Қазақстан • 31 Наурыз, 2017

«Іскерлік ахуал» зерттеуінің қорытындысы шықты

229 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде «Сандж» зерттеу тобы мамандарының қатысуымен Экономикалық зерттеулер институты (ERI) дайындаған 2016 жылғы «Іскерлік ахуал» әлеуметтік зерттеуінің қорытындысы» тақырыбында брифинг өтті.

«Іскерлік ахуал» зерттеуінің қорытындысы шықты

Оған «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов, Ұлттық экономика министрлігі жанындағы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ салалық сараптама орталығының директорлары Айжан Төлепбекова мен Динара Ақынбекова қатысты.

Жиында Р.Жүрсінов «Іскерлік ахуал – 2016» зерттеуі Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамыту мен бизнесті жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті. 

–«Әлеуметтік зерттеуді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерелер палатасының тапсырысымен Ұлттық экономика министрлігінің жанындағы Экономикалық зерттеулер институты жүргізді. Сауалнамаға 2016 жылы 4100 респондент-кәсіпкер қатысты, бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 2 есе көп, – деді Рүстем Жүрсінов.

Динара Ақынбекованың айтуынша, зерттеудің мақсаты Қазақстандағы іскерлік ахуалдың жағдайын зерттеу, кәсіпкерлікті дамыту үшін жақсы жағдай жасалған немесе жағдайы жоқ облыстарды анықтау болды.  

–«Рейтинг аясында әкімшілік реттеу, мемлекеттің бизнесті қолдауы, жылжымайтын мүлік пен инфрақұрылым, адам ресурсы, қаржылық ресурс, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейі секілді көрсеткіштер ескерілді, – деп атап өтті Айжан Төлепбекова.

Оның айтуынша, зерттеудің қорытындысы Алматы қаласында кәсіпкерлікті дамытуға анағұрлым жақсы жағдай жасалғанын көрсеткен.  

–2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда Алматы екі тармаққа жоғары көтеріліп, Астана қаласын екінші орынға түсірді. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облысы үшінші орынды иеленген. Бұл облыс 2015 жылғы көрсеткішін үш сатыға жақсартқан. Рейтингті аяқтайтын өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстары бар, – деді ол.

Сауалнамаға қатысушылар кедендік органдарда, экономикалық зерттеу қызметі мен көлік инспекциясында сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары деп көрсеткен. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық деңгейі Жамбыл, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында жоғары деп танылған. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламалардың тиімділігіне де баға берілді.  Зерттеу барысында мемлекеттік органдардың жұмысы да бағаланды. Кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау туралы ақпарат алуы 2015 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артқан, ал «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысушылар үлесі 4,8 пайызға өскен. Сараптама бойынша мемлекеттік органдардың тиімді жұмысына кедергі келтіретін негізгі мәселелер екені анықталды, оның ішінде респонденттердің 29,53 пайызы құжаттарды қарау мерзімінің ұзақтығы мен қағазбастылықты көрсеткен. Сондай-ақ сауалнамаға қатысушылардың 14,75 пайызы қызметкерлер біліктілігінің төмендігін атаған.

Ал Динара Ақынбекованың айтуынша, маман мәселесіне қатысты сауалнамада кәсіпкерлердің барлығы өз ісімен айналысу үшін баспана мәселесін алға тартқан. Одан кейін медициналық қызмет пен әлеуметтік инфрақұрылымның жақсы болуын атап көрсеткен. Сол сияқты қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпке көп көңіл бөлген.

Дастан Кенжалин,

"Егемен Қазақстан"