Биыл Астанада ұйымдастырылатын маңызды шараға қатысушы мемлекеттерге тиесілі павильондардың аумағы 78 мың шаршы метрді құрайды. Жалпы, көрмеде халықаралық 52 жеке және 6 біріктірілген павильон болады. Ең ірі павильондардың бірі күнгейдегі көршіміздің еншісінде. Оның аумағы, екі қабатты қосқанда, 2 мың шаршы метрге жетіп жығылады. Бүгінде аталмыш алаңда құрылыс жұмыстарды қызу жүргізілуде.
Қытайлықтар көрмеде «Болашақ энергиясы. Жасыл жібек жолы» тақырыбы аясында энергетика саласындағы инновациялық технологияларды көрсетпек. Сол елдің халықаралық сауда палатасы директоры, Ұлттық павильон конструктивті тобының басшысы Дже Джиенің айтуынша, ҚХР-дың ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға деген құлшынысы жоғары. «Павильонымыздың ауданы өте үлкен. Оның аумағы 1053 шаршы метрді құрайды. Қазақстан тарапы тапсырған павильонды қабылдап алдық. Бізге тиесілі аумақтағы құрылыс жұмыстары жоспар бойынша жүргізілуде. Құрылыс мамыр айының соңында аяқталады», дейді ол.
Дже Джие Қытай павильонында қандай инновациялық технологиялар қойылатынын да жеткізді. Бұл аумақта Аспанасты елінің жасыл энергетикада жеткен жетістіктері, баламалы энергетика саласындағы инновациялық технологиялар көпшілік назарына ұсынылады. Бүгінде ең ірі 10 компания осы салада жұмыс істеп жатқан көрінеді. Ал ЭКСПО-2017 көрмесіне 25 қаланың кәсіпкері шақырылған.
Австрия мемлекетінің павильонын таныстырған сол елдің Қазақстандағы елшісі Герхард Сайллер жұмыстардың көрмеге дейін аяқталатындығын алға тартты. «Павильонымыз көрме ашылғанға дейін дайын болады. Біздің халықаралық шарадағы тақырыбымыз «Ақыл, жүрек, денедегі күш» деп аталады. Австрия энергияның 37 пайызын судан, 10 пайызын желден, ал қалғанын биомассадан алады. Павильонымыздың құны 5 миллион еуроны шамалайды. Аумағы да шағын емес, 900 шаршы метрді құрайды», деді ол.
Елші Австрия павильонының негізгі ерекшелігін де атап өтті. «Елімізде арнайы конкурс өткізген болатын. Нәтижесінде VM архитекторлық тобы жеңіске жетті. Олар ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Австрия павильонының дизайнын жасады. Біз мәдени іс-шаралар да ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, көрме аумағында қонақтар үшін арнайы демалатын орын болады», деді Г.Сайллер.
Баспасөз туры барысында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Халықаралық қатысушылармен байланыс департаментінің директоры Илья Оразақов көрме қауіпсіздігін сақтау мақсатында тиісті жұмыстардың атқарылып жатқандығын әңгімеледі. ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға ниет білдірген 115 мемлекеттің 103-іне павильон берілді. 12 павильон тапсырылуға дайын. Осы айдың соңына дейін барлық көрме аумағын иелеріне өткізетін боламыз. Елдердің талап-тілектерін де ескерудеміз. Мәселен, кей мемлекеттер өздерінің павильоны үшін электр қуатын көбейтуді сұрайды. Кейбірі өз аумағына күрделі конструкцияларды қоюға өтініш айтуда. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында бұл талаптар қанағаттандырылған жоқ», деді директор.
Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»