Болашақтың баяны үшін басын бәйгеге тіккен батырлардың есімі де елге елеулі. Осыдан алты жыл бұрын Тараз көшелерінде қырғын салған қандықол қылмыскерді құрықтау кезінде қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімі әрдайым ел жадында. Қарашаның қара суығында келіп жеткен қаралы хабар қабырғаны қайыстырғанмен, батырдың асқақ рухы мен бекзат болмысы жұрт жүрегінде жатталып қалды.
Қоғам тыныштығын күзетуде қыршын кеткен боздақтың рухы көне Тараз шаһарында тағы бір шарықтады. 3 сәуір батырдың туған күніне орай Даңқ алаңында митинг ұйымдастырылып, оған облыс және қала тұрғындары, облыстық балалар мен жасөспірімдер «Полиция академиясы» орталығының курсанттары, сондай-ақ «Айбын» әскери-патриоттық клубының мүшелері қатысты. Жиналған көпшілік әуелі Халық қаhарманы Ғазиз Байтасовты бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті. Содан кейін Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Тілеген Маткенов және Ғазиз Байтасовтың жұбайы Гүлжамал Тәжиева бастаған бірқатар азаматтар Даңқ алаңында орнатылған батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Өз сөзінде полиция генерал-майоры Тілеген Советұлы Ғазиз Байтасовтың ерлігі әрдайым жас ұрпаққа үлгі екенін, ер есімінің ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Ал батырдың жары Гүлжамал Тәжиева Ғазиз Байтасовтың ерлігіне құрмет көрсетіп отырған отырған азаматтарға алғысын білдірді.
«Ғазиз бүгін ортамызда болғанда 46 жасқа толатын еді. Бірақ оның жасаған ерлігі өзінен кейінгі полиция қызметкерлеріне үлгі болды. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Ол өмірімен ерте қоштасса да, Отанын, халқын, жерлестерін қорғады», – деді Гүлжамал Махамбетқызы.
Айта кетейік, Тараз қаласында орналасқан орта және жоғары оқу орындарында, жалпы білім беретін орта мектептерде Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігін насихаттауға арналған «Ерлік сағаттары» өткізілуде. Бұл бастама жастарды патриоттық рухта тәрбиелеп, туған ел тұлғаларын тереңірек білуге баулиды.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы