Аралдың апат аймағы тұрғындарын әлеуметтік қорғау мақсатында арнайы заң қабылданды. Осы заңның шапағатымен Қызылорда халқына жылына он миллиард теңгеге жуық қосымша пайда түсіп отыр.
Біздер, суармалы егіншілікпен айналысатын Сыр бойының халқы, «су – өмір» дейміз. Бұл – шынайы шындық, айнадай ақиқат. Кім судың зәрулігін, зардабын, қайғы-қасіретін көп шексе, оның қадір-қасиетін, қажеттігін, құндылығын терең түсінері сөзсіз.
Иә, сусыз өмір жоқ. Жер планетасының – 75, адам ағзасының 80 пайызы судан тұрады. Әлемдегі ұлан-ғайыр судың тек 1-2 пайызы ғана ішуге жарайтын тұщы су, ал оның 20 пайызы бір ғана Байкал көліне шоғырланған.
Түптің-түбінде бүкіл адамзат су тапшылығын көретін түрі бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне қарағанда, қазірдің өзінде әлемде 2 миллиард адамға таза су жетпей отыр. Дүние жүзінде ХХ ғасырда халық саны үш есе өсті, ал су пайдалану жеті есе өсті. Халық өседі, ал су көбеймейді.
ХХІ ғасырда су проблемасы ғаламдық проблемалардың алғашқы орындарының біріне шықты. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2003 жылды ауыз су жылы деп жариялаған болатын. Су қазір ең қажет, ең құнды, ең қымбат стратегиялық тауарға айналды.
Мұнай – ақша, су – өмір. Су мұнайдан да қымбат болады. Адамзат тарихында жер үшін, билік үшін, байлық үшін, мұнай үшін 1500 ірілі-ұсақты соғыстар болған болса, келешекте су үшін де қақтығыстар болу қаупі жоғары.
Дүние жүзінде 200-ден астам өзендер жүйесі ұлттық шекараларды басып өтсе, 13 ең ірі деген өзендер мен көлдер 100 елдің ғана аумағында орналасқан.
Мұхиттан жырақта, Еуразия құрлығының бел ортасында өмір кешіп жатқан қазақ жұрты үшін су мәселесін аса маңызды, өміршең, тағдырлы мәселе деп айтуға болады. Елімізде 39 мың өзен мен су арнасы, 48 мыңдай көл бар. Бұл сырт көзге көп сияқты көрінеді, шындап келгенде аз. Мамандардың есебіне қарағанда, кейінгі елу жылдың бедерінде Қазақстандағы су ресурстары 15-20 миллиард текше метрге азайыпты. Қазақстандағы барлық судың 44 пайызы басқа мемлекеттерден келеді. Олар: Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан.
Батыс Қазақстан облысындағы табиғи су қорының 80 пайызы Ресейге тәуелді. Жайық өз бастауын Башқұртстаннан алады. Шаған мен Деркөлдің бастауы Орынборда жатыр. Қараөзек пен Сарыөзек Саратов облысынан арна тартады. Олардың бойында жаңадан су қоймалары салынуда.
Су проблемасының асқына түсуіне тікелей әсер етіп отырған негізгі жағдай – Орталық Азия халқының 1960 жылғы 14 миллион адамнан қазір 50 миллион адамға жетуі. Осының салдарынан ауыз суға деген сұраныс жылына 60 текше шақырымнан 120 текше шақырымға дейін өсіп отыр. Қазір Орталық Азияда бір тұрғынға есептегенде жылына 2600 текше метрден су келеді. Егер осы көрсеткіш Мысырда – 1200 текше метр, Суданда – 1160, Қытай, Сирия, Израильде шамамен 450 текше метр екендігін ескерсек, бұл жаман көрсеткіш емес.
Кеңес Одағының ыдырауына байланысты Орталық Азия өңірінде су проблемасы бұрынғыдан да асқына түсті. Себебі, Кеңес Одағы қалыптастырған суды өңірлік реттеу жүйесі жойылды. Ал жаңа жүйе тәуелсіз, туыстас мемлекеттер арасында әлі қалыптасқан жоқ.
Біздегі ең үлкен кемшілік – елдің суды ысыраппен пайдаланатындығы. Мысалы, Өзбекстанда су ресурстарының 90 пайызы егіншілікке жұмсалғанмен, оның 40 пайызы ғана өсімдікке жетіп, 60 пайызы босқа шығын болады. Бізде де судың ысырабы осы дәрежеде.
Қырғызстан суға бай елдердің қатарына қосылғанымен, оның басым бөлігін қыс айларында электр қуатын өндіру мақсатында жұмсайтындықтан, көп су босқа кеткенімен қоймай, Қазақстанның оңтүстігіне су басу қаупін төндіреді.
Қазақстанның су жағдайына үлкен ықпал ететін елдердің бірі – Қытай. Дүние жүзінде су ресурстарының көлемі жағынан бесінші орын алғанымен, бұл елдің де проблемасы жеткілікті. Бүгін Қытайдың 32 ірі мегаполисінің 30-ы су тапшылығына ұшырап отыр. Болжам бойынша, 2030 жылдары Қытай ауыз суды сырттан тасымалдауға мәжбүр болады. Ауыз суға деген елдің ішкі тапшылығы жылына 240 миллиард текше метрге дейін жетеді. Қытайдың батысын сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін Қытай жағы осы елдің аумағынан бастау алып, Қазақстанға ағып келетін Іле, Ертіс өзендеріне реттегіш тоспа салуға мәжбүр болуы ықтимал.
Құрлықта орналасқан су бассейндерінің ішінде үшінші орын алатын Балқаш көліне жылына 23,81 текше шақырым су ағып келіп жатқан болса, мұның 17,4 текше шақырымы Іле өзені арқылы құйылады екен. Ал оның 12,7 текше шақырымы өз бастауын Қытайдан алып жатыр. Қара Ертіс арқылы Қазақстанға жылма-жыл келіп жатқан су көлемі 5 текше шақырымды құрайды. Қытайда Ертіс пен Іленің суын өз мүддесіне сәйкес пайдалану жобасы іске асырылуда. ШҰАР жағы Қарамай қаласына Ертістен тартылып жатқан каналға су ала бастаса, Қазақстанға келетін су мөлшері тағы да 20 пайызға азаяды. Іленің бойында ГЭС салынып жатыр, бөгетінің ұзындығы 30 шақырым, биіктігі 2000 метр. Осылардың нәтижесінде Балқаш, Зайсан көлдерінің жағдайы нашарлайды. Қазақстандағы су проблемасы одан әрі асқына түседі.
Сырдария төрт мемлекетті бойлап өтетіндіктен трансшекаралық өзен болып есептеледі.
Біздер үшін Сырдария жай ғана өзен емес – ол біздің анамыз, асыраушымыз, арманымыз, ардағымыз, қуанышымыз, қайғымыз, қасіретіміз, тарихымыз, тағдырымыз, өміріміз, өзіміз.
Енді ол дария емес, өзен болды. Ат кешіп өтетіндей жағдайға жетті. Дария деген кіші теңіз. Бірнеше өзенді өзіне қосып алып, талай жерді қақ жарып, талай халықты асырап жатқан өткел бермес, арынды, асау суды дария дейді.
Сырдария өзенінің 1274 шақырымы облыс территориясынан өтеді. Кеңес дәуірінде Сырдарияның су қоры 37,9 миллиард болатын: оның 42 пайызы – Қазақстанға, 0,5 пайызы Қырғызстанға, 7 пайызы – Тәжікстанға, 50,5 пайызы – Өзбекстанға тиісті болатын. Шардара су қоймасынан жыл сайын 10,19 миллиард текше метр су Қызылордаға бөлінетін.
Қызылорда облысы суармалы егіншілікпен күн көріп отырған, Сырдарияның төменгі жағына орналасқан өңір. Облыста 2 млн гектардың үстінде жер бар. Оның 200 мың гектары – инженерлік жүйеге келтіріліп, тегістелген жер. Қазір осы жердің жартысына жуығы батпақтанып, сорланып, тұзданып, жабайыланып егіс айналымынан шығып қалды.
1980 жылы облыста 1326 көл болса, қазір 320 көл ғана қалды. Облыста 2500 шақырым магистральды каналдар, 11900 шақырым ішкі шаруашылық каналдары, 19200 шақырым ішкі қашыртқылар, 24 мың ірілі-ұсақты гидротехникалық инженерлік құрылыстар бар еді. Осыншама байлыққа иелік жасайтын құрылымдар майдаланып, ұсақтанып, шашырап кеткен. Біздіңше «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының екінші кезеңінің аясында істен шыққан барлық инженерлік жүйеге келтірілген жерлер қайта тегістеліп, каналдар, қашыртқылар, гидротехникалық құрылыстар алғашқы жобалық қалпына келтірілуі керек.
Сондай-ақ, магистральды каналдар мен қашыртқыларды мемлекет балансына алу, қалғандарына иелік жасау үшін су пайдалану кооперативтері құрылу керек деп ойлаймыз.
Сырдарияға 43 қашыртқы арқылы өндіріс қалдықтарымен мақталық жерлерді шаюдан шыққан уланған, лас сулар келіп құяды, оның үшеуі ғана біздің облыс аумағынан. Облысымыздың халқы «Сағадағы су ішеді, аяқтағы у ішедінің» нағыз күйін кешіп отыр. Осы күнге дейін Сырдария өзенінің бойында 17 су қоймасы мен тоспасы салынды. Сырдарияның жоғарғы жағында орналасқан 5 су қоймасының (Тоқтағұл, Әндіжан, Қайраққұм, Шарвақ, Шардара) сыйымдылығы 33 млрд текше метр.
Қазірде трансшекаралық өзендерді ортақ пайдалану жөнінде мемлекетаралық келісімдер жасалған. Алайда бұл маңызды мәселеде проблемалар жиі туындап жататыны жасырын жағдай емес. Түптеп келгенде, әркім өз мүддесін қорғайды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға, Ресейге, Орталық Азия өңірлеріне жасаған сапарларында трансшекаралық өзендер суын реттеу мәселесі тұрақты көтеріліп жүргендігі белгілі. Ол Орталық Азия елдерімен бірлесіп, су-энергетикалық концорциум құруды да ұсынды. Міне, осы орынды ұсыныстардың астарында ел болашағын ойлаған үлкен бір алаңдаушылықтың барын жоққа шығаруға болмайды.
Сібір өзендерін Қазақстан мен Орталық Азияға бұрудың идеясы да соңғы жылдары қайта бір қозғалғандай болды. Сібір суларының 90 пайызға жуығы Ресей жерін басып өтіп, Солтүстік мұзды мұхитқа барып құйып жатыр. Ал одан Қазақстан мен Орталық Азияға бөлінеді деп жоспарлаған су көлемі 6-7 пайыз шамасында ғана. Былайша айтқанда, Ресей үшін үлкен проблема емес.
Қазақстандағы су ресурстарының, әсіресе трансшекаралық өзендердің проблемасын еліміздің болашағына аса зор ықпалы бар маңызды мәселе ретінде тек қана мемлекеттік деңгейден қарастыруымыз қажет. Бұл мәселеде ішкі аймақтардың тартыс-таласына жол беруге болмайды. Ол үшін су ресурстарын реттеу мәселесін неғұрлым жан-жақты және айқын қарастырған мемлекеттік стратегия керек. Алдымызда болуы мүмкін су тапшылығына әзірлікті нығайту мақсатында тіршілік пен тұрмысқа су үнемдегіш технологияларды енгізу мәселесін қолға алғанымыз жөн. Осы ретте еліміздің егіншілік жүйесіне израильдік тамшылатып суару технологиясын енгізу жұмыстары қолдауға лайықты.
Бүгінгі су жер асты, жер үсті табиғи ресурстарының барынша бағалы түріне айналып отыр. Бұл орайда жер асты суларының орны бөлек. Еліміздегі жер асты ауыз суының қоры 50 млрд текше метр деп бағалануда. Түптің-түбінде осы байлық кәдеге жарайды. Міндет осы суды сақтай, қорғай, тиімді, үнемді пайдалана білуіміз керек.
Қай заманда болмасын, қай қоғамда болмасын судың тілін білген адам қадірлі, құрметті болған. Сондықтан да халық «Судың тілін білген ұтады, судың тілін білмеген құртады» деп бекер айтпаған. Ертеден судың тілін білетін адамдарды «мұрап» деп атаған. Сыр мұраптарының атасы Қасымбет Ахунның ұлы Нұртаза ақсақал болған. Құдайға шүкір, осы мұраптық дәстүр өзінің жарасымды жалғасын тауып, кеңес дәуірінде сондай мұраптардың жаңа деңгейдегі талантты, білімді мұрагерлері мен шәкірттері өсіп шықты. Олар Қазақстанда суармалы егін шаруашылығын қалыптастыруда ерекше еңбек етті. Бұлардың қатарында елімізге белгілі қайраткерлер М.Ықсанов, С.Сәрсенбаев, Ә.Тыныбаев, Э.Гукасов, Ш.Бәкіров, В.Гонгаров, Н.Қыпшақбаев, Б.Сәрсенов, Р.Ковалевский, А.Антипов, А.Киселев, Ғ.Мурзалиев. Е.Бозғұлов, С.Арыстанбаев, Е.Құтыбаев, Ә.Жаппарханов, Ә.Құтжанов, М.Нәлібаев бар.
Осы білікті мамандардың жасампаздық, жанқиярлық еңбегінің арқасында Қазақстанда 1,5 млн гектар суармалы жерлер игерілді. Жүз мың шақырым каналдар мен қашыртқылар қазылып, 500 мың гидротехникалық инженерлік нысандар соғылды. Соның нәтижесінде республикада мақта, күріш, қант қызылшасы түгелдей, көкөністің, жеміс-жидектің, бау-бақшаның, картоптың, техникалық дақылдардың 80 пайызы осы суармалы жерлерге орналасты.
Бұл «іс тетігін кадр шешеді» деген қағиданың әрқашан дұрыстығын көрсетеді.
Сейілбек ШАУХАМАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері