Министрдің айтуынша, Сырдария өзені бассейнінде су қоймаларының толуы өткен жылмен салыстырғанда 1,6 млрд текше метрге азайған. Қазақстанға келетін су ағыны орташа көпжылдық норманың 70%-ын ғана құрап отыр. Бұл жағдай төмен су режимін қалыптастырып, орта және төменгі ағыста тапшылық қаупін арттырады.
«Балқаш – Алакөл бассейніндегі су қоймаларының толу деңгейі 97%-ды құрайды. Қапшағай су қоймасы 98% толған. 2026 жылға бекітілген су пайдалану лимиттері Алматы облысы бойынша 2,1 млрд текше метрді, ал Жетісу облысы бойынша 1,8 млрд текше метрді құрайды. Жиналған су қорының жоғары деңгейіне қарамастан, Алматы облысындағы Күрті су қоймасы маңында су тапшылығы қаупі сақталып отыр. Қазіргі уақытта су қоймасындағы су көлемі 64 млн текше метрді құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 38 млн текше метрге аз», деді Н.Нұржігітов.
Оңтүстік өңірлердегі су қоймаларында жалпы 26,2 млрд текше метр су жиналған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 500 млн текше метрге көп.
Министрдің мәліметінше, Қырғызстан аумағындағы Киров және Орто-Токой су қоймаларының төмен толуы да алаңдаушылық туғызып отыр. Осыған байланысты 2026 жылға арналған су пайдалану лимиті 1,2 млрд текше метрден 900 млн текше метрге дейін қысқартылған.
Нұрболат АМАНБЕК