Ұлыстың Ұлы күні бауырлас әрі туысқан екі халықтың арасын мерекелік көңіл-күймен дәнекерлейтін халықаралық жолаушылар жүрдек пойызы екі арадағы қашықтықты не бары 16 сағат 30 минутта жүріп өтпек.
Бұл шара жоғары дәрежедегі мемлекетаралық келісім аясында «Қазақстан темір жолы» АҚ мен «Узбекистон темир йуллари» АҚ делегацияларының Ташкентте өткен соңғы кездесуінен кейін жүзеге асып отыр.
Бұдан былай №1-2 халықаралық жолаушылар жүрдек пойызы Алматыдан дүйсенбі, сенбі күндері, ал Ташкенттен жексенбі, сейсенбі күндері тұрақты түрде жолға шығып тұрады. Алматыдан аттанатын «Тұлпар-Тальго» Өзбекстан астанасына дейінгі аралықта Қазақстанның Отар, Шу, Тараз, Шымкент, Сарыағаш теміржол бекеттерінде аялдайды.
Бір айта кетерлігі, Қазақстанда жасалған вагондардың салондары испандық ежелгі «Тальгодағыдан» кең әрі әлемдік жаңа модерн талаптарға сай келеді.
Ұлық мереке күндері жолға шыққан жүрдек пойыздың тағы бір ерекшелігі – екі еларалық келісімге сәйкес мүмкіндігі шектеулі жолаушылар мен олардың жәрдемшілері үшін жол жүру билетінің құны 70 пайызға дейін төмендетіліп сатылады.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ