Бизнес • 28 Наурыз, 2017

​Бағаны көтеру тығырықтан шығармайды

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Петропавл қаласының тұрғыны Нашраф Гарифова «40 мың теңге зейнет­ақының 16 мыңын коммуналдық төлемдерге жұмсай­мын. Азық-тү­лік бағасы күн санап шарықтап бара­ды. Жуырда қоғамдық көліктің баға­­сы көте­рілді. Енді электр қуаты өскелі жатыр. Был­тыр ғана қосы­лып еді. Біз сияқты аз қамт­ыл­ған жандар мен отбасылар қайтып күн көр­мек?» деп күрсінгенде көкірегі қарс айырыл­ған­дай болады. Зейнет­кер­дің қамыға сөйлеуінің жөні бар.

​Бағаны көтеру тығырықтан шығармайды

Жуырда өңірде электр қуатының бағасын көтеру жөнінде қоғамдық тың­­далым өтіп, «Севказэнергосбыт» кәсіпорны бас дирек­торы­ның мін­детін атқарушы Мағауия Сағын­дықовтың есебі тыңдалды. Оның сөзі­не қара­ғанда, кәсіпорынның қызметін облыста 150 мың, Петропавл қала­сында 85 мың абонент тұтынады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша сараланған тарифті қолдану кезінде компанияның шығындары көбейіп кеткен көрінеді. Тығырықтан шығу үшін басқа қаржы көздерінен толықтыру құқығын алға тарта отырып, тұтынушылар есебінен жүзеге асыруды қолайлы көрген тәрізді. Сөйтіп, өз өтініштерін құзырлы органдарға жолдап, сәуір айынан бастап тарифті көтеруге өтінім берген. Ол «сөйлеткен» цифрлар адамның аяушылығын тудыратыны соншалық, қолыңдағы барыңмен бөлісуге бейілсің. Серіктестік бүгінге дейін 6526 миллион теңге шығынға батқан. Өз проблемасын бөгденің есебінен шешуді әдет еткен дағдысына басып, жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерлерімен санасуды жөн деп таппаса керек. 

Алайда, кәсіпорын басшысының уәжі қо­ғам­дық тыңдалымға жи­нал­ғандар­­ды қа­на­ғат­тандырмады. Облыстық тұтыну­шы­лар мен кәсіп­кер­лер құқығын қор­ғау қауым­­­дас­тығының мүшесі Николай Завьялов­­­­тың қаланың өзінде электр қуаты­ның тари­фі түрліше екендігі, алдымен оны біріз­ділен­діру қажеттігі, сонда жұмсалатын шы­ғын­­дар­ды азайтуға мүм­кін­діктер туар еді деген ұсыныс-сауалы жауапсыз қалды. Та­би­ғи моно­по­лияларды реттеу агент­ті­гі­нің облыс­тық департаменті жанын­дағы сарап­тау кеңе­сі­нің мүшелері қит етсе бағаны көтеру үр­діс­­ке айналып бара жатқаны­на алаң­дау­шы­лық білдіріп, оның қи­сын­­сыз­­­ды­ғын жет­кізді. Мәселен, Марат Ыс­қақов электр қуа­ты былтыр қаң­тар айында көтеріл­се де, ком­па­нияда жағдайдың жақсар­ма­ға­­нын айт­ып, қиын­дықты еңсерудің өзге жол­д­арын іздесті­ру­ге кеңес берді. Тарату бары­сын­да электр қуатының мөлшердегіден көп жоға­латынын атап көрсетті. Амангелді Кен­же­ғожинов, Александр Казанцев, Сергей Мар­темьянов және тағы басқа қа­ты­су­шылар да қол­ға алынған ауқымды бағ­­дар­­­ламалар мен жо­­ба­лардың орындалу сапа­сына күмән келтірді.

Қай-қайсысының пікірі болсын бағаны көтеру тығырықтан шығу жолы емес, түйінді мәселелердің шешілуіне алдымен кәсіпорын ықпал жасауы, мүдделі болуы тиіс деген арнаға тоғысты.


Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы



Соңғы жаңалықтар