Руханият • 05 Сәуір, 2017

237 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

М.Хэнкок Пармер: Сайрам өмірі Орта Азия тарихын зерттеуіме мүмкіндік берді

Жақында әлеуметтік желіде дастархан басында достарымен қазақша шүйіркелесіп отырған америкалық отбасын көріп қалдым. Әдепкіде таң қалғанмын. Қызық алда екен. Олардың Ақмарал, Жансамал, Құралай есімді үш қызы бар болып шықты. Америкалық отбасының қазақша есімдерді неліктен таңдағанын білгім келіп, отағасы Майкл Хэнкок-Пармермен желі арқылы хат жазыстым. Сөйлесе келе Майклдың қазақ тарихын зерттеп жүрген тарихшы екенін білдім. Ол әлемдегі 100 үздік жоғары оқу орны қатарындағы Индиана университетінің (АҚШ) PhD докторанты екен. Магистрлік жұмысының аясында, қазақ-жоңғар қатынасы, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» тарихына қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізген. Жары Терезамен де Қазақстанда танысқан екен.

− Ақмарал, Жансамал, Құралай есімді үш қызыңыз бар екен. Неліктен қазақ есімдерін таңдадыңыздар?

– Мен АҚШ-тың Мичиган штатының тумасымын. Көп балалы отбасынан шыққанмын. Колледжді бітірген соң, әлем еріктілерінің қатарында қызмет еттім. Ерікті бола жүріп, Өзбекстанда алты ай тұрдым. Кейін екі жыл Қазақстанда ауыл мектептерінде ағылшын тілінен сабақ бердім. Мұғалім болып жүргенде, жұбайым Терезамен таныстым. Ол да мен сияқты ерікті болып, Қызылорданың Шиелі ауданында сабақ беріп жүр екен. Сөйтіп көңіл жарастырып, отбасын құрдық. Ұлт мәдениетімен таныса келе, қазақ есімдері оны ерекше қызықтырды. Дүниеге қыз бала келетін болса, есімін Жансамал, Құралай қоямыз деп айтып жүретін. Тілегіміз орындалды. Үшінші қызымызға Ақмарал есімін таңдадық. Жалпы, қазақ ұғымында марал – киелі аң. Қыздарымыз көрікті, әдемі болсын деп ырымдап қойдық.

– Жалпы, есімдер әлемнің тілдік және мәдени бейнесін құраушылардың маңызды ұлттық бірлігі саналады. Америкалықтар есім қоюда, таңдауда қандай ерекшеліктерге сүйенеді?

– Бiзде әкесінің есімін тіркемейді. Бірақ мағыналы екі есімді қосарлап қоямыз. Мысалы, Жансамалдың толық аты-жөні – Jansamal Lorraine Hancock-Parmer. Үлкен әжеміздің есімі Лорейн − Жансамалдың екінші есімі. Дәстүр бойынша жақын туысымыздың есімін балаға қойып жатамыз.

– Қазақ және ағылшын тілдеріндегі есімдердің құрылымы тұрғысынан айырмашылықтары мен ұқсас тұстары туралы айтып беріңізші.

– Жалпы алғанда бөлек құрамдар жоқ. Мысалы, Тереза деген ат еврей тiлiнен келген, оның мағынасы «орақшы» дегенді білдіреді. Бірақ мұны көпшілік біле бермеуі мүмкін. Осыдан 500 жыл бұрын испаниялық киелі әйел өмір сүрген еді. Жұбайымның есімі осы тұлғаның құрметіне қойылған. Көбіне есім таңдағанда мағынаға аса мән беріп жатпайды.

– Сайрам елдімекенінде сабақ бердіңіз, жергілікті халықпен араластыңыз. Алғаш келген сәтте ауыл өмірінен не нәрсе таңқалдырды?

– Сайрамның тарихы тереңде. Мұнда Қазақстанның өзге аймақтары сияқты кеңестік кезең белгілері анық көрінеді. Алғаш келген күні ауылда той болып жатыр екен. Көп шай ішіліп, аста-төк дастархан жайылды. Би биледік, қонақжай дархан пейілді көрдік. Әдемі кілемдер, мол дастархан бізді қатты таңғалдырды. Жергілікті халық көп тамақтанады екен деп ойладық. Палаудан дәм татып, қымыз іштік. Осы жерде қазақ тілін үйрендім. Сайрам өмірі Орта Азия тарихын зерттеуіме мүмкіндік берді.

Зерттеу жұмысымда бұрын-соңды кездеспеген архивтік материал кездесті. Көптеген ескі оқиғалар мен фактілердің назардан тыс қалғанын байқадым. Аталған оқиғалар мен деректер кеңестік және жаңа ғасырдың үлкен тарихшылары тарапынан өзгертілген. Мысалы, І Петрдің Бұқара мен Парсыға жіберген елшісі Флорио Беневеннің күнделігі, дипломатиялық және басқа да жазбалары бар. Оның жұмыстары тарихшылар арасында өте танымал болғанымен, елші 1722 жылы болған деп көрсететін «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасына қатысты деректер назардан тыс қалған. Одан бөлек, Петрдің Жоңғариядағы елшісі Иван Унковскийге қатысты да деректер кездеседі. Еңбекте Қытайдағы Жоңғар тұтқындарынан жинақталған мәліметтер топтастырылған. Онда 1720-1721 жылдары қазақ пен қырғыздардың жоңғарларға қарсы бірлескен ауқымды, жойқын шабуылы туралы айтылады.

− Кеңестік кезеңде тарих бір жақты зерттеліп келгендігі айтылады. Бүгінгі Қазақстандағы тарих ғылымының зерттелу деңгейі туралы не ойлайсыз?

– Кез келген елде саяси құбылыстарды бұрынғы, қазіргі және болашақтың байланысын айқындай отырып қарастыратын болғандықтан, тарихтың өз рөлі болады. Өйткені әр елге өзiнiң идентификациясы өте маңызды нәрсе. Мысалы, Уильям Шекспир Aнглияның ұлы драматургі, әлемге әйгілі ақыны. Aбай сияқты Шекспирді «ұлттық қазына» санап, Aнглиядағы бiлiм жүйесі көп мақтайды. Бұл тұлғалар АҚШ-тағы Абрам Линкольн, Джордж Вашингтон, Томас Джефферсон сияқты. Бірақ олардың өмірлерін өзгерткен күштерге емес, өздеріне ғана назар аударуымыз біржақтылық деп есептеймін.

Ал бүгінде жоңғар шапқыншылығының көп айтыла беруінің екі себебі бар. Бірінші, Қазақстанның жоңғар басқыншылығына қарсы Ресей патшалығы мен Қазақ хандығының арасындағы бірлескен саяси байланыстарын түсіндіру. Екіншіден, қазір жоңғар мемлекеті жоқ. Сондай-ақ aмерикалық ғалымдар қазір 1930-жылдар туралы зерттеп келеді. Мысалы, Йель университетіндегі (АҚШ) Сара Кэмеронның «Бетпақ дала» тақырыбындағы диссертациясы жақында басылып шығады. Осы зерттеу еңбегінде қазақ даласындағы аштық туралы жаңа мәліметтер айтылған.

– Қазақ-жоңғар қатынастарын зерттеуге қатысты қалыптасқан қазақстандық және шетелдік ғылыми әдістеменің артықшылықтары мен кемшіліктері неде деп ойлайсыз?

– Тарихи дерек көздерiнiң тiлiн бiлмейтiн ғалымдар көп. Мен де ойрат тiлiн бiлмеймiн. Қазақ-жоңғар кезеңiн зертеу үшiн кемі 5 тiл бiлу керек, яғни орыс, түрiк (ескi қазақ, өзбек, татар, араб әлiпбиімен жазылған), манчжур, ойрат, парсы тілдері қажет.

– Қазақ халқының тарихты сақтаудағы бағыттарының бірі ауызша тарих екендігі белгілі. Ауызша тарих өткен замандағы оқиғаларды жаңғыртуда, тарихқа объективті баға беруде қаншалықты сенімді?

– Aуызша тарих – өте маңызды. Мысалы, жоңғар шапқыншылығы кезіндегі ауыр кезеңді суреттейтін «Елім-ай» әнінің ауыздан-ауызға тарап жеткен түрлі нұсқасы бар. Ән мәтіні неге өзгерді? Өзгеруі керек те. Себебі әр заманда орындаған адамдардың өз жанынан қосатын пікірі бар еді.

http://hancockparmer.blogspot.com/2014/11/elim-ai-investigation.html)

Ресейдің тарих ғылымы батыстық ұстанымдарға қарағанда, ауызша тарихқа сыни көзқараста. Дегенмен, ауызша дереккөздер жазбаша мәліметтер қамтып жүрген дәл сондай сұрақтар мен зерттеулерге жауап беретіндей маңызды екенін түсінуіміз керек. Бұл дегеніміз, егер 1500 жылы болған оқиға туралы алғаш рет 2016 жылы жинақталған дереккөзден оқитын болсақ, «тарихи жад» айғақ тұрғысынан шектеулі. Дәл осылай, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасы туралы 1880, 1930, 1970 жылдары жарық көрген ақпараттар жинағы уақыт пен кезеңнің ықпалына ұшырайды. Негізінен, ашаршылық зардабы мен «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» туралы айтқанда, сол заманнан жеткен, шындықтың көзін көрген ақпараттарды күтеміз. Осы орайдағы ең жақсы мысал ретінде, Мұхамеджан Тынышпаевтың тарихты ауызша баяндауын қатты сыйлаймын. М.Тынышпаев өзі жинақтаған деректерге қатысты ақпараттарда барынша шынайылық танытқан. Оның әкесінен естіген әңгімелері, темір жолда қызмет еткен уағында кездескен куәгерлерден естіген оқиғалардың жиынтығы, одан бөлек елді мекендер атауын түсіндіруге тырысқан мәліметтері өте құнды. Қолжазбалардан архивте жоқ небір деректерді кездестірдім. Ол орыс тілді қауымға «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» туралы мәліметтердің алғаш рет таралу ауқымын көрсететін маңызды көрініс.

 Қазақстан тарихы үшін енді айтылуы тиіс нәрсе – қазақ-жоңғар қатынасы мен ата-тектері турасында болуы керек. Қазақ пен жоңғар мәдениеті ұқсас келеді. Салт-дәстүрі ұқсастығын былай қойғанда, мағыналас сөздер бар (мысалы, «құда», «барымта» т.б). Бүгінде «жоңғар жоқ» деп айтсақ, қателесеміз. Өйткені қазақ арасына сіңісіп кеткен жоңғар ұрпақтары көп. Қазақтар ғана емес, қырғыздар, Қытайдағы моңғол тектерінде жоңғарлардың туыстық ізі бар.

Әңгімеңізге рахмет!

Ая ӨМІРТАЙ,

журналист

Майклдың Қазақстан тарихына қатысты жазбаларын мына сілтеме арқылы оқуға болады. http://hancockparmer.blogspot.com/