Төрешінің ысқырығы естілісімен алға ұмтылған шығысқазақстандықтар қарсы қақпаны бірнеше рет нысанаға алып үлгерді. Өз кезегінде қонақтар жинақылық танытып, адуынды шабуылдар да ұйымдастырды. «Торпедо» сапынан Александр Шин, Талғат Жайлауов, Джордан Сауторн, ал «Рубиннен» Максим Зюзякин, Виталий Зотов сынды хоккейшілердің есеп ашатын мүмкіндіктері болған, алайда сәттілік жетіспеді.
Қос команда бір-бірінің қақпасын торуылдап жүргенде негізгі уақыт та аяқталып қалған еді. Жеңімпаз ұжым овертайм арқылы анықталды. Бұл сында түмендіктердің жолы болып, 66-минутта жеңіс голын соғып кетті. Жалғыз шайбаның авторы – Игорь Сафаралеев.
«Торпедо» мен «Рубин» арасындағы сериялы матчта ресейліктер 1:0 есебімен алға шықты.
– Бұл – сериядағы алғашқы ойын. Тартысқа толы өткенін көрдіңіздер. Бізді алда қиын матчтар күтіп тұрғаны анық. Жеңіске жету үшін барымызды саламыз, – дейді «Торпедо» хоккей клубының бас бапкері Алексей Ждахин.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»