Қаржы • 03 Сәуір, 2017

Опек+: ортақ келісім теңге бағамына оң әсерін тигізді ме?

115 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел экономикасының тіре­гі мұнай шикізаты бол­ған­дық­тан, ұлттық валюта да со­ның құнына қарап құ­бы­ла бер­мек. Дегенмен, қор на­ры­ғын­да­ғы мұнай ба­ға­сы­ның таяу күн­дердегі тол­қу­ла­ры қазір тең­ге­нің құнына ай­тарлықтай әсер ет­пейтін болды.

Опек+: ортақ келісім теңге бағамына оң әсерін тигізді ме?

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев журналистерге берген баспасөз конференциясында да айта келіп, теңгенің қысқа мерзімді бағамы қазір биржадағы сұраныс пен ұсынысқа қарай белгіленетінін айтқан еді. Мысал ретінде бас банкир осыдан бірер апта бұрынғы ахуалды еске алды. Наурыз айының басында аздап төмендеген мұнай бағасына  қарамастан, теңгенің құны көтеріле түскен болатын. Өйткені, нарықтағы саудагерлер теңгеге ұзақ мерзімді бәс тігіп, жаппай сатып ала бастаған. Осылайша, сұраныстың көбеюі теңгенің нығаюына жол ашқан-ды.

2017 жылғы доллар-теңге қа­тынасы қалай болады дегенде са­рапшылар екі түрлі факторды ал­ға тар­тады. Бірі – мұнай бағасы, екін­ші­сі – доллардың өзіндік құны.

Мұнай бағасының биылғы көр­сет­кіші өткен жылдың соңында ше­шілгендей болды. 2016 жылдың жел­тоқсан айында ОПЕК мүшелері мен ұйымға кірмейтін Қазақстан секілді өзге де мұнай экспорттаушы елдер 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жылдың ортасына дейін мұнай өндіру көлемін тәулігіне 1,8 млн баррельге дейін  азайту туралы ортақ келісімге келді. Осы келісім аясында Қазақстан да тәулігіне 20 мың баррель кем өндіруге міндеттеме алып, биылғы жылдың алғашқы үш айында оны артығымен орындап тастады. Үкімет отырысында сөз алған елдің Энергетика министрі осы туралы айта келіп, сәуір айында да өндірістің сәл азаятынын ескертті.

Жалпы, ОПЕК+ (ұйымға мүше және оған кірмейтін мұнай экспорттаушы елдер) елдері қазіргі таңда жо­ғарыда аталған міндеттеменің 93 пайызын орындап тастады. Соның ішінде, Қазақстанмен бірге Сауд Арабиясы да жоспарлы көрсеткішті асы­ра орындаса, Ресей әзірге өзіне тиесілі 600 мың баррельдің үштен бі­рін ғана қысқартып үлгерген. Ал ОПЕК+ комитетінің Кувейтте өткен отырысында ұйым басшысы Мұхаммед Баркиндо жұмыстың кестеге сай жүріп жатқанын айтып, қазіргі мұнай бағасына көңілі толатынын жеткізді. Дегенмен, әлгі келісімнің тек бірінші жарты­жыл­дыққа ғана қатысты екенін ес­­ке­рсек, жылдың ортасынан бас­тап мемлекеттер өндіріске қайта қар­қын беріп, бағаны төмендетіп алу­ы мүмкін деушілер бар. Дей тұр­ғанмен, жақында Мәскеуге жұ­мыс сапарымен барған Ирактың мұ­най министрі ОПЕК елдерінің атал­ғ­ан келісімнің мерзімін созуға мүд­делі екенін айтып қалды. Яғни, биылғы жылдың соңына дейін ОПЕК+ елдері мұнайды 1,8 млн баррель кем өн­діру туралы келісімді ұстап тұруы ықтимал. Дей тұрғанмен, қазір мүше мем­ле­кет­тердің ешқайсысы да алдын ала сөз бермей, әліптің артын бағып отыр.

Демек, 1 маусымға дейін мұнай ба­ғасы қазіргі деңгейде, яғни долларына 50-54 доллар дәлізінде сақ­тал­мақ. Олай болса, теңге бағамының да айтарлықтай құбыла қоймасы анық. Дегенмен, ұлттық валютаның ба­ғамына әсер етуші екінші фактор доллардың өзіндік құны да би­ыл мың құбылып тұр. АҚШ-тың Фе­де­рал­дық резерв жүйесі (ФРЖ) өкілдері жа­қында 2017 жылдың соңына дейін доллардың базалық үстемесінің 4 рет көтерілетіні туралы қауесет таратып, нарықты бір сілкіп алған. Бұған дейін, наурыз айының басындағы ФРЖ отырысында доллардың үстеме ақысы былтырғы 0,50-0,75 пайыздан 0,75-1,00 пайызға көтеріліп, нә­­тижесінде доллардың өзге ва­лю­таларға шаққандағы бағамы кү­рт өсті. Әсіресе, еуро мен фунт қат­ты зардап шекті. Әрине, ол кезде теңгенің бағамы кей сарапшылардың күткеніндей құлдыраған жоқ. Оны ма­мандар сол кездегі мұнай ба­ға­сының көтерілуімен түсіндіреді.

Екінші жағынан, доллардың ба­залық үстеме пайызын көтеру ар­­қылы құнын арттырмақ болған ФРЖ-­ға АҚШ-тың ішкі экономикасы да кедергі келтіруде. Зейнетақы жүйесіндегі қаржы тапшылығы мен жұмыссыздықтың өршуі, елдің тұ­­тыну көрсеткішінің төмендеуі Аме­ри­кадағы инфляцияға қарқын бе­ру­де.

Енді жыл соңына дейін ФРЖ-ның тағы алты отырысы өтіп, соның екеуінде доллардың базалық үс­те­м­е­ақысы көтерілуі тиіс. Инвес­то­р­лардың болжамынша, бұл шілде мен қыркүйек айларындағы отырыс­та болуы мүмкін. Олай болса, жыл біт­кенге дейін доллардың базалық үс­темесі 1,25-1,50 пайызға дейін ар­т­пақ. Әрине, бәріне уақыт төреші...

Бауыржан Мұқанов,

«Егемен Қазақстан»




Соңғы жаңалықтар