Үлкен басқосуға әлемнің 40 елінде күн кешіп жатқан қазақ диаспорасының 350 өкілі мен Қауымдастықпен тікелей байланыста жүрген Түркі кеңесі, Қыпшақтар қоғамы, Әзербайжанның диаспорология ісі жөніндегі мемлекеттік комитеті, Әлем моңғолдары конгресі, Өзбекстанның ұлтаралық мәдениет орталығы сияқты халықаралық ұйымдардың адамдары шақырылады. Құрылтайға республикалық мәртебесі бар Астана, Алматы қалалары мен барлық облыстардан, Үкімет пен Парламенттен және түрлі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысады.
ЭКСПО көрмесімен тұспа-тұс өтетін бұл құрылтайдың тек қазақ халқы үшін ғана емес, өзге ұлт пен ұлыс өкілдері үшін де маңызы зор. Өйткені, түркітілдес халықтар арасында бүгінде Қазақ елінің аты да, абыройы да озып тұр.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мәліметтеріне қарағанда, бүгінде Қазақстаннан сырт жерде өмір сүретін қазақтардың жалпы саны 4-4,5 миллион адамды құрайды. Олар әлемнің 40-тан астам мемлекетінде тіршілік кешуде. Бұл – Қазақстан халқының төрттен бірінен астамы. Сондықтан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, шеттегі қазақтың атажұртқа оралуына және оларға қатысты дербес көші-қон саясатын қалыптастыруға мүдделі болған Қазақстанның диаспораға қатысты ұстанымы ешқашан өзгерген жоқ. Оны Елбасы «Ұлы Дала ұлағаттары» деп аталатын жаңа еңбегінің «Қиырдан келсе қандастар» деген бөлімінде де тоқталды.
«Ағайынға арнап көп нәрсе айтқым-ақ келеді. Алайда, іштегінің бәрі сыртқа шыға бермейді ғой. Ел тірлігі, көпұлтты Қазақстанның бірлігі мен тыныштығы жатсам-тұрсам көкейімнен кетпейтін маған жалғасып жатқан қазақ көшінің тағдыры тіпті де оңай сезіліп тұрмағанын айтқым келеді. Жырақтағы жұртың туған жерге жаутаңдап қарап отырса, кісінің жаны қалай жай табады?!» – деген сөздері еріксіз жүректі селт еткізері күмәнсіз. Сондықтан да 25 жылдың ішінде сырттағы 1 миллионға жуық ағайынның елге оралуына түрткі болып, оған жағдай туғызған Қазақстанның алдағы уақытта бұл бағытта атқарар іс-қимылы қандай болмақ және ол қалай жүзеге асады деген сауал бүгінде көпшіліктің көкейінде жүр. Бұл сұрақтар жауабы Астана төрінде өтетін әлем қазақтарының V құрылтайында тағы да талқыланатын болады.
Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы 1992 жылы қыркүйек айында Алматыда өткен болатын. ІІ құрылтай 2002 жылы қазан айында Түркістанда, ІІІ құрылтай 2005 жылы қыркүйек айында, ал IV құрылтай 2011 жылы мамыр айында Астанада өтті.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
АЛМАТЫ