Қазақстан • 29 Наурыз, 2017

Қазақстан-Еуропалық одақ: Әріптестік арнасы кең

252 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінде Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы Ынтымақтастық комитетінің 16-шы отырысы өтті. «Қазақстан Республикасы – Еуропалық одақ» тақырыбында өткен басқосуға Еуропалық одақтың Басқарушы директорының орынбасары, Еуропа сыртқы байланыс қызметінің Ресей, Орталық Азия елдері, өңірлік ынтымақтастық, ЕҚЫҰ бойынша департаментінің директоры Люк Девинь және еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко төрағалық етті.

Қазақстан-Еуропалық одақ: Әріптестік арнасы кең

Ынтымақтастық комитетінің бұл жолғы отырысы Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтас­тық төңірегіндегі үнқатысуды кеңейту­ге және бұған дейінгі қалыптас­қан қа­рым-қатынасты нығайтуға, оның ішін­де аймақтық тұрақтылық пен даму жо­лын­дағы өзара мүдделестікке негізделді. 

Отырысқа қатысушылар 2015 жыл­дың 21 желтоқсанында Ас­танада қол қойылған Кеңей­тілген серіктестік және ынтымақ­тастық туралы келісім аясын­да екіжақты саяси және эконо­мика­лық әріп­тестікті дамыту төңірегінде сөз қозғады. Дипло­маттар бұл тарихи құжатты жү­зеге асыру ықпал­дас­тық көк­жие­гін барлық сала бойынша кеңейтуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Роман Василенко: «Еуропа­лық одақ – Қазақстанның же­тек­­ші сауда-экономикалық және ин­вес­тициялық серіктесі. Оның енші­сіне Қазақстанның сыртқы тауар ай­на­лымының 50 пайызы және елі­міз экономикасына құйылған шетел инвестициясының жартысы­нан көбі тиесілі», – дей келе, екі­­жақты тауар айналымының уа­­қыт өткен сайын қарқын ала түс­­кенін жеткізді. Мәселен, 2016 жы­лы Қазақстан – Еуропалық одақ арасындағы тауар айналымы 24,1 млрд АҚШ долларын құра­ған. Оның ішінде экспорт – 18,4 млрд еуро болса, импорт – 5,6 млрд еуро.

«Жалпы, бұл жиын ауқымды мәсе­лелерді жан-жақты қозғайды. Олар саяси-экономикалық, сауда, өңір қауіпсіздігі, энергетика, көлік, транзит, білім салаларымен тікелей байланысты. Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім 29 саланы қамтиды. Бізді Еуропа­лық одақпен мықты диплома­тиялық әріптестік тетігі байланыстырып келе­ді. Кеңейтілген серіктес­тік және ынтымақтастық туралы келісім – осының айғағы»,  деді өзінің сөзінде Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Люк Девинь де Роман Васи­лен­коның сөзін қуаттады. «Еуро­палық одақ пен Қазақстан ынты­мақ­тастығы, шынымен де, жақсы деңгейде. Еуропалық одақ – сіз­дер­дің елдеріңіздің ірі сауда және инвес­тициялық әріптесі. Бүгінде Қазақ­стан әлемдік және өңір­лік тұрғыдан алғанда, бей­­біт­­шілік және қауіпсіздікті қам­­тамасыз ету бағытын бе­рік ұс­тан­ған ең маңызды әріп­тесі­мізге айналуда. Жақын күндері Қазақстанда Еуропалық одақ пен Орталық Азиядағы саяси және қауіпсіздік мәселелеріне арналған жо­ғары дең­гейдегі тағы бір шара өтеді», – деді.  

Жиында, сондай-ақ, білім беру, су ресурстарын басқару, қоршаған ортаны қорғау, құқық үстемдігі, қауіпсіздік, терроризм және есірткі бизнесімен күрес секілді салалар бойынша ынты­мақ­тастықтың өзекті мәселелері, Еуро­палық одақ пен Қазақстан азаматтары үшін визалық режімді жеңілдету жайы талқыланды.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»



Соңғы жаңалықтар