Әдебиет • 24 Наурыз, 2017

Тоқсанға толған толағайлар

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде академик Рахманқұл Бердібайдың 34 жыл бойы Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнері халық университетінің қоғамдық негіздегі ректоры қызметін атқарғанын біреу білер, біреу білмес.

Тоқсанға толған толағайлар

1963 жылы ашылған осы университетте әр саладағы таңдаулы мамандар ұл­тымыздың фольклорлық мұраларынан бастап сол заман­дағы аса ірі тұлғаларға дейінгі аралықтағы бүкіл әдеби, мәдени, ғылыми шығармашылықты қамтитын 500-ден аса лекция оқыпты.  

Осы университеттің қолға алуымен 70-жылдарға дейін өз өлкесінен әріге таныла қоймаған Сыр бойының жы­раулық дәстүрі бүкіл елімізге мәлім болып, кең та­раған. Осы университеттің бас­тауы­мен айтыс өнері жан­дан­ған. Жыршылық, тер­ме­ші­лік өнердің, шертпе күй­дің бағы жануына, халық ком­позиторларының респуб­лика көлемінде танылуына зор еңбек еткен университеттің басында академик Рахманқұл Бердібай тұрды. 

Бір ғана мысал, кеңес заманында екеуара айтыстың қандай түрінде де оқу орындарының, басқа да кішігірім сахналарға шыққан жұптардың қағазға қарап айтысқанын көзі көрген адамдар әлі бар арамызда. Егер айтыскерлер бүгінде қолма-қол жанынан суырып шығарып айтып жүрсе, бұл жанрдың жайқалғанын, дамығанын көрсетеді. «Бір өлеңі бір елдің мұ­­расындай» демекші, бір ғана қо­ғамдық қызметінің өзін­де халқына өлшеусіз еңбек еткен Рахманқұл Бердібай сияқты академиктердің ғылыми мұрасы туралы айту, жазу үшін таңды таңға ұру керек еке­нін өзіңіз де пайымдай беріңіз. Бірақ, олардың ғылыми мұрасын да, мәдениетімізге сіңірген өлшеусіз еңбегін де насихаттау, кейінгі жастардың санасына құю парыз болып қала бермек.

Осы орайда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті М.Жұмабаев атын­дағы әдеби бірлестіктің «Алқа» клубы ұйымдастырған «Толағай толқын тағылымы» атты ғылыми семинардың студент-жастарға берген әсері мол болды. Толағай толқын дегеніңіз осы – Рахманқұл Бердібай, Қажым Жұмалиев, Мүсілім Базарбаев, Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин сынды академиктер мен профессорлардың тізімі болып жалғаса береді. Жә­не бұлардың барлығы биыл тоқ­сан жасқа шығып отыр. Олардың халқымыздың әде­бие­тіне, мәдениетіне сіңірген өлшеусіз еңбектері жайында университеттің профессорлары кеңінен толғады.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Сахна – рухтың шамшырағы

Театр • Бүгін, 09:05