Жуырда өңірде электр қуатының бағасын көтеру жөнінде қоғамдық тыңдалым өтіп, «Севказэнергосбыт» кәсіпорны бас директорының міндетін атқарушы Мағауия Сағындықовтың есебі тыңдалды. Оның сөзіне қарағанда, кәсіпорынның қызметін облыста 150 мың, Петропавл қаласында 85 мың абонент тұтынады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша сараланған тарифті қолдану кезінде компанияның шығындары көбейіп кеткен көрінеді. Тығырықтан шығу үшін басқа қаржы көздерінен толықтыру құқығын алға тарта отырып, тұтынушылар есебінен жүзеге асыруды қолайлы көрген тәрізді. Сөйтіп, өз өтініштерін құзырлы органдарға жолдап, сәуір айынан бастап тарифті көтеруге өтінім берген. Ол «сөйлеткен» цифрлар адамның аяушылығын тудыратыны соншалық, қолыңдағы барыңмен бөлісуге бейілсің. Серіктестік бүгінге дейін 6526 миллион теңге шығынға батқан. Өз проблемасын бөгденің есебінен шешуді әдет еткен дағдысына басып, жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерлерімен санасуды жөн деп таппаса керек.
Алайда, кәсіпорын басшысының уәжі қоғамдық тыңдалымға жиналғандарды қанағаттандырмады. Облыстық тұтынушылар мен кәсіпкерлер құқығын қорғау қауымдастығының мүшесі Николай Завьяловтың қаланың өзінде электр қуатының тарифі түрліше екендігі, алдымен оны бірізділендіру қажеттігі, сонда жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндіктер туар еді деген ұсыныс-сауалы жауапсыз қалды. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыстық департаменті жанындағы сараптау кеңесінің мүшелері қит етсе бағаны көтеру үрдіске айналып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, оның қисынсыздығын жеткізді. Мәселен, Марат Ысқақов электр қуаты былтыр қаңтар айында көтерілсе де, компанияда жағдайдың жақсармағанын айтып, қиындықты еңсерудің өзге жолдарын іздестіруге кеңес берді. Тарату барысында электр қуатының мөлшердегіден көп жоғалатынын атап көрсетті. Амангелді Кенжеғожинов, Александр Казанцев, Сергей Мартемьянов және тағы басқа қатысушылар да қолға алынған ауқымды бағдарламалар мен жобалардың орындалу сапасына күмән келтірді.
Қай-қайсысының пікірі болсын бағаны көтеру тығырықтан шығу жолы емес, түйінді мәселелердің шешілуіне алдымен кәсіпорын ықпал жасауы, мүдделі болуы тиіс деген арнаға тоғысты.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы