Аймақтар • 30 Наурыз, 2017

Сатып ал да, тексере бер...

243 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті кедергісіз дамыту үшін әртүрлі қадағалаушы органдардың оларды жиі тексеруіне тыйым салынған.

Сатып ал да, тексере бер...

Батыс Қазақстан облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті қызметкерлері соңғы кезде сауда орындарына қарапайым тұтынушы ретінде барып, сауда жасап, сатып алған тауарларды зертханадан өткізуді әдетке айналдырған.

– Былтыр департамент тарапынан тексерулер 2015 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге азайды. Қазіргі тәртіп бойынша сауда ор­нын жылына бір-ақ рет тек­сере аламыз, оның өзін­де 1 ай бұ­рын ескертуге тиіс­піз, – дейді об­лыстық тұтыну­шылар­дың құ­қықтарын қорғау депар­та­ментінің басшысы Жайдар Құрманов.

Әрине, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды теріс пайдаланып, қарапайым тұтынушының құқығын ескермей кететін «кәсіпкерлер» де табылады. Бірақ, оларды да әшке­релеудің жолы табылған. Батыс­қазақстандық санитарлар облыс аумағындағы елді мекендердің халық көп баратын сауда орындарынан халықтың басым бөлігі тұтынатын тауар өнімдерін арнайы сатып алады. Бұл үшін мемлекеттен арнайы қаржы бөлінген. Осы тауарлар департаменттің түрлі зертханаларында сараптама­дан өткізіліп, қалыпқа сай кел­мейтін, заң бұзушылық фактілері болса, кінәлілер жауапқа тартыла­ды.

Мәселен, 2016 жылы 2430 өнім санитарлық-эпидемио­ло­гиялық сараптама жүргізу үшін сатып алынып, зертхана­дан өткізілді. Оның 70 пайыздан астамы тамақ өнімдері. Тексе­рілген тауардың ішінде 619 өнімнен (25,4%) түрлі дәрежедегі сәй­кессіздік анықталған. Мысалы, кейбір тауардың жазуы мазмұ­нына сай емес, кейбірінің микро­био­логиялық құрамында ауытқу­шылық табылған. Тексерулер нәти­жесінде қызметінен кем­шілік табылған кәсіпкерлерге 192 ұйғарым берілді. 24 оқиға бо­йынша айыппұл салынған. Айып­пұлдың жалпы сомасы – 5 514 600 теңге.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ



Соңғы жаңалықтар

Болашаққа бағдарланған құжат

Реформа • Бүгін, 09:10