Адамзаттың алдыңғы қатарлы ақыл-ойы да ХХІ ғасырдың білім мен интеллект ғасыры болатындығын әлдеқашан айқындап қойған. Яғни, біз өмір сүріп отырған ғасырда мемлекетіміздің экономикасын, әлеуметтік әлеуетін және саясатын, бір сөзбен айтқанда, қоғамымыздың болашақ дамуын интеллектуалды адами капитал айқындайтын болады.
Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі өскелең экономиканың ерекшелігі кәсіпорындардағы жоғары адами капиталға тәуелділігінде болып отыр. Мәселен, қазіргі таңда компанияның құнын бағалайтын мамандар ең алдымен, кәсіпорын қызметкерлерінің адами капиталының әлеуетіне басымдық береді. Олардың зерттеулері бойынша, компанияның рыноктық құнының 75 пайызы оның қызметкерлерінің білімі мен интеллектісіне тәуелді екен.
«Адами капитал» терминін алғаш рет өткен ғасырдың 70-жылдарында Нобель сыйлығының лауреаты, атақты экономист Теодор Шульц қолданысқа енгізген болатын. «Адам бойындағы барлық қабілет туа бітеді немесе өмірлік дағдымен қалыптасады. Әрбір адамның тұқымдық ерекшеліктеріне байланысты туа біткен қабілеттері болады. Тиісті қаржы бөлу арқылы дамытылатын адам бойындағы өмірде жүре қалыптасқан құнды қабілеттерді біз «адами капитал» деп атаймыз», дейді Т.Шульц. Бүгінде әлемнің дамыған мемлекеттерінде адами капиталға инвестиция салу болашақта мол табыс әкелетін дәстүрлі бизнес жоба ретінде қабылданады. Нобель сыйлығының лауреаты, экономист Гарри Беккердің есебінше, білімге жұмсалған инвестиция болашақта орта есеппен жылына 12-14 пайыз табыс береді екен. Тұрғындардың адами капиталын дамыту елдің жалпы экономикалық өсіміне қол жеткізуіне әкеледі. Тағы сол Гарри Беккердің айтуынша, адами капиталды бір пайызға ғана арттыру, ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы өсімін 3 пайызға дейін арттыратын көрінеді.
Елімізде соңғы жылдары экономиканы әртараптандырудың стратегиялық бағдарламалары іс жүзіне асырыла бастады. ҮИИД бағдарламасының аясында өңірлерде ғылыми жоғары технологияларға негізделген заманауи өндіріс орындары ашылуда. Ел экономикасында жеделдетілген технологиялық жаңғыртулар жүргізілмек. Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауының шеңберінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Ал бұл кешенді мақсаттар еліміздің адами капиталын дамытуға тек мемлекет тарапынан ғана емес, сонымен бірге жекеменшік бизнес тарапынан да мол қаржы жұмсауды қажет етеді.
Өкінішке қарай, біздің елімізде білікті кадр, интеллектісі жоғары мамандар қалыптастыру былай тұрсын, адами капитал ұғымына үрке қарап, оған шығын шығару үшін ойлап табылған қажетсіз мәселе ретінде қарау көзқарасы басым. Қазіргі Қазақстан экономикасының тағдыры тоғысқан акционерлік қоғамдар мен ЖШС басшылары қарамағындағы қызметкелерінің біліктілігін жетілдіру, ғылыми интеллектуалдық қабілетін көтеру мәселелеріне жеке қалтасынан қаржы шығаратындай қиналып, немқұрайдылық танытады. Еліміздегі адами капиталды дамытуға деген мұндай көзқарас менеджмент мәдениетінің төмендігін ғана көрсетіп қоймайды, сонымен бірге бизнес жүргізудегі стратегиялық қателіктерге ұрындырады.
Мемлекеттің адами капиталының әлеуеті, интеллектуалды болашағының басты көрсеткіші – сапалы білім, сындарлы ғылым. Жоғары оқу орындар жүйесі – қазақстандық білікті кадрларды қалыптастыратын және еліміздің интеллектуалды әлеуетін дамытатын орта. Бұл жүйе қаншалықты тиімді жұмыс істейтін болса, ел экономикасының дамуы да соншалықты нәтижелі болмақ. Қазіргі күні Қазақстанда 131 жоғары оқу орны бар. Онда 350 мыңға тарта адам білім алса, оның 330 мыңнан астамы бакалаврлар екен. Ал ел экономикасы үшін осыншама бакалаврлар қажет пе? Жоғарыда аталған ЖОО-лардың барлығы дерлік заңгер, экономист, қаржыгер сияқты мамандықтар бойынша мамандар даярлайды. Қазақстан экономикасында бұл мамандықтар бойынша бос орындар жоқ. Мәселен, жыл сайын ЖОО-лар 27 пайыз экономистер даярлайды екен. Еліміздің еңбек рыногында әртүрлі экономикалық мамандықтар бойынша жұмыс істейтіндер саны 13 пайыздан аспайды. Сонда құр диплом алу үшін 4-5 жыл оқыған экономистер, заңгерлер, қаржыгерлер жұмыссыздар қатарын толықтырады. Сонда мұндай ЖОО-лар кімге қажет? Онсыз да Қазақстан ЖОО-лар саны жағынан әрбір миллион тұрғынға шаққанда, Ұлыбритания, Германия, Жапония сияқты елдерді әлдеқашан басып озған.
Экономикалық әлеуеті жоғары дамыған елдерде мектеп бітірушілердің 80 пайызға жуығы кәсіби біліктілігі жоғары жұмысшы мамандығын игеруге ден қояды екен. Біздің де бұл мәселеде бетбұрыс жасайтын кезіміз келді. Қазірдің өзінде елімізде техникалық орта кәсіптік оқу орындарын бітірген маман жұмысшыларды қажет ететін 20 мың жұмыс орны бос тұрған көрінеді. Сондықтан экономикамыздың қозғаушы күші болып табылатын жастар техникалық білікті жұмысшы кадрларын даярлайтын оқу орындарына көптеп баруы керек.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»