Кездесулер кезінде Ақтөбе мен Тараздың арасын екі мың шақырым жер бөліп тұрғанымен, бұл қашықтық өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға кедергі келтіре алмайтыны ашық айтылды. Өзара тәжірибе алмасу деген ұғымның өзі бір бірінен үйрену, бір біріне қолдау мен көмек көрсету, бірінде жоғын екіншісінен табу деген сөз емес пе? Осы орайда ақтөбеліктер өздеріне ынтымақтасу ниетімен келген ежелгі Әулиеата еліне қандай көмегін бере алар еді деген заңды сауал туындайды. Талас жоқ, өңірдің бай табиғи ресурсы мен жоғары өндірістік әлеуеті экономикалық ынтымақтастықты нығайтудың басты кілті болып қала бермек. Мұнда индустриялық аймақтың мүмкіндігі де оңтүстік өңірден берілетін сұраныстарды өтеуге толығымен жетіп-артылады. Өйткені, өндіріс пен көлік-логистика қызметін өркендетуге қажетті қондырғылар мен жабдықтарға деген қажеттілік қай өңірде де болмай тұрмайды. Өңіраралық кооперацияны дамыту жөніндегі басты келісімдердің бірі осы бағытта жасалды.
Ал енді жамбылдықтар ақтөбелік әріптестерінен нені үйреніп, нені көкейлеріне түйіп қайтты дегенге келейік. Мәселен, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевты Ақтөбе аймағындағы жауыннан кейінгі көктей дүркіреп өсіп келе жатқан мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында қолға алған жұмыстар қызықтырады екен. Әсіресе, қалада тұрғызылған сәнді де сәулетті білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен Өнер және спорт нысандарын көріп, риза болды. Облыс орталығындағы Сымбат мектебі, Өнер академиясымен танысып шыққаннан кейін жамбылдық делегация жетекшісі бұған тек қызыға қарайтындарын жеткізді.
Өз кезегінде Жамбыл облысы ақтөбеліктерге не ұсына алады? Әрине Әулиеата топырағында өндірілетін басты құрылыс индустриясы өнімінің бірі – цемент құрылыс алаңдары кеңінен қанат жайған аймақтың сұранысын туғызбай қалмасы анық. Сондай-ақ, облыс химия өнімдері бойынша елімізде көш бастап келеді. Қазір оның тұтастай республикалық ауқымдағы үлесі отыз пайыз болса, таяудағы жылдарда мұны екі есеге дейін ұлғайту көзделген.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың мәлімдеуінше, Жамбыл жерінде баламалы энергия көздерін дамыту жөніндегі жобалар үлгі алуға тұрарлықтай. Меморандумға қол қою рәсімі кезінде айтылғандай, алдағы үш-төрт жылда жасыл экономиканың үлесі Жамбыл облысында 50-60 пайызға дейін жеткізілмек. Міне, осылайша ежелгі Әулиеата топырағында күн мен желдің және судың қуатын пайдаланып арзан энергия өндіру жылдан-жылға ұлғая бермек.
Жамбыл облысында Үкіметтен субсидиялық көмек алған ауылшаруашылық өндірісшілерінің жоғары қайтарыммен еңбек етіп жүргені де ынтымақтастық аясындағы кездесулер кезінде тағылым аларлық оң мысал ретінде көрініс тапты. Солардың бірі «Шәушенбай» шаруа қожалығының жетекшісі Мейрамбай Дөненбаев мемлекеттен алған 140 миллион теңге көлеміндегі демеуқаржыны артығымен қайтарып, 600 миллион теңгенің өнімін өндіріпті. Сонымен бірге, ол Астана қаласының азық-түлік белдеуін құру ісіне де өз үлесін қосуға бекем бел буғандардың бірі болып шықты.
Өңіраралық ынтымақтастық пен кооперацияны дамыту шеңберінде Ақтөбе мен Жамбыл облыстары арасында меморандумға қол қойылды. Екі өңірдің ауыл шаруашылығы басқармалары және іскер әйелдері арасында бөлек келісімдер жасалуы өзара байланыстар мен қарым-қатынастар көкжиегін кеңейте түсері кәміл.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы