С.Сәрсеновті өткен жылы Алматыда «Қайрат» пен Ресейдің «Оренбург» командалары жолдастық кездесу өткізгенде көргенбіз. Сол кезде аз-кем сұхбаттасып, пікірін де білген едік.
– Новотроицк қаласының тумасымын. Футболмен жеті жасымнан айналыстым. Бала кезімнен-ақ осы спорт түрін жақсы көрдім. Өзге балалар секілді мен де ала доп ойнауды ауладан бастадым. Кейіннен мектепте қыр-сырын үйрендік. Сосын спорт мектебіне бардым, – деп еді ол.
Футболшы карьерасын 2013 жылы өзі туған қаладағы «Носта» командасынан бастаған. Ал соңғы үш жылын «Оренбург» клубының дублінде өткізіпті. Биылғы жылы дубльдің капитаны болды. Жасөспірімдер лигасында бес матчта үш гол соққан.
«Қайрат» клубының баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, Сәрсенов бірінші лигада ойнайды. Биылғы маусымда «Қайрат Академия» бірінші лигаға жолдама алған еді. Чемпионат 15 сәуірде басталады.
Айта кетерлігі, Самат Сәрсенов – құжат бойынша Ресей азаматы. Қазақстан чемпионатында ол легионер болып саналады. Тіпті, біздің елдің азаматтығын алса да, ұлттық құрама немесе жастар құрамасы сапында бір ойын өткізбесе, легионер болып қала береді. Себебі, ол «Қазақстан футболының түлегі» емес.
Бек ТӨЛЕУОВ,
журналист
АСТАНА