27 Наурыз, 2017

Агроөнеркәсіп: Алыпсатарлықтан арылу керек

209 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан ет және сүт өнімдері бойынша аса ірі экспорттаушы ел атануы мүмкін. Елбасы сыртқа сатылатын еттің көлемін 60 мың тоннаға жеткізсек, 4 миллион тонна астық сатқанмен бірдей табыс болатынын айтып, нақты тапсырма берген.

Агроөнеркәсіп: Алыпсатарлықтан арылу керек

Іс жүзінде барлық облыстар мен аудандар мал шаруашылығын дамыту үшін қолайлы табиғи-климаттық жағдайларға ие. Қолдау жетерлік. Сонда да соңғы 25 жыл ішінде елдегі ірі қара мал саны 1,65 есе, қой саны 2 есе азайып, әлі бұрынғы қалпына жетпей тұр. 1990 жылғы өнімділік көрсеткіштерінде ет – 1,4 есе, сүт 12 есе төмен. Ал егіншілікте бұрынғымен салыстырғанда 2015 жылдың басына қант қызылшасы 16 есе, жемшөп дақылдары – 3,9 есе, картоп 10 пайыз аз өндірілуде. Сондықтан да, мемлекеттік органдардың міндеті – жайылымдарды тиімді пайдалану, инфрақұрылымды дамыту, кредиттік ресурстарға қол­жетім­ділікті қамтамасыз ету, өндіру­шіні адрестік және нақты қолдау.

Агрокешенді дамытудағы түпкі мақсат жаңа өңдеуші кәсіпорындардың желі­сін дамыту болуы тиіс. Ал мұның өзі шағын және орта бизнесті дамыту негі­зін­де жүзеге асуы керек. Осы орайда бір ауыз пікір қосқымыз келеді. «Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау туралы» заңның қабылданғанына 20 жыл болды. «Шағын», «орта» деп бірге айтатын кезден шығуымыз қажет, яғни екеуінің қолдау шараларын екі айырып қарастыру керек. Неге? Өйткені, шағын бизнес көп жағдайда орта бизнестің тасасында қалып қоюда. Шағын бизнес пен орта бизнесті қолдау бағдарламасы бойынша 2015 жылы кәсіпорындарды қаржылай сауықтыруға бөлінген ақша 20 ірі агрофирмаға бөлініп берілгені бұрыннан бері айтылып жүр. Үкіметтің де, банктердің де қолдау десе орта бизнеске бүйрегі бұра береді. Агроөнеркәсіптік кешенді несиелеу көлемі де жыл санап төмендеп жатыр, 2015 жылы 603,5 млрд теңге болды. Мұнда да шағын бизнес өз үлестерін ала алмауда.

Басында идея неде еді? Затын сөреге қойып сатып отырған жеке кәсіпкерді шағын бизнес өкілі деңгейіне жеткізу, шағын бизнесті орта бизнеске жеткізу, орта бизнесті ірі бизнеске өсіру емес пе?! Мақсат солай болғанымен, өмірде бұл тізбек басқаша өрбіп тұр.

Ауыл шаруашылығындағы сақ­тан­дыру мәселесінің де жолы болмай-ақ қойды. Біздің елімізде қазір 85 па­йыз кәсіпкерлер алыпсатарлықпен айналысады. Ауыл шаруашылығында өндіріспен айналысуға ешкімнің құлқы жоқ, себебі, онда тауар айналымы жылына бір рет қана келеді. Сон­дықтан ауылшаруашылық өнім­дерін өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына сатып алып қайта сатушылармен салыстырғанда ерек­ше қолдау қажет. Мәселен, несие па­йызын әрі кеткенде 4 пайыздан асыр­мау, салық алуды ай сайын емес, жылы­на екі рет – 15 қазанда және келе­сі жылдың 15 сәуірінде ғана алуды ен­гізу қажет. Бұдан да жақсы мысалдар Еуро­паны былай қойғанда, Қытай мен Беларусьте бар.

Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рей­тингі деген бар екені белгілі. Ол облыстарда да жасалады. Соның негізгі көрсеткіші – ішкі өңірлік өнім деңгейі. Бұл көрсеткіште алдыңғы 10 орынның сегізін жер асты байлықтары бар облыстар иеленген. Екеуін Алматы қаласы – 2-орын (жан басына шаққанда 16500 доллар), Қостанай облысы 10-орын (4700 доллар) иеленген. Алматы қаласы осы жетістікке сауда арқылы, Қостанай бидайдан мол өнім алу арқылы жетіп отыр.

Осының екеуін де дамытуға өзіміз жақсы білетін Оңтүстік Қазақстан облысын мысалға алсақ, облыс тұрғын­дарының сауда жасауға бейімдігі Алма­ты қаласынан қалыспайды, табыс әке­ліп отырған өндіріс ошақтары да жетерлік, Қостанайда бидай мол болса, Оңтүстікте мақта мен көкөніс бар. Ал облыс рейтингте соңғы 16-орында (2700 доллар), Қостанай облысынан 1,75 есе, Алматы қаласынан 16 есе аз. Бұл бізді ойландыруға, жігерленуге, жұмысты дұрыс ұйымдастыруға жетелеуі тиіс.

Тағы бір ойландырарлық мәселе. Ауыл шаруашылығына жұмсалған негізгі капиталдағы инновация көлемі бойынша соңғы орындарда Солтүстік Қазақстан облысы – 16-шы орында, Қостанай – 15-ші, Жамбыл – 14-ші, Ақмола облысы 13-ші орында, яғни облысқа енгізілген инновация көлемі төмен. Ал Алматы қаласы – 3-орын, Оңтүстік Қазақстан облысы 7-орында. Бұл соңғы көрсеткіштерді иеленіп отырған төрт облысқа сабақ болуы тиіс. Неге жалпы өңірлік өнім салыстырмалы түрде жоғары болған Солтүстік Қазақстан – 155431 млн теңге, Қостанай – 162976 млн теңге, Ақмола облысы 199021 млн теңге болып, инновация енгізуден артта қалуы тиіс?!

 

Мырзагелді КЕМЕЛ,

экономика ғылымдарының докторы