Шарада елшілер мен кәсіпкерлерге Елбасы тапсырмасына сәйкес жасалған Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты мен міндеттері таныстырылды.
Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов өз сөзінде АӨК-ті дамытудағы экспорттық және инвестициялық мақсаттарда екі ведомствоның қызметтерін қосу және бағыттау үшін АШМ мен СІМ арасындағы қол қойылған бірлескен іс-шаралар жоспары туралы айтып өтті. Сонымен қатар, министр жаңа жаһандық даму кезеңінде Қазақстанда агроөнеркәсіптік сектордың қарқынды дамуына ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді.
Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов дипломаттар мен халықаралық бизнес қауымдастығы өкілдеріне жаңа мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға белсенді қатысуға шақырып, Қазақстанның Еуразияны астықпен қамтамасыз етуге және экологиялық таза тамақ өндіретін ірі өндірушілердің бірі болуға барлық мүмкіндігі бар екендігін атап өтті.
Жиында инвестициялық климатты жақсарту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан трансұлттық компаниялардың қатысуымен Қазақстанның экспорттық тауарларын әлемдік нарыққа шығаруға бағытталған жұмыстары жүргізіліп жатқаны да кеңінен сөз болды.
Бүгінде Трансұлттық компаниялардың қатысуымен 4 жоба таңдап алынды. Бұл жобалар ет, сүт өнімдерін өндіру, өңдеу өнеркәсібі және өсімдік шаруашылығы (қызанақ пастасын өндіру) салаларына тиесілі. Трансұлттық компаниялардан басқа, АӨК саласында шетелдік инвесторлардың қатысуымен тағы 40-қа жуық жобалар бар. Инвесторлардың басым бөлігі Ресей, Германия, Түркия, Украина, Оңтүстік Корея, ҚХР және Франция мемлекеттерінен.
2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы бойынша отандық тауардың экспорттық әлеуетін арттыру және ішкі нарықты толтыру көзделген. Нақтырақ айтар болсақ, 2021 жылға қарай экспорт көлемі 0,8-ден 1,5 млрд долларға көбеймек.
Асқар Мырзахметов Қазақстанға шет мемлекеттермен іскерлік қатынасты дамыту және нығайту мүмкіндігін беретін стратегиялық құжаттардың маңыздылығын айта келіп, елшілер қойған сауалдарға кеңінен жауап берді.
Айта кетейік, жоғарыда аталған бағдарлама бойынша, азық-түлік тауарларының экспортын 2021 жылға дейін 40 пайызға арттыру үшін әр жылға арналған нақты көрсеткіштер міндеттелген.
Бауыржан МҰҚАНОВ,
«Егемен Қазақстан»