Қоғамдық кеңесте ішкі істер органдары жүйесінде медициналық көмек көрсету, қоғамдық кеңеске жолданатын нормативтік- құқықтық актілер жобасының бірыңғай талаптарын әзірлеу және оларды қарастыру мерзімін қысқарту, сондай-ақ, азаматтар мен полиция арасындағы сенімге негізделген өзара іс-қимылды жақсарту жөніндегі қоғамдық тыңдауды өткізуге дайындық мәселелері қарастырылды.
Отырыс барысында ІІМ жүйесінде медициналық қамтамасыз ету жеке құрамның жауынгерлік қабілетін қолдаудың негізгі және міндетті элементтерінің бірі екені атап өтілді, оның қызметтік-жауынгерлік міндеттерін орындауға үнемі дайын болуы әлеуметтік қорғалудың негізгі факторы болып табылады.
2015 жылы ІІМ-де емханасы бар орталық госпитальдың жаңа ғимараты қолданысқа енгізілді, онда терапиялық, неврологиялық, хирургиялық, кардиологиялық, реанимациялық бөлімшелер, сондай-ақ, травматологиялық, урологиялық, физиотерапиялық және оңалту бөлімшелері жұмыс істейді.
Дегенмен, ішкі істер органдарының өңірлердегі дербес емханаларында және емханасы бар госпитальдарында ескі медициналық қондырғыларға қатысты мәселелер бар. Бұған қоса, Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында госпитальдарға арналған жаңа ғимараттар салу, ал қалған өңірлердегі осындай ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізу қажет.
Отырыстың қорытындысы бойынша қоғамдық кеңестің мүшелеріне, сондай-ақ, министрлік қызметтерінің басшыларына қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді.