Әрине, елімізде тұратын өзге этнос өкілдері балаларының қазақ мектептеріне оқуға құлшыныс танытуы сүйінішті жайт. Алайда, олардың бәрі де жер шарының өзге бір қиырынан Қазақстанға топ етіп түсе қалғандар емес, қазақстандықтар екенін онша ескере бермейтін секілдіміз. Сондықтан, қазіргі кезде мұндай мәселеге таңдай қаға бермей, оған қалыпты әрі солай болуға тиіс үрдіс тұрғысынан қарайтын уақыт келген сияқты. Егер нақты деректер мен дәйектер қажет болса елімізде «Мың бала» атты жоба қолға алына бастағанын да айта кетуге болады. Мәдени-ағарту бағыты мен сипатындағы жарқын жобаның басты ұйытқысы – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Мұндағы басты мақсат – елімізде тұратын өзге этнос өкілдері балаларының мемлекеттік тілді меңгеруіне жол ашу, оған ықпал жасау болмақ. Осынау ізгілікті істің алғашқы нәтижелеріне де көңіл толатындай. Интернет деректері мен Ассамблея сайтына көз жүгіртсек, бүгінгі күні өзге этнос өкілдерінің 110 мыңға жуық баласы мемлекеттік тілді меңгеріп шыққанын көреміз. Бұл тұтастай еліміз бойынша алғандағы дерек, жағымды жайт. Ал бүгінгі әңгімеміздің басты арқауына айналған мәселенің жай-күйі Ақтөбе аймағында қандай деңгейде? Осынау сауалды Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарушы хатшылығының меңгерушісі Бұлбұл Елеусіноваға қойған едік. Оның қайтарған жауабының түп-төркіні төмендегідей болып шықты.
Өңірде 18 ұлттық этно-мәдени орталық тіркелген. Олардың жанынан ашылған жексенбілік мектептер он бір жылдан бері жүйелі әрі тұрақты кесте бойынша қызмет атқарып келеді. Көрсетілген қоғамдық оқыту жүйелерінде биылғы оқу жылы оқытудың сапасы мен мемлекеттік тілді меңгертудің тиімді де, оңтайлы әдістеріне көңіл бөлінген. Қазіргі күні 240 балаға мемлекеттік тілде дәрістер оқылуда. Сонымен бір мезгілде этнос өкілдерінің өз тілдерінде де дәрістер тыңдалады. Бұл іс бюджеттік қаражат және әлеуметтік тапсырыс есебінен жүзеге асырылуда. Тағы бір айта кетерлік жайт, елімізде тілдерді оқыту мен меңгерту ісі тек бір ғана «Мың бала» жобасы есебінен жүргізілмейтіні. Бұл жөнінде тұтастай ел бойынша дерек қолымызда болмағанымен, өңірде басқа ұлттардың ішінен 636 бала қазақша оқып жүргенін қапысыз айта аламыз. Сонымен бірге, қазақ тілінде тәрбиелейтін мектепке дейінгі мекемелерде 600-ге жуық тәрбиеленуші бар екені де басы ашық мәселе. Мұның өзін біріншіден, ата-аналардың қалауы мен парызы, Конституция бойынша еркі әрі мемлекеттік тілдің болашағына деген сенімі деп қабылдағанымыз жөн. Екіншіден, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымы жетекшілері де өзге ұлт этностары арасында мемлекеттік тілге деген қызығушылықты оятуға және тереңдетуге мұрындық болып жүргенін байқадық. Осы орайда жыл сайын олардың бастамасымен өзге этнос өкілдері арасында ұйымдастырылып жүрген «Абай оқулары», «Тіл – тұнық ойдың кәусары», «Мемлекеттік тіл – менің тілім» тәрізді байқаулар мен дөңгелек үстелдердің де тигізген септігі аз болмағаны аңғарылады. Бұл жөнінде газет тілшісіне белгілі қаламгер, қазақ тілі қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Жанғабыл Қабақбаев айтып берді.
Медальдың екі жағы бар. Елімізде аз ұлттың өкілдеріне өз тілдерін үйренуі де жан-жақты мүмкіндіктер туғызылғаны – Елбасымыздың сарабдал саясаты мен мемлекетіміздің ізгілігін айқын көрсетеді. Республикамызда 48 мектепте оқыту этностар тілдерінде жүргізілетіні, бұдан бөлек 160-тан астам жексенбілік және лингвистикалық мектептер жұмыс істейтіні алдыңғы пікірімнің дәлелі. Қазақстаннан өзге таяу және алыс шет елдердің тәжірибесінде этностардың туған тіліне деген мұндай қамқорлық пен қолдау көрінісі кездесе бермейді. Осы арада қазағымыздың қасиетті тілі үшін бар күш-жігерін жұмсап жүрген Жанғабыл Қабақбаевтың ой-пікіріне нақты бір мысал мен дәлел келтірудің де орайы келіп тұр. Ресейдегі қазақтар тығыз қоныстанған шекаралас аудандарда жетпісінші жылдардың бас кезіне дейін қазақ мектептері жұмыс істегені мәлім. Соның бірі Саратов облысының Александров-Гай ауданында болғанына куә бола аламыз. Алайда, бұл мектеп жоғарыда аталған кезеңде жабылып қалды. Бүгінде көрші елден бірде-бір қазақ сыныбын таппайсыз. Ал тіл жанашыры айтқандай, мемлекетімізде 48 мектепте оқыту этностар тілдерінде жүргізілуі мемлекетіміздің ізгілік жолындағы қадамының тағы бір айқын айғағы.
Сөз соңында еліміздегі өзге этнос өкілдері балаларының қазақша оқуға ден қоя бастағаны қазақстандық біртектілікті қалыптастырудың бір тұтқасы екенін айтқымыз келеді. Осы материалды жазу барысында Ақтөбе қаласының іргесіндегі Бекқұл баба ауылындағы қазақ мектебінің тоғызыншы сыныбында оқып жүрген облыстағы 636 өзге этнос өкілі баласының бірі Артур Мирошниченконы сөзге тартқан едік. Ол өз тілегін бұлайша жеткізді:
– Қазақ мектебінде оқып жүргенімді мақтан тұтамын. Баламыз қазақ мектебінде оқысын деп ұйғарым жасаған ата-анама да осы киелі тілдің әліппесін ерінбей-жалықпай үйрете білген ұстазым Жанна Шатыбаеваға да ризашылығым шексіз. Мен өзімнің болашағымды жаныма жақын қазақ тілімен байланыстырамын. Оны үйрену мен меңгеру ауыр әрі күрделі дейтіндер мүлдем қателеседі. Керісінше қазақ тілі ұғынуға өте жеңіл. Өз басым Абай атамыздың өлеңдерін мәнерлеп, нақышына келтіріп жатқа оқығанды жақсы көремін...
Елімізде Артурдай қазақ тілінің қадір-қасиетін терең сезіне алатын жас ұрпақтар көбейе берсін демекпіз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы