбасынан көмек күтеді. Елі­міз тәуелсіздік алып, тұғырға кө­терілгелі де ширек ғасырдан ас­там уақыт өтті. Содан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан бұл мәселе халық үшін әлі де өзекті.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы


Соңғы жаңалықтар