Мәжілістің жалпы отырысында депутат Қабиболла Жақыпов әріптестері Виктор Киянский, Елена Тарасенко, Аманжан Жамалов, Шавхат Өтемісов, Ирак Елекеев атынан Үкімет пен Парламент депутаттарына үндеу жолдады. Ол су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысының бүгінгі жай-күйін баяндады.
Жуырда парламентшілер Ақжайық өңіріне арнайы барып қайтқан болатын. Сол сапарда түсірілген бейнетаспа көрсетілді. Депутат Қ.Жақыпов Орал қаласы мен облыстың Ақжайық, Зеленов, Тасқала, Теректі аудандарының су астында қалғанын айтты. Қазір арнайы комиссия табиғат апатынан келген материалдық шығынды есептеу үстінде. Суға кеткен үйлердің саны – 1 мың 478. Сонымен қатар, 7 мың 146 саяжай үйі, 26 білім беру нысаны, 8 емдеу мекемесі, 5 мәдениет кешені су астында қалған.
Мұның сыртында су жайылған елді мекендердің инфрақұрылымдары, автокөлік жолдары, электр желілері, стансалар, телефон байланысы, газбен қамту салалары істен шықты. Ауыл шаруашылығы айтарлықтай зардап шекті. Диқандар көктемгі егіске қажетті тұқымнан айырылды. Мал шаруашылығы да шығынға ұшырады. Бүгінгі таңда апат аумағынан 9 мыңдай адам көшірілген.
Осы жағдайға байланысты алғашқы күннен бастап қолдау білдіргені үшін депутаттар Елбасына, Қазақстанның барша тұрғындарына алғыстарын жеткізді.
Дегенмен, алдымызда апаттың зардабын қалпына келтіру жұмыстары күтіп тұр. Қанша қаржы қажет екені анықталуда. Осы орайда республикалық бюджеттен қаржы бөлуге ықпал ету сұралды.
Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов бұл мәселеге байланысты жуырда «Нұр Отан» ХДП фракциясының төралқасы «Нұр Отан» ХДП фракциясы атынан су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына бір күндік еңбекақы көлемінде көмек көрсету туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист.