Медицина • 24 Наурыз, 2017

Бақытты болу қуанышы

333 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өмірдегі екі ұдай көңілкүй секілді әр күннің, әр сәттің қуаныш пен мұңаюдан тұратын өз несібесі бар ғой. Солай десек-тағы биылғы Наурыз мейрамына тұспа-тұс келген той-думан көбірек секілді. Сондай тойдың бірі – көптен күткен келін түсіру қуанышы Аманжоловтар отбасында, замандас достарымыз Әділ мен Зәурештің отбасында болып жатыр.

Бақытты болу қуанышы

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында университетті бітіргендеріне он жылдан асып, қызметтері орнықты болған Қуаныш пен Әтіркүлдің, Құдайберген мен Дәмежанның және Құдиярбек пен Рәзияның өзара аралас-құралас жүрген отбасылары «одақтарына» тағы біраз достарын тартпақ болады. Сөйтіп, Тұрсыновтар бұл ортаға Сүлеймен мен Азатты, Жиенбаевтар Ержұман мен Жақанды, өз кезегінде Смайыловтар Ербол мен Күләшті, Мәметовтер Қожахмет пен Әсияны тартады. Екі-үш жылда жеті отбасы жұбымыз жазылмас­тай болып кеттік. 

Тоқсаныншы жылдардың басында кезекті бір басқосу Назарбетовтер отбасында өтіп, олар ортамызға Аманжоловтарды әкелді. «Алып қою» жағынан ешқайсымыздан қалыс қалмайтын, көп сөйлей бермейтін, бірақ кейін бәріміз «цитатаға» айналдыратын бірер лебізін анда-санда білдіріп қоятын, жауырыны қақпақтай, сұлу өңді, қарапайым да адал банк қызметкері Әділ мен ашық-жарқын, қай-қай отырыстың да гүлі болып кететін, бір күйеу баламыз Әсет: «алты журналист пен бір педагог және бір гинеколог қалай біріккенсіздер?», деп айтатындай ерке де көрікті дәрігер Зәурешті біз жылы қабылдап, қатарымыз сегіз «қыран», сегіз «аққу» болып бекіді. Одан беріде қаншама ұлымызды үйлендіріп, қаншама қызымызды ұзаттық. «Қырандар» жағы бір-біріміздің қуанышымызда бас құда болып, сый-сияпатқа бөлендік. Бұрынырақта зайыптарымыз алма-кезек немерелеріміздің кіндік шешесі атанып жатса, сол таныстықтан кейін келіндеріміз бен қыздарымыз тек Зәуреш арқылы босанатын болған. Ал біздің Көлсайға, Алматы облысының Күрті ауданына, Қарағанды облысының Сәтбаев қаласына, Алматыдан Астанаға және кері сапарларымыз бүгінде балаларымыз немерелерімізге айтатын аңызға айналып кеткен.

Әрине, қай-қай тойда да бірге, не қатар отыруға ұмтыламыз да, байқайтынымыз: әйелдеріміз арнайы ыдыспен, әлде түрліше дорбалармен келетін тойбастарларды бөлісіп жатпайды, оларды кейде Әтіркүл, кейде Әсия, немесе Рәзия алатын болған. Сол арқылы кімнің отбасында әлі тұрмыс құрмаған ұл-қыздарымыз бар екені байқалып тұратын. Ал соңғы кездері осындай той сарқыттары көбінесе Зәурешке тиетін. Себебі, қалған жетеуінде де үш-төрттен немерелері бар, бәріміз ендігі той Аманжоловтар отбасында болуы керек деп білетінбіз.

Жуырда әрқайсымызға Зәурештің өзі хабарласып: «Ағалар, айтқан тілектеріңіз қабыл болып, Рүстем үйленемін деп жатыр», дегенді айтқан. Содан екі апта өткен соң: «Гөзел атты келінді алып келдік, беташарын жасап, асүйді түгелдей өткізіп бердім», деп хабарласқан. Сонымен, қалай дегенде де той қарсаңында тұрғанымыз нақтылыққа айналды. Сол екі ортада Аманжоловтарды әйелдер мерекесімен, Наурыз мейрамымен құттықтағанбыз. Екеуінде де Зәурештің «тойда күтеміз!» деген көңілді дауысын естігенбіз. Ширек ғасырдан астам уақыт жақсы білетін Әдекең мен Зәкең бақытты болу қуанышына жеткенін түсіндік. Әсіресе, қызмет бабына байланысты Зәуреш Астанаға ауысып, әлі зейнет демалысына шығып үлгермеген Әділ Алматыда қалғанда «қалай күн көрер екен?» деп ол үшін қамыққанбыз. Енді бәріміз Зәкеңнің жап-жақсы ене боларын сезініп, Әдекең қандай ата болады деп соны ойлайтын болдық.  Өйткені, келін дегеніміз ештеңе айтпаса да қазақ отбасындағы аталар үшін, кейде жалаңаш кеудешең, кейде жалаңаяқ жүре беретін аталар үшін үлкен бір тәрбиеші екені түсінікті. Дегенмен, бәрі де ойдағыдай шешілеріне, Әдекең де ата рөлінде өзін көрсете алатынына сенімдіміз.  

Ертең той барысында сөз кезегі тигенде «қырандар» мен «аққулар» не айтатынын білеміз. Жоқ, ештеңені келіскен емеспіз. Отыз жылға жуық уақыттағы білістігіміз соған үйреткен. Ал тойға келе алмай қалған, құдандалы болып, келін түсіріп, қолдары ұзарып жатқан достарымыздың бақытты болу қуанышын алыстан сезініп отырған біздер мынаны айтқымыз келеді: Әдеке, Зәке, көргенді де иманды ауылмен құда болып жатырсыздар, өздеріңізбен бірге қуанамыз! «Қазақ есімдері» деген кітаптың жазғанына қарағанда, жас жұбайлардың есімдері байырғы атаулардың бірі екен, Рүстем иран тілінен алынған, батыр, батыл, зор, алып дегенді білдірсе, Гөзел көне түркі тілінен алынып, ең әдемі, көркем, сұлу дегенді танытатын көрінеді. Екі жас есімдеріне лайық жақсы отбасы болатыны сөзсіз. Бақытты болсын, қолдарыңның ұзарғаны құтты болсын!

Ержұман СМАЙЫЛ,

Құдиярбек АҒЫБАЕВ


АСТАНА


Соңғы жаңалықтар