Мұстафа Шоқай ел тарихындағы жарық жұлдыздарының бірі болды. Өкінішке қарай, біз оны әлі де жан-жақты насихаттай алмай келеміз. Бұл – бүгінгілерге парыз, болашақтың жұмысы.
Мұстафа Шоқайдың ең басты үш қасиетіне тоқталар едім. Біріншіден, оның даналық қабілеті. Мәселен, 1916-1917 жылдары Ресейде патшаның боданы болған әрбір ел азаматтары өз халқының бостандығы үшін күресіп жатқанда, Мұстафа әрбір елдің жеке күресінен нәтиже болмайды, үлкен күш жаншып тастайды. Сондықтан, қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, татар, тіпті мұсылман халықтары болып, Түркістан республикасы үшін күреске шығуымыз керек, деген еді. Мақсатқа бастау ретінде, Мұстафа Орынборда 1917 жылдың желтоқсанында Қазақ автономиясын жариялап, үкімет сайлаған Бүкілқазақтық құрылтайға қатысып, құттықтап, сөз сөйледі. Содан соң өзі Орынборға тұрақтамай, Түркістан автономиясын жариялауға асықты. Бірақ, жаңа Кеңес үкіметін құрған большевиктер Түркістан автономиясының, артынша Алашорда үкіметінің үнін өшірді, жолын кесіп тастады. Десек те, Мұстафа ұраны Кеңес үкіметіне қатты шаншу болып қадалып, үрей туғызды. Көптеген ел қайраткерлері «панисламист», «пантюркист» деп айыпталып, жазаланды. Бірақ Мұстафаның ойы орындалмаса да, бұл өте маңызды пікір еді. Сондықтан, Мұстафа шет елде жүріп ойын іске асыруға тырысты. Парижде «Яш Түркістан» деп атап, журнал шығарып, ойын әрі қарай өрістетіп, әлемге таратты. Мұстафа Шоқайдың сол идеясы тарихта көрнекті орын тауып, ол әлі күнге дейін күшін жойған жоқ.
Екіншіден, Мұстафа көреген, тығырықтан шығатын жол таба білетін тұлға болды. «Түркістан» идеясын өз елінде жүзеге асыру қиын болған соң, шет елге кетуге мәжбүр болды. Сөйтіп, тұрақтауға Парижді таңдады. Қалтасында қаражаты болмаса да, әу бастағы елінің азаттығы үшін арпалысын тоқтатқан жоқ. Бір күні жұбайы Мария: «бір ғана долларымыз қалды, не істейміз», депті абыржып. Сонда Мұстафа: «Сол бір долларға борщ жасап, осында жүрген бір-екі ресейлікті шақыр», депті. Айтқанын орындаған, тамақтануға келген екі адам бір-бір доллардан тастап кетіпті. Өздеріне де борщ қалады. Ертеңіне Мария борщты екі долларға жасап, бірте-бірте тұрған үйін кафеге ұқсатып, Мұстафа отбасы тіршілік ете бастайды. Оның үстіне күн демей, түн демей мақалалар жазған Мұстафа басылымдардан қаламақы ала бастайды. Содан, бір адамға бір тиын тегін бермейтін елде жүріп, қаражат жинап, «Яш Түркістан» журналын шығара бастайды.
1925 жылы Парижде өткен халықаралық көрмеге КСРО-дан келген Әміре Қашаубаев, Тамара ханум бастаған өнер адамдарын ресторанға шақырып, сый-құрмет көрсеткен, өнерлерін тамашалап, рухани сезімге бөленген. Мұның бәрі Мұстафаның елден шалғай жүргендегі өмір сүру тәсілі емес, күрес жүргізу үшін қажет әрекет еді. Ресейден эмиграцияға кеткен патша үкіметі генералдары мен адмиралдары мүсәпірлік жағдайда жүргенде, Мұстафа рухын биік ұстап, өзін де, идеясын да бүкіл әлемге таныта білді. Міне, қысылғанда да саспай, дұрыс жол табу – бұл үлкен көрегендік.
Үшіншіден, Мұстафа жанкешті ер жүрек батыр болды. Оны да салыстыру арқылы көрсетуге болады. Алдымен, А.Герценді алайық. Ол Лондонға барып, тұрақтап, Ресейдегі «Басыбайлылық құқығына» қарсы шығып, оның Ресей дамуына күшті кедергі екенін көрсетіп, «Колокол» атты газет, «Полярная Звезда» атты журнал шығарды. Бұл елде А.Герцен қаражаттан қиындық көрген жоқ. Өйткені, ол Мәскеудегі ірі бай, Императормен сыбайлас отбасының тумасы. Оның үстіне
І Николаймен мақсаты бір болды. Император тәуекелге бара алмаған жұмысты Герцен атқарды. Өйткені, «басыбайлылықты» Ресейдің бүкіл үстем таптары қолдады. А.Герцен соларға қарсы күресті, сондықтан тарихқа революционер-демократ болып енді. Ал
І Николай ойын іске асырып, 1861 жылдың наурызында жарлық шығарып, «басыбайлылықты» жой-
ған I Николайдың ұлы император ІІ Александрдың өмірін қиды. Ал Мұстафа, ешкімнің қолдауынсыз, жалғыз өзі Орта Азия халықтарын отаршылдықтан босату үшін күресті. Солай болса да, Мұстафаны ешкім революционер-демократ деп атаған емес.
Тағы да бір салыстыратынымыз – Л.Троцкий. Мексикада тұрып, ол тек бір адамға ғана қарсы күресті. Оның үстіне Троцкий Кеңес жүйесіне қарсы болған жоқ, билік үшін таласты. Ол: «Революцию придумывают гении, совершают фанатики, результатами пользуются проходимцы», деп жазды. Міне, Троцкийдің осы сөзі, басқа да әрекеттері, Мексикада қорғанды үйде тұрып жатқан оның өмірін қиюға себепші болды. Ал Троцкийге қарағанда Мұстафа жеке адамға емес, тіпті таққа да емес, тұтас жүйеге қарсы шықты, айға шапқан арыстандай болды.
Сондай-ақ, Парижді басып алған фашистік Германия алдымен Мұстафаны абақтыға отырғызып, кейін оны Берлинге алдырады. Өйткені, КСРО-ға қарсы соғысқа дайындалып жатқан Гитлер Мұстафаны өз мақсатына пайдаланбақ болды. Бірақ, улы жылан ордасында тұрған Мұстафа Гитлерге де қызмет етпей, сөзін де қолдамады, қайта Түркістан туралы өзінің ұранын жалғастыра берді. Бұл Гитлердің «Барбаросса» жоспарына тікелей қайшы еді. Сондықтан, неміс фашистеріне Мұстафа керек болмай, оны 1941 жылы желтоқсанда улап өлтірді. Мұстафаның сондай ауыр, қауіпті кезеңдерде де қайыспай, мойымай, мақсаты үшін күресін өмірінің соңына дейін жүргізе білгендігі ерен ерлік, жоғары азаматтық еді.
Ақыр соңында айтарымыз, фашистік Германия соғыста талқандалғаннан кейін, оның архивін Англия, Франция, АҚШ, Кеңес елі зерттеушілері парақтап тексерді. Егер сонда Мұстафа айтқан, не жазған, қолтаңба қалдырған бір құжат табылса, Мұстафаны жеріне жеткізіп, қаралаған болар еді. Бірақ, ондай факті тапқан жоқ. Сондықтан, Мұстафаны фашизмге де, Кеңес жүйесіне қарсы тұрып, күрескен қайраткер деп жариялады. Сөйтіп, Мұстафаны жақтап, атын әлемге танытқан Батыстың зерттеушілері болды.
Ал біздің қайраткер тұлғаның рухымен тілдесе отырып айтарымыз: «Міне, бүгін сол аңсаған еліңе оралдың, халқыңмен қауыштың, оның құшағына ендің. Өзің келмесең де, рухың келді, ашық үнің пәрменді магнит лентасына жазылған дауысың, қағазға жазылған шығармаларға айналған
ауқымды 12 томдық жалынды ойларың келді. Сүлдең келмесе де бейнең келді, мүсінге айналып, өзің сүйген, оқып-өскен қала орталығына орналастың. Қош келдің, Мұстафа, жолың оңды, қайраткерлік еңбегің өнеге болсын».
Досмұхамед КІШІБЕКОВ,
ҰҒА академигі