Бокс • 28 Наурыз, 2017

​Головкин біліктілігін әлдеқашан дәлелдеген – Сондерс

170 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Билли Джо Сондерс (24-0, 12 КО) World Boxing News басылымына берген сұхбатында WBA (Super), IBO, WBC және IBF белбеулерінің иегері Геннадий Головкинмен (37-0, 33 КО) кездесуі жайлы ой бөлісті.

​Головкин біліктілігін әлдеқашан дәлелдеген – Сондерс

Осыған дейін қос тарап жекпе-жек жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқаны белгілі болды. Ортақ ымыраға келер болса, бокс кеші Астана қаласында EXPO-2017 көрмесінің аясында өтуі мүмкін.

Өз кезегінде Джо Сондерс Головкинмен Қазақстанда жұдырықтасуға дайын екенін әрі келісімшартты тезірек ұсынуы керектігін мәлімдеді. Себебі, қалыпты деңгейіне шығу үшін жаттығуға кірісуі қажет екенін алға тартты.

«Қазір келісімшартты күтіп отырмын. Головкиннен әзірге ешқандай хабар жоқ. Осы аптаның соңына дейін ғана күтемін. Егер бірнеше күннің ішінде ешнәрсе өзгермесе, промоутерім Фрэнк Уорренге басқа қарсылас іздеуін сұраймын. Артық салмағым болып, қалыпты деңгейімде болмаған кездері мені шаршы алаңға шақыратындар көбейіп кетеді, ал бәрі өз орнына келгенде күш сынасқысы келетін адам таппай қаламын», – деді британ боксшысы.

«Келісімшарт мәселесі тезірек аяқталса екен деймін. Өз карьерамды ары қарай өрлетуім керек. Орта салмақтағы барлық белбеулердің басы қосылған жекпе-жек өткізу кімге болсын арман. Мұндай айқас өткізгім келетінін жасырмаймын. Осы үшін Қазақстанға баруға дайынмын. Головкиннің менімен күш сынасқысы келетінін нақтырақ білгім келеді», – деді Сондерс.

«Менің білуімше, бокс кешін Қазақстанда өткізудің белгілі бір себептері бар. Бұған ешқандай қарсылығым жоқ. Қайта өзге елде жақсырақ жұдырықтасамын. Трибунадағы жанкүйерлердің қарсыласымды қолдауы маған кері әсерін тигізбейді», – деді ол.

«Көбісі Головкиннің соңғы айқасын көріп, оның шама-шарқына шек келтіріп жүр. Қазақстандық боксшының жасы келгенін әрі бұрынғы деңгейде еместігін жарыса айтуда. Бірақ ол білікті спортшылардың бірі. Өзінің күшін әлдеқашан дәлелдеп қойған. Әрине, онымен кездесуіміз өтетін болса, қателік жібермеуім қажет. Қолымнан келгеннің бәрін жасауға дайынмын. Геннадийді қалай жеңу керектігін жақсы білемін», – деді Билли Джо Сондерс. 

«GGG осыған дейін менің есімімді атап бірнеше рет әзілдегенін білемін. «Британ боксшылары қалам ұстауды ұмытып қалған, сондықтан келісімшартқа қол қойғысы келмейді», деген. Бірақ міне, мен осы істі шешіп, нақты күнді белгілеу үшін алдына келіп тұрмын. Оның барлық шартына келісіп, өзім ешнәрсені талап етпедім. Оларға тек қанша ақша алғым келетінін жеткіздім. Геннадийдің өкілдері келісті, бар талабым сол ғана», – деді британ боксшысы.

«Менде орта салмақтағы белбеудің бірі бар екенін ұмытпайық. Оны ортаға қоюға дайынмын. Егер Геннадий бұл жекпе-жекті қаласа, мен бәріне дайынмын», – деді Сондерс. 

Осыған дейін ESPN телеарнасының сарапшысы Дэн Рафаэль бұл бокс кешінен Головкиннің қанша пайда табуы мүмкін екендігін мәлімдеді. Оның айтуынша қазақстандық былғары қолғап шебері 10 миллион доллар көлемінде сыйақы алмақ. Дэниел Джейкобспен айқасында оған 2,5 миллион доллар берілген. Ал ең жоғарғы сыйқасын былтыр Келл Брукпен айқасында алған, яғни 4 миллион доллардан астам соманы құрайды.

Головкин Сондерспен жекпе-жек жөнінде ортақ келісімге келе алмаса, орнына басқа боксшының табылғаны да белгілі болды. Ол – екінші орта салмақтағы IBF титулының иегері Джеймс ДиГейл. 

Соңғы жаңалықтар