Аймақтар • 03 Сәуір, 2017

Қаржыландырылатын жобалар өңірлік карта сүзгісінен өтуі тиіс

135 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайға келген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев палатаның өңірлік кеңесінде қаржыландыруда басымдыққа ие болатын жобалар өңірлік картаның сүзгісінен өтуі тиістігін айтты. Кәсіпкерлер үшін қаржының қолжетімділігі өте өзекті, сондықтан бұл мәселені ұлттық палата Ұлттық банкпен бірге қарайтыны да сөз болды.

Қаржыландырылатын жобалар өңірлік карта сүзгісінен өтуі тиіс

– Бұл мәселе кәсіпкерлер үшін өте өзекті, коммерциялық банктердің де мүддесін қозғай­тыны рас. Сон­дықтан, өңірлік карта көрсетілген жобаларды қаржыландыруды ұтымды ұйым­дастыру қажет. Об­лыс басшылығымен біз өңірдің ин­вестициялық мүмкіндігін қарадық. Күшті шашыратпай, қаржыны қайда шоғырландыру қажеттігін түсінуіміз қажет. Ең алдымен, ауылшаруашылық өнімін өңдеу мәселесі адыңғы орында болуы тиіс. Әбден анықталған жобалар тізімін «Атамекен» арқылы Үкіметке және шетелдік инвесторлар назарына ұсынамыз, – деді Тимур Құлыбаев.

Ұлттық палата төралқасының төрағасы қазір министрліктер деңгейінде салық заңдылығын жеңілдету туралы мәселе қаралып жатқандығынан хабардар етті. Бүгінде палатаға жүгінген әр төртінші кәсіпкер салық туралы сөз қозғайды екен.

Басқосуда ауыл шаруашы­лығындағы қиындықтар да айтылды. Кәсіпкерлердің өңірлік палатасының директоры Мұрат Әбенов ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлердің несие алуға кепілдерінің банкке өтімсіздігін айтты. Өңірде жеңілдікпен шағын қаржыландыратын ұйымдар құру қолдау тапты. Қостанай облысында тұрғындар 8 айдың ішінде «Атамекен-Қостанай» шағын қаржыландыру ұйымы арқылы 344 миллион теңгеге 93 займ алған. Ол мал шаруашылығында, қоғамдық тамақтандыруда, жүк тасымалында жаңа жобалардың ашылуына мүмкіндік берген.

Тимур Құлыбаев бастаған топ Кәсіпкерлерге қызмет көрсету ор­талығында, «Баян сұлу» кондитер фабрикасында болды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ