Аймақтар • 22 Наурыз, 2017

Жамбыл облысы ұлыстың ұлы күнін қарсы алды

143 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ежелгі Шығыс халықтарында жыл басы болып есептелетін Наурыз мейрамы өзіндік нақышқа, өрнекті сипатқа ие.

Жамбыл облысы ұлыстың ұлы күнін қарсы алды

Көк шығып, төңірек құлпырып, айнала шат-шадыман күйге ене бастағаннан адамзаттың да алдағы күндерге деген үміті үкіленіп, сенімі нығая түседі. 

Биылғы Наурыз мерекесі де Жамбыл жерінде өзіндік сән-салтанатымен аталып өтті. Мерекеге орай ұйымдастырылған «Мәңгілік ел төріндегі Наурыз» атты Тараз төріндегі іс-шара театрландырылған көрініспен басталды. Онда Наурыз мейрамының ежелден үлкен маңызға ие мейрам екені айтылып, жас ұрпаққа үлгі боларлық көріністер көрсетілді. Мәселен, ұлттың салт-дәстүрлері, ырым-тыйымдары да сахналық көрініс арқылы көпшілікке жол тартты. Бұл күні орталық «Достық» алаңына да халық көптеп жиналып, бір-бірін келіп жеткен жаңару мейрамымен құттықтап жатты. 

Ұлыстың ұлы күнінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Жамбыл жұртшылығын мерекемен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.

– Табиғатпен үйлесім тапқан әз Наурызда тіршілік атаулы оянып, дүние шуаққа бөленеді. Бұл күндері Жер-Ана жаңғырып, қайта түлейді. Төрт түлік төлдеп, дастарқан аққа толады. Наурыз – сонау көне заманнан тарихи мазмұны терең, әлеуметтік-рухани мәні зор мейрам. Бұл қасиетті мерекеден ұлтымыздың болмысын, салт-дәстүріміздің айқын нақышын көреміз, – деді облыс басшысы өз сөзінде.

Көне Тараз шаһарының орталық алаңында ұйымдастырылған мерекелік сауда-саттық, ұлттық ойындардан жарыстар, ұлттық мәдени орталықтарының көрмесі де көпшіліктің көзайымына айналып, мерекелік салтанаттың көркін аша түсті.

Сондай-ақ, Ұлыстың ұлы күнінде Әулиеата жеріне Ресей, Сербия, Түркменстан, Грекия, Якутия, Кипр мемлекеттерінен барлығы елу адам келіп, Жамбыл жұртшылығына өз өнерлерін паш етті. Өз елдерінің дәстүр-салтынан сыр шерткен фольклорлық топтар көптің көңілінен шығып, шын өнердің бәсін арттырды.

Сонымен қатар, бұл күні «Киіз үй» қалашығында мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, көпшілікке Наурыз көже таратылды. Тараз төріндегі той «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» атты мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Хамит Есаман

Соңғы жаңалықтар