
Бас прокуротурада қылмыстық істерді электронды түрде қарайтын "Заңдылық" атты жүйені енгізуге қатысты жиын өтті, деп хабарлайды kapital.kz.
"Заңдылық - электронды қылмыстық іс" атты ақпараттық жүйе қылмыстық процестерді қысқарту мен сапасын арттыруға және тергеуші, прокурор мен судъялардың қателіктерін азайтуға бағытталған. Жүйе "Сотқа дейінгі тергеудің біріңғай реестріне" енгізілуі мүмкін.
«Қазіргі таңда қылмысты тергеу бойынша сотқа дейінгі өндіріс жұмыстары өте күрделі және көп. Бұл адам ресурсы, қаржы мен уақытты шығындайды. Сонымен қатар, істің қағазбен жүргізілуі кей мәліметтерге қолжетімділікке кедергісін келтіріп, атқарылатын жұмыстың сапасына кері әсер етеді", - дейді Бас прокуротураның Құқықтық статистика және арнайы есептер комитетінің төрағасы Бағдат Мусин.
"Заңдылық - электронды қылмыстық іс" атты ақпараттық жүйесі мәліметті толығымен сандық жүйеге көшіреді. Бұл қауіпсіздік тұрғысынан да пайдалы. Сонымен қатар, қылмыстық істі құру, тергеуден бастап сот үкімі шыққанға дейінгі аралықтағы жұмыстар біріңғай базада ашық жүргізіледі.