Не өзгерді яки өзгеру керек еді?
Ширек ғасыр ішінде ұлттың рухани сапасы түледі (ме?)... Ұрпақтың тарихи санасы алмасты (ма?)... Өлшемдер мен құндылықтар өзгерді (ме?)!
Бірақ, 1990 жылдарға, тіпті 1985-89 жылдарға тән тақырып неге әлі өзекті? Мысалға, тіл тақырыбы...
Анығы мынау: «Қазақ тілі құрып барады, мемлекеттік тілдің тағдыры алаңдатады...» деген жалаң ұраннан бас тартуымыз керек. Ол күлкі шақыратын популизмге айналғалы қашан...
Бірақ, ана тілімізге өзіміз өмір сүріп отырған ортада құрмет көрсетілуін қуаттаймыз әрі талап етеміз! Бұл – талқыланбайды! Бұл – патриотизм!
Үй сыртында ХХІ ғасыр екендігін естен шығармайық. Қазір адамзат ғылым мен техниканың жетістерін меңгеріп үлгермей жатыр. Ғылым мен техниканың ықпалына алдымен тілді бейімдеу мен күшейтуге жұмыс істеу – уақыт талабы! Бұл жердегі мәселе – қазақ тілінің әлемді өрмекшінің торындай шырмаған компьютерлік технология кеңістігінде қалай дамып отырғандығында. Рас, қазақ тілі интернет тіліне айналған жоқ. Ол мүмкін де емес шығар. Өйткені, компьютерлік технологияда тек қана ағылшын тілі басымдық мәнге ие. Уақытша шығар деген «арам ой» бар. Ол енді басқа әңгіме әрі басқа ұрпақтың еншісі...
Бірақ, ғаламтордағы тұтыну, іздеу қызметіндегі қолданыс тілдерінің арасында қазақ тілінің болуы – үлкен мәртебе! Есімізде болса, Google іздеу жүйесінің аударма қызметіне қазақ тілі толықтай қосылды. Бұл отандық мамандардың табысы. Бірақ, осы тұрғыда мәселе бар. Ол интернеттегі қазақ тілді мәліметтердің саны мен мазмұндық сапасына қатысты. Керек ақпараттардың дерекқоры жұтаң. Көп жағдайда мағыналы ақпарат табу қиындық тудыруда.
Үміт те әрине, бар: ғаламторда жылдан жылға қазақ тілді сегментті тұтынушылар артып келеді. Соған лайық, ұлттық құндылықтардың да дерекқоры толығып отыр. Мысалға, бұған дейін өзім қызмет атқарғанмын, білемін, Алматыдағы Ұлттық кітапхана құрылымында құжаттарды цифрлы түрге көшіру орталығы жұмыс істеп жатыр. 2013 жылдан бері орталықта кітаптар электронды пішімге көшіріліп, электрондық басылымға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Аз жыл бұрын 20 мыңнан астам басылымның 2 миллионнан астам беті электронды түрге көшірілгенін көзіміз көрген. Сайып келгенде, осының бәрі интернеттен іздеуші оқырман мүддесі, қазақ тілінің игілігі үшін жасалып жатқан жақсылықтар.
Сондай-ақ, қазіргі күні адамның ажырамас бөлшегіне айналған ұялы телефон құралдарына да қазақ тілінің қажеттілігі артып келеді. Кейде, мына бір шағын телефондардың қолданыстағы тілдік бағдарламаларының қатарында ана тіліміздің де жүргеніне мақтануымыз керек сияқты. Бірақ, клиент құқығын сыйлайтын кез-келген өнім өндіруші ең алдымен сол тұтынушының дәстүрлі құндылықтарын бағалауы тиіс. Демек, гаджет өндірушілердің телефон интерфейсіне қазақ тілін енгізуін мемлекет пен оның тұрғындарына деген құрметі деп білген жөн. Қазір смартфондар үшін қазақ қаріптерін қолданудың еш қиындығы жоқ.
Мұны неге айтып отырмыз? Мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясы туралы көп жағдайда жалаң айыптаулар айтылып жатады. Ал, жетістіктер туралы, оның ішінде қазақ тілінің жаһандық деңгейде табысы жайында ескерілмейді. Бұл «Тіл құрып барады...» дегеннен әлдеқайда нанымды себеп емес пе?
Қазір әлемде санаулы адамдар ғана сөйлейтін 50 шақты тіл бар екен. Демек, сол жекелеген адамдарға 50 тілдің тағдыры байлаулы тұр. Шүкір, қазақ тіліне қазір ондай қауіп төніп тұрған жоқ. Біздің ендігі міндетіміз тіліміздің мол қорын келешек ұрпаққа мұра етіп қалдырудың жайы болса керек. Соның бір сүбелі жағы – әліпби таңдау! Еліміздің латын әліпбиіне көшуі жайлы бұрындары жиі талқыланып жүрген-тін. Бір анығы, латын қарпіне көшу талабы ұзақ мерзімді бағдарлама ретінде жүзеге асырылып жатқан сияқты еді. Ендігісінен бейхабармыз... Бірақ, елдегі мемлекеттік тілдің мәселесі өршіп тұрған тұста да біз латын әліпбиіне көшуді тездету керек деп санаймыз.
Неге латын тілі?
Латын – әлем өркениеті мен техникалық прогрестің әліпбиі. Ал...
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»