04 Сәуір, 2017

​Сүрінсең де өмір сүре біл, жеткіншек!

938 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жарық дүниеге келген соң, соған лайықты өмір сүре білу де зор бақыт-ау. «Өмір деген – бір жарқ еткен най­за­ғай, Өмір деген – көк аспанның күр­кі­рі», деп Мұқағали Мақатаев айтып кет­кендей, өмірді бағалай алмасаң, оның да бір жарқ еткен найзағайдай жалт етері де, артынша ізім-қайым жо­ғалары да хақ.

​Сүрінсең де өмір сүре біл, жеткіншек!

Әрине, мәңгілік еш­теңе жоқ. Дегенмен, Алла тағала бұй­ыртып маңдайға жазып қойған  ғұ­мырды аяғына дейін өткеруге не жет­сін!

Біз солай дегенімізбен,  Алла берген өмірді жолдан үзгісі келетін адамдар да баршылық екені жасырын емес. Мә­се­лен, өз-өзіне қол салатындар қатары к­ө­бейіп барады. Бәрінен бұрын сол қа­тар­да жастардың, жасөспірімдердің жиі кө­рінетіні алаңдатады. Қазір суицид деген қатерлі бір дертке айналып тұр. Өз-өзін өлтіру әлемнің барлық түкпірінде орын алған десек те, Қазақстандағы жағ­дай одан да қалыспай көңілге кірбің тү­сі­ре­тін­дігі кім-кімге де ой салса керек.

Ал адамның өз-өзіне қол жұмсауы да − қылмыс. Өйткені, өз өмірін өлімге қию­дың шариғатымыздағы үкіміне келсек, Ис­лам дінінде жазықсыз адамды өлтіру не­месе өзін-өзі өлімге қию – Алланың ашуы мен аса ауыр азабына себеп болатын ауыр күнә. Ендеше, адамның өзін-өзі өл­тіруі де күнә. Ал бұған сол қоғамдық ор­та­ның көз жұма қарауын да ештеңемен ақ­тап ала алмасақ керек.

Суицид – адам бір нәрседен әбден қа­жы­ғанда, шарасыздықтан күйзелгенде, не­месе шешімін таба алмаған бір жағ­дайда душар болып, тығырыққа тірел­ген­де туындайды. Сонымен қатар, оң-солын әлі жетік танып болмаған жасөспірімдер ара­сында жиі кездеседі. Қазақстанда кісі қо­лынан өлгеннен гөрі адамның өзіне-өзі қол салуы көп көрінеді.

Статистика бойынша, әлемде жыл сай­ын шамамен 1 миллиондай адам өз-өзі­не қол жұмсап, 20 миллионнан аса адам өзін-өзі өлтіруге әрекет жасайды екен. Тіпті, әр 40 секунд сайын бір кісі өз жанын өзі қиюда деген дерек те бар. Ал Қазақстан, өкінішке қарай, өзін өзі өлті­ру­шілердің жалпы саны жағынан алғанда әлемде алғашқы үштікте көрінеді. Мә­ліметтерге сәйкес, өткен жылы ғана Қазақстанда кәмелетке толмағандар ара­сында өз-өзіне 200-ге жуық адам қол сал­ған. Бұл − аз сан емес. Бір адамның болса да өз-өзіне қол жұмсауы үлкен қасірет. Бұл неліктен? Қайткенде суицидке жол бер­меуге болады?

Сарапшылар сөзіне сенсек, көп жағ­дай­да жастарды өз-өзіне қол жұмсауға итер­мелейтін нақты себептер анықталмай қала­ды екен. Яғни, көп жағдайда адамның өзін  өзі неге өлтіргені белгісіз қалады деген сөз. Ал енді прокура­тура бер­ген статис­тика бойынша 2016 жылы өз-өзіне қол жұмсаудың себептері: жал­ғыз­бастылық,  туған-туыс және ата-ана­лармен арадағы қарама-қайшылық жағ­дайлары болып анықталыпты.

Қалған өзін өзі өлтіру жағдайларында оның себептері анықталмаған. Жал­ғыз­бастылық дегенде өз-өзіне қол сал­ған 8 адам қоғамнан шеттетілген се­зімде бол­ған екен. Өзін қоғамға да, туыс­қан­да­рына да керексіз деп сезінген адам тірі жүр­генді қаламайтыны белгілі. Десек те, соңғы кездері жасөспірімдерді өлімге итер­мелейтін неше түрлі жағдайлар анық­талып жатқаны жасырын емес. Со­ның ең басында интернет тұр десек, қа­телесе қоймаспыз.

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сай әлемде жылына миллионнан астам адам өзіне-өзін қол салады десек, бұл қайғылы жағдай 2020 жылдарға қарай 1,5 есеге артуы мүм­кін көрінеді. Демек, көп ұзамай өзіне-өзі қол салған адамдардың саны соғыста опат болғандардан асып түспек.

Біздің елімізде суицидке барынша жол бермеу мақсатында түрлі шара­лар қолға алынып жатқаны белгілі. Мем­ле­кет­тік органдар тұрақты негізде балалар мен олардың ата-аналарымен түсіндіру, ал­дын алу жұмыстарын, соның ішінде өз-өзіне қол салуға бейім жандарды алдын ала анықтау бойынша жұмыстарды жүр­гі­зетінін атап өткен жөн. Кесірлі  бірқатар әлеу­меттік желілер бұғатталды. Осындай жұ­мыстардың нәтижесінде соңғы 5 жыл ішінде өз-өзіне қол  салу оқиғалары 17 пайызға азайған.

Мәселен, өткен жылы өз-өзіне қол салу­дың саны 201-ден 175-ке, ал өзінің өмі­рін қиғысы келгендер 485-тен 411-ге тө­мендеген. Біздің елде қыз балаларға қара­ғанда, ер балалар өз-өзіне жиі қол жұм­сайды екен. Бірақ өзін-өзі өлтіруге ниет танытқан қыздар саны ер балалардан 80 пайызға жоғары тұрған кө­рінеді. Сондықтан көп жағдайда жет­кін­шектер арасындағы күйзеліс пен са­рыуайымға салыну ақыры қасіретке соқ­тыруы мүмкін, дейді мамандар. Ен­деше, жастарға «...Өкінбе, өкпелеме, бү­гініңе, Өмір, өмір! Болмайды түңілуге, Мәң­гі сені жазбаған сүрінуге, Қайта тұ­рып, қақың бар жүгіруге», деп Мұ­қа­ғали ақын жырлағандай, екі рет өмір беріл­мей­тіндігін, өзіңді кінәлі сезіну сананы то­қырататындығын, сүрінсең де қайта тұру керектігін, сондықтан түңілуге болмайтындығын естен шығармау қажет дегіміз келеді.

Александр Тасболатов,

«Егемен Қазақстан»