Қазақстан • 05 Сәуір, 2017

Түркітілдес елдер бірге тірлік етпек

211 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана қаласында Түркiтілдес елдердің іскерлік кеңесiнiң бесiншi отырысы өтті. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған шараға кеңеске мүше Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Қазақстан мемлекеттерінің бизнес өкілдері қатысты. Жиында алдымен Қазақстан мен Түркия арасындағы бірлескен сауда-өнеркәсіп палатасын құру туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат елімізден Қара теңіз жағасына бұрынғыдай шикізат қана емес, дайын өнiмдердi де экспорттауға мүмкiндiк бермек.

Түркітілдес елдер бірге тірлік етпек

Отырыстың ашылуында «Ата­ме­кен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов сөз сөйлеп, түркі елдері­нің сауда-экономикалық бай­ланыс­тарын жақсартуды көздей­тін жаңашылдықтар, саладағы кедер­гілерді төмендетуге және жүктерді жедел өткізуге бағытталған кедендік ресімдеудегі өзгерістер жайында айтып берді. «Біз шарамызды қазақ­стандық-түркиялық бірлескен сауда-өнеркәсіп палатасын құру туралы меморандумға қол қоюмен бастадық. Оған әріптестеріміздің де қосылатындығына сенімдімін. Әзербайжан мен Қырғызстандағы әріптестеріміз қосылса, біз бірлесе жұмыс істейтін бірыңғай платформа жасар едік», деді А.Мырзахметов. 

«Атамекен» ҰКП басқармасының төрағасы палатаның қатысуымен барлық өңірде кедендік ресімдеу аймағы құрылатындығын жеткізді. «Бұл туралы шешім қабылданды. Премьер-Министр Бақытжан Са­ғынтаев облыстарға ұсыныс жасау­да. Кедендік ресімдеу аймақтары стандартқа сай, бизнеске ыңғайлы болуы үшін «Атамекенге» қарамақ. Біз жеке инвесторлармен бұл жұ­мыс­ты жүзеге асыруымыз қажет. Нә­ти­­жесінде палатаның беделі мен мүм­­кіндігі көтеріле түседі», деді Абы­лай Исабекұлы. Оның сөзіне қара­ғанда, Үкімет басшысы кеден арқылы жүктердің жедел өтуі жұмыстарын жеке бақылауында ұстап отыр. Кедендік кедергілерді, әсіресе, Ақтауда түбегейлі жою жөнін­дегі жоспарға қол қойылған. Нәти­жесінде, құжаттар саны қысқар­тылып, ветеринарлық және фитоса­ни­тарлық бақылау жүзеге асырылатын болды. Ең бірінші кезекте Ақтау мен Қорғастағы кедендік инфра­құрылым жақсартылады.

Басқосуда Түрік Республикасы Сауда палатасы мен тауарлы биржа одағының президенті Рифат Хисард­жык­лыоглу, Әзербайжан Респуб­ликасы Кәсіпкерлердің ұлттық кон­ференциясы президенті Мәмед Мұсаев және Қырғыз Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Марат Шаршекеев сөз сөйледі. Олар кеңес жұмысын, биз­нестегі ынтымақтастық, экономи­калық бағыттардың дамуын талқылады.

Жиын барысында «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы бас­қарма төрағасының орынбасары Нұр­жан Әлтаев үлкен нарықтарға шығу үшін түркі елдерімен серіктесу маңызды екенін әңгімеледі. «Өзбек, әзербайжан, қырғыз және түрік әріп­тестерімізбен барынша байыпты түрде серіктесуіміз қажет. Әсіре­се, біздің әзірше тәжірибеміз жоқ бір­қатар өнім түрлері бойынша жұмыс­тарды жандандырған жөн. Мәсе­лен, біз ешқашан өндірмеген өнім Түркияда бар. Біз олармен серік­­тесіп, тәжіри­белерін, технология­ларын алуы­мыз керек. Түріктер мұн­дай се­ріктес­тікке дайын», деді Н.Әлтаев.

Палата өкілінің сөзінше, Ресей мен Қытай сияқты iрi елдерден түсетін сұранысты қанағаттандыру үшін Қазақстан көрші елдермен бiрiгiп жұмыс атқарғаны абзал. Айталық, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзер­байжан және Түркия мемлекет­терімен тiлiмiз ұқсас, мәдениетiмiз, дiнiмiз бір. Осы елдермен кооперацияланып, жақын iрi нарықтарға жол ашу керек. «Қытай мен Ресей­ден азық-түлікке сұраныс өте жо­ғары. Ал Қазақстан оны қанағат­тан­дыра ал­май отыр. Сол себептен Қазақстан Түр­киямен бiрiгiп, ж­обалар жасау­да. Сондай жобалар­дың бiрi – тер­мия­лық өңделген тауық аяқтары өнi­мiнiң өндiрiсi. Біз мұ­нымен Қытай нары­ғын қамтама­сыз етеміз», деді Н.Әл­таев. Оның ай­туынша, жақын ара­да Түркітілдес мемлекеттердің іс­кер­лік кеңесіне Өзбекстан да кір­мек.


Асхат РАЙҚҰЛ
«Егемен Қазақстан»