Осы жылдар ішінде Қарулы Күштеріміздің сапасы мен салмағы артып, қай бағытта болсын жан-жақты дамып, барлық қырынан сақадай-сай әзірлікке қол жеткізілді.
Сол бір өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына сәл шегініс жасап, оқиғалар легіне көз салсақ, Қазақстанның Мемлекеттік тәуелсіздігін алуына байланысты, оның алдына өткір, бірақ өмірлік маңызы зор міндет – өзінің Қарулы Күштерін жаңадан құру міндеті қойылды.
Елбасы: «Ішкі және сыртқы саясаттың құрылымындағы негізгі іргетас – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сондықтан, бізге ел егемендігін қорғау мүддесі үшін кез келген қатерге төтеп бере алатын, сапасы зор заманауи әскер қажет», деген болатын.
Қазақстан Президентінің 1991 жылдың 25 қазанындағы Жарлығымен Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Көп ұзамай ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып аталды. Тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты Президенттің 1992 жылдың 7 мамырындағы Жарлығы бойынша Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса Отанымыздың қарауына өтті. Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз қолына алды, ал Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды.
Министрліктің міндеті
Осылайша Тәуелсіз Қазақстанның жаңадан құрылған Қарулы Күштерінің жаңа жолы басталды. Бірақ бұл тек бастау еді. Рухы биік елдің айбыны асқақ Қарулы Күштері атына заты сай болуы керек. Оған, жоғарыда айтқанымыздай, мүмкіндік аз еді. Кейін Елбасы осы жағдайды былай деп еске алды: «1992 жылғы 7 мамырда менің Жарлығыммен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылған болатын. Бұл салада біз барлығын жаңадан бастаған едік: штаттық кесте бойынша офицерлердің 40-45 пайызы ғана қалған; әскерлерді басқарудың бірыңғай жүйесі жоқ; ескірген техникаға толы қоймалар; тәжірибелі ұшқыштар мен отынның жоқтығынан ұшпай тұрған ұшақтар; берекесі кеткен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі ғана бар еді».
Расында, еліміздің кең-байтақ жерінде көптеген әскери база, небір құрамалар мен бөлімдер бар еді. Бірақ Елбасы айтқандай, олар қираудың аз-ақ алдында тұрды. Содан, Елбасының ерен күш-жігерінің арқасында аталған базаларда – Құрлық әскерлерін; әуе армиясының аралас авиациялық корпусының базасында – Әскери-әуе күштерін; әуе шабуылына қарсы қорғаныс корпусының құрамалары мен бөлімдерінің базасында осы аттас әскерлерді құруға мүмкіндік туды. Сөйтіп, Қазақстан армиясы Құрлық әскерлері, Әскери-әуе күштері, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен Әскери-теңіз күштері секілді дәстүрлі төрт түрінен тұрды.
1992-1998 жылдары Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері қайта құрылды, ал 1999 жылдан оны жасақтаудың түбегейлі реформасы басталды.
Күшіне енген заңнамалық құжат негізінде құрылған Қорғаныс министрлігі қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне басшылық жасауды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган. Бүгінде бұл министрлік өз қызметін ел Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асыруда. Сонымен қатар, аталған ведомство мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға саналады.
Еліміздің Әскери доктринасында жазылғандай, Қарулы Күштердің басшылығы бейбіт уақытта Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы арқылы басқарылады. Сонымен қатар, бұл ведомство мемлекеттің қорғанысымен, Қарулы Күштер, басқа әскерлер мен әскери тектердің құрылыс және даму тұжырымдамасын әзірлеу және Үкіметте бірыңғай әскери-техникалық саясатты жүргізумен байланысты міндеттерді де жүзеге асырады. Оған қоса, мемлекеттік қорғаныс тапсырыс пен қорғаныс үшін қажетті қаражат бөлу туралы ұсыныстарды әзірлеумен айналысады. Қарулы Күштерді материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз етіп, қорғаныс мәселелерінде оның мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесуін ұйымдастырады.
Аэроұтқыр әскерлері
Анығында, Қарулы Күштердің Бас штабы мемлекеттің Қарулы Күштерін бейбіт уақытта және соғыс кезінде басқаратын басты орган болғандықтан, басқа әскерлер мен әскери құрамалардың жауынгерлік мобилизациялық даярлық жоспарын әзірлеуді де үйлестіреді. Сондықтан да қорғаныс мүддесінде мемлекет аумағының жедел жабдықталу жоспарын жасайды. Осы негізде еліміз Қарулы Күштерінің құрылымы сан салаға жіктелген. Соның бірі – Аэроұтқыр әскерлері. Бұл Қарулы Күштер санатындағы Жоғарғы Бас қолбасшының резерві.
Мақсат-міндеті әскери-саяси жағдайлардың күрт өзгеруі кезіндегі дағдарысты жедел шешуге және мемлекеттің ұлттық мүддесін қорғауда кенеттен туындаған жағдайларды орындауға, операция бағытына әскерлерді топтастыруды нығайтуға арналған. Сондай-ақ, ел ішінде және сырт жерлерде бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау мақсатындағы Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттерін орындауға қатыса алады. Бейбіт және соғыс жағдайында қауіп төнген бағыттар мен аудандарға шұғыл жетуге және кенеттен туындаған тапсырмаларды орындауға әрдайым дайын тұрады. Олардың құрамына десантты-шабуылдаушы бөлімшелер, бөлімдер мен құрамалар, сондай-ақ, арнайы бөлімдер, тыл және техникалық қамтамасыз ету бөлімдері кіреді.
Аэроұтқыр әскерлерінің арнайы мақсаттағы дербес инженерлік-саперлік жасағы 2003-2008 жылдар аралығында Ирак Республикасында бейбітшілік және қауіпсіздікті сақтау бойынша Коалициялық күштер құрамында бітімгершілік миссияны атқарғанын да көзіқарақты оқырмандар ұмыта қоймаған болар. Өз кезегінде бітімгершілеріміздің кәсібилігі мен жауынгерлік шеберлігі шет мемлекеттер мен Коалициялық күштердің қолбасшылығы тарапынан жоғары бағаланды.
Құрлық әскерлері
«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының басқармасы» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 20 сәуірдегі №554 қаулысы, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2009 жылғы 20 сәуірдегі №145 бұйрығына сәйкес құрылды. Ал 1993 жылғы 9 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес, құрлық әскерлері әскери басқару органдары, өңірлік қолбасшылықтар, әскер тектері, арнайы әскерлер, тыл, оқу және резервтегі бөлімдерден тұрады.
Енді осы Құрлық әскерлерінің негізгі тапсырмаларына қандай міндеттер мен құзыреттер кіреді деген мәселеге келер болсақ, олар мыналар: Агрессияға тойтарыс беру үшін әскерлердің әзірлігіне қолдау көрсете отырып, еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын, мемлекеттік және әскери объектілерді, мемлекеттік шекараның құрлықтағы бөлігін қорғау, сондай-ақ, бітімгерлік және басқа да тапсырмаларды орындау.
Қарулы Күштердің құрылымдық ерекшелігі бірнеше сатыдан тұратындығын да айта кетейік: «Астана», «Шығыс», «Оңтүстік» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтары.
«Астана» өңірлік қолбасшылығы Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімшілік шекараларында орналасқан. Қолбасшылықтың штабы Қарағанды қаласында орын тепкен. Өңірлік қолбасшылық құрамына орталық бағыныштағы және Әуе қорғанысы күштерінің бөлімдерінен басқа шекаралық шектегі әскери бөлімдер кіреді. «Астана» өңірлік қолбасшылығы – Жоғарғы Бас қолбасшының Қарулы Күштердегі резерві.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 2003 жылы құрылған. Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының әкімшілік шекараларында орналасқан. Қолбасшылық штабы Семей қаласында орын тепкен.
Өңірлік қолбасшылық құрамына орталық бағыныштағы және Әуе қорғанысы күштерінің бөлімдерінен басқа шекаралық шектегі әскери бөлімдер кіреді. Басты міндеті – мемлекеттің шығыс шебіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 2003 жылы құрылған. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында әкімшілік тұрғыда шекараландырылған. Штаб қолбасшылығы Тараз қаласында орналасқан. Өңірлік қолбасшылық құрамына орталық бағыныштағы және Әуе қорғанысы күштерінің бөлімдерінен басқа шекаралық шектегі әскери бөлімдер кіреді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басты міндеті – еліміздің оңтүстік-шығыс аймағындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы да 2003 жылы құрылған. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімшілік шекараларында орналасқан. Қолбасшылықтың штабы – Атырау қаласында. Өңірлік қолбасшылық құрамына орталық бағыныштағы және Әуе қорғанысы күштерінің бөлімдерінен басқа шекаралық шектегі әскери бөлімдер кіреді. Өңірлік қолбасшылықтың басты міндеті – мемлекет шекарасының қауіпсіздігін, шекараның тұтастығын, егемендігін толық қамтамасыз ету және Каспий теңізі секторында Қазақстан Республикасының экономикалық мүддесін қорғау.
Әскери саланың әлеуеті немесе жаңаша көзқарас
Тарих қойнауында қалған тәуелсіз Қазақстанның нарықтық қиын-қыстау кезеңдерден аман-есен өтуі мемлекет құру жолындағы түйінді мәселелердің түпкілікті тарқатылуы емес еді. Елдігімізді сақтаудағы ең негізгі сала – ішкі-сыртқы қорғаныстағы әскери салаға қатысты саясат болды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстанның қорғаныс саласында жағдайды жақсартуға бағытталған ауқымды жоспар-жобалар қолға алынып жатты. Себебі, ғасыр ауысқан шақтардағы әскери саланың әлеуеті көрші елдерден көш кейін қалып қойғаны белгілі еді. Нақтылай түскенде, құрыш танктердің 90-95 пайызы, артиллериялық жүйелердің 90 пайызы, әскери мақсатта пайдаланылатын ұшақтардың 70 пайызы, тікұшақтардың 80 пайызы жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етті. Осы секілді күрделі мәселелердің болғандығына көз жеткізу үшін 2000 жылдың қараша айындағы есеп-қисап кезінде Спасск әскери базасындағы 1 515 шынжыр табанды техниканың 34-і ғана іске жарамды болды дегенге біреу сенсе, біреу сенбес.
Сонымен қатар, осы кезеңдерде әскерді мақсатты қаржыландыру жүйесі де қалыптаспаған болатын. Өйткені, нарықтық экономикадағы даму көрсеткіштеріміз әскери шығындарды жоспарлаудың жиынтық нормасымен сәйкеспеді. Сондықтан да, елде сол кезеңдерде әскери реформаны жүзеге асырудың сәті келмеді. Салдарынан материалдық қажеттілік қорда сақтаған дүниелер есебінен өтеліп, ол таусылған аймақтарда әскери дайындықтар тоқтап тұрды. Бұл, әсіресе, еліміздің әскери-әуе күштеріне өте ауыр тиді. Әскери ұшқыштардың ұшу сағаттары кеміп, оның соңы жазғы ұшу құрамының жойылуына әкеліп соқтырды. Осы секілді олқылықтар әсерінен Қарулы Күштердің кадрлық әлеуеті әлсіреп, офицерлік құрамның 50 пайызында ғана талапқа сай білімдері болды. Сөйтіп, офицерлік құрамды тиісті мамандармен толықтыра алмағандықтан, ұлттық әскери жүйе жасақтау мүмкіндігі шектелді.
Взвод, роталық деңгейде де офицерлік құрамның қалыптаспауы, жауынгерлік даярлықтың төмендігі жағдайдың одан сайын күрделі екендігін көрсетті. Сол кезеңдерде Ішкі әскердегі 4 мыңға жуық жедел бөлімдердегі әскери қызметкерлер (бұл жалпы штаттың 17 пайызы) заңсыз қару-жараққа қарсы күресу жұмыстарына жегілді.
Қорғаныс министрлігінің алдында қалыптасқан осындай жағдайға қарамай, әскери саясатты жақсарту міндеті тұрды. Қатаң түрде қайта есепке алу жұмысы қолға алынып, әскери дайындық пен әскери құрылымдарды пысықтап, қаржыландыруды қамтамасыз ету тетігі жедел іске қосылды. Мемлекет басшысының мұқият бақылауымен бұл міндеттер де мінсіз орындалды. Еліміздің әскери ұйымдарына реформа жүргізіліп, әскери қауіпсіздік саясаты қайта қаралды. Оның алғашқы жарқын көрінісі 1999 жылдың желтоқсанында жария болды. Ол – Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының қабылдануы еді. Бұл құжат расымен де Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін бекемдеп, қорғаныс саласындағы саясаттың күрт жақсаруының жаңа кезеңін көрсетті.
Оның жарқын келбетін біз араға он жыл салып, Қазақстан Қарулы Күштері туралы пікір білдірген шетелдік сараптамалық жарияланымдардан анық аңғарамыз. Себебі, Орталық Азия өңірі мен посткеңестік елдер аймағы бойынша әскери қуаты жағынан біздің ел 2009 жылдың қорытындысында «жетекші үштікке» енген болатын. Бұл жай ғана сәйкестік емес еді. Осы кезеңдерде Қарулы Күштерді ұстап тұру арқылы елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің басты қағидасына айналды. Осындай мақсат, міндеттің арқасында әскери дайындыққа көңіл бөлу қарқыны күрт өсті. Мысалы, сол кездері бір ғана жылдың ішінде 52 түрлі ауқымдағы оқу-жаттығу шаралары ұйымдастырылды. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге артық көрсеткіш еді. Ал енді оның бірқатарын атап өтсек, «Әскери әріптестік», «Әуе күштері», «Дала қыраны» сынды сарбаздар дайындығын шыңдау шаралары болатын. Осы орайда, Мәтібұлақ полигонында ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) аясында халықаралық деңгейде ұйымдастырылған «Бірлескен әрекет-2009» оқу-жаттығуы да өте жоғары деңгейде өткен еді.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
"Егемен Қазақстан"
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»