Аймақтар • 29 Наурыз, 2017

Сын сәуірде басталмақ

131 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Ақмола өңірінде қыс айтарлықтай қатты болды. Қар да әдеттегіден қалың түсті. Осыған байланысты көктемгі қар суының ағыны бұрынғыдан күштірек болады деп күтілуде.

Сын сәуірде басталмақ

 Соған орай, төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары да белсен­ділікпен жүргізілуде. Мұны осы мақсатқа 900 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылғанынан байқауға болады. Атқарыл­ған жұмыстар ауқымды әрі үнемі бақылауда ұсталуда.

Сенбі күні облыс әкімі Мәлік Мырзалин, Ішкі істер вице-ми­нистрі Юрий Ильин және аталған министрліктің Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер жағдайды тікұшақ арқылы байқап шықты. Шағалалы, Астана, Бірсуат су қоймаларын тексеріске алған олар Атбасар ауданында кеңес өткізді.

«Біз бүгін су тасқыны болуы мүмкін алты аудан аймағын әуе­­ден бақылап шықтық, – де­ді Ақмола облысының әкімі М.Мыр­­залин. – Қардың көп түсуі және ылғалдың мол қорла­нуы сал­дарынан Атба­сар, Астра­хан, Аршалы және Целино­град ау­дандарында күрделі жағ­­дай сақталып отыр. Төтен­ше жағ­дайларға дайындық жа­ман емес. Табиғи апаттың ал­дын алу шаралары жазғы-көк­темгі маусымнан бері тиянақ­ты жүр­гізіліп келеді. Облыс­тың барлық ай­мақ­тарында ин­женерлік жұмыс­тар кешені атқарылды. Ал Ат­басар қаласындағы Жабай өзені жаға­лауында 9,5 шақырымдық мықты бөгет салынды».

Сондай-ақ, 12 шақырымдық канал тазартылып, 32 шақы­рым­дық аумақта жөндеу жұмыстары атқарылғаны, тоғандар нығай­тылып, күшейтілген 13 су­ағар са­лынғаны мәлім болды. Өзен­дердің қауіпті телімдерінде мұзды жару жұмыстары жүргі­зілді. Алдын ала жұмыс жоспарына сәйкес, 23,7 мың тонна инерт­ті материалдар дайындалып, 102 мың данадан астам қап, 268,3 тонна жанар-жағармай және 16,7 тонна азық-түлік тауарлары дайындалған. Елді ме­кендерден 850 мың текше метр қар шығарылса, жол бойы қыз­меті суағарлар мен көпірлерді тазалауды аяқтап келеді.

Ықтимал табиғи апатпен кү­рес­ке 2 588 адам, 1 220 дана тех­­ника мен 66 суда жүзу құра­лы жұмылдырылатын болады. Бұған қоса, авариялық-құт­­қа­ру жұ­мыстарын жүргізуге ішкі іс­тер органдары тарапынан 485 кісі, 103 техника мен 5 қайық қа­тыс­тырылмақ. Аймақ­тағы гидробекеттер тәулік бойы кезек­шілік атқарады. Қажетті жағ­дай­лар туындаған­да, қосымша күш­­тер жұмылды­рылып, адамдар­ды, малды көші­ру, орналастыру мәсе­лелері тия­нақ­талғаны айтылды.

Облыс басшысы бастаған топ Атбасар қаласындағы өзен бо­йындағы жаңа бөгет құры­лы­сының сапасын тексеріп, арнайы техни­калардың әзірлігімен танысты және жергілікті штаб мү­шеле­рімен, ерікті көмекшілер құ­рамы­мен әңгімелесті. Сон­дай-ақ, аудан әкімі Андрей Ники­шов­тің, об­лыс­тық төтенше жағдай­лар де­пар­таментінің басшысы Алек­сей Советовтің есебі тыңдалды.

– Біз су тасқынына қатысты күнделікті ғарыштық мониторинг жасаудамыз, – деді А.Сове­тов. «Қазгидрометтің» деректері бо­йынша облысымыздың басым бөлігінде қар жамылғысының қалыңдығы былтырғы жылғыдан 1,2-1,6 есе жоғары. Атбасар өңі­рін­дегі анағұрлым қауіпті сипат­тағы Жабай, Колутон өзен­дерінде 5 сәуірден сең жүре бастайды деп күтілуде. Барлық аймақта тұр­ғындарды шұғыл түрде қоныс аударуға мүмкіндік беретін 200 штаб құрылып отыр. Сондай-ақ, Самарқан, Ын­тымақ, Шерубай, Шағалалы қой­маларынан суды босату және оның қорын қалып­тастыру мәсе­лелері Су ресурстары коми­те­тімен келісілуде. Қазір өңірде 45 метеостанса, 37 гидробекет және 21 агрометеобекет жұмыс іс­теу­де. Арнайы рейдтер кезінде ауыл тұр­ғындарымен кездесулерде жан-жақты түсінік жұмыстары жүргі­зілді.

Мемлекеттік органдар тарапынан да көктемгі су тасқынына қатысты мәселелер қатаң бақы­лауда ұсталып отырғанын айту қажет. Жуырда Қазақстан Пре­зи­­дентінің Әкімшілігі Жалпы мә­се­лелер бөлімінің инспекторы Ға­­лым Аушәріп бастаған топ Ар­ша­лы ауданындағы «Бе­зы­мян­ная» су қоймасының жұмы­сы­­мен танысып, аудан әкімі Аза­мат Тай­жановтың хабарламасын тыңдады.

Ауа райын болжау станса­сының хабарлауынша, Ақмола облысында наурыз айындағы темпе­ратура қалыпты деңгейде бол­ған, ал сәуірде ауаның темпе­ратурасы күндіз 16-17 градус­қа кө­терілмек. Яғни, сәуірде сын са­ғаттары басталмақ. Ал мәсе­­лелердің кешенді сипатта ше­шіліп жатқандығы тө­тен­ше жағдайларға жол берілмей­тін­ді­гіне сенім қалыптастырады.

Бақберген АМАЛБЕК,

журналист

Ақмола облысы





Соңғы жаңалықтар