Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаевтың жетекшілігімен өткен отырысқа мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры – әдеп жөніндегі уәкіл Қуаныш Жапақов қатысты.
Күн тәртібіне бес мәселе шығарылып, алдымен жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Айтбаев пен әкімшілік полиция басқармасы жетекшісінің орынбасары Болат Жексенбиновтің есептері тыңдалды. Кеңес мүшелері құқықтық-нормативтік актілер бойынша тұрақты мониторинг жүргізіп отыруды, жұмыс тиімділігін арттыруға тұрақты назар аударуды, Әдеп кодексі талаптарын қатаң сақтауды, ұжым арасында құқықтық сауаттылықты ұдайы жетілдіруді, тәртіп пен талапты босаңсытпауды тапсырды.
Кеңесте есеп берген Аққайың ауданы әкімінің міндетін атқарушы Еркін Жақыповтың атына бірқатар сындар айтылды. Әдеп нормаларын бұрмалағаны үшін екі мемлекеттік қызметші әкімшілік жазаға тартылған. Алдағы уақытта бюджеттік заң нормаларын бұрмаламау, жұмыс сапасын нығайту атап көрсетілді. Қала әкімінің орынбасары Қайролла Ғалеев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, құрылыс және қала құрылысы мәселелері бойынша ақпар берді.
Күн тәртібіне Есіл ауданы Тораңғұл ауылдық округінің әкімі Бибігүл Ермекбайдың мәселесі шығарылғанда талқылау қызып сала берді. Жергілікті шенеуніктің кеңес алдында жауап беруіне ауыл тұрғыны Дина Иванованың шағымы түрткі болған. Тексеру нәтижелері әкімнің мемлекеттік қызметшіге қатысты әдеп талаптарын өрескел бұзғанын көрсетіп берді. Елбасы Жолдауын талқылау жиналысында тұрғындарға дөрекі мінез танытқан. Оны жауапкердің өзі мойындағанымен, балағат сөздер айтпағанына сендіруге тырысты.
Алайда, кеңес мүшелері көпшілік дауыспен оны қызметінен босату жөнінде шешім алып, аудан әкімінің қарауына жіберді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы